Х.Санбаев атындағы орта мектебінің акт залында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына арналған әскери-патриоттық клубтардың аудандық көрме-сайысы өтті.
Сайыста аудандық білім беру ошақтары үш кезең бойынша өзара бақ сынасты. Алдымен "Менің әскери роботым" аталымы бойынша қозғалмалы модельдер нысанадағы роботтар - ұрыс жағдайында адам өмірін сақтау немесе адамның мүмкіндігіне сәйкес келмейтін жағдайларда жұмыс жасау үшін адамды ауыстыратын, әскери мақсаттарда: барлау, жауынгерлік іс-қимыл, жарылғыш заттарды залалсыздандыруды жүзеге асыратын роботтехникалар таныстырылды.
Ағаш пен картоннан, пластмасса сияқты қарапайым дүниелерден құрастырылған бұйымдарға кейбір оқушылар тіпті пернетақтаның батырмаларын да пайдаланған.
"Әскери мақсаттағы макеттер" кезеңінде шәкірттер өз қолдарымен жасаған әскери техникалар, қару жарақтар, кемелер, ұшақтар мен танктердің сондай-ақ, әскери көліктердің қалыптары көрсетілді. Жеңістің 75 жылдығына арналғасын ба, балалар сол зұлмат кезеңдегі әскери техникалар мен қару жарақтарды да көрмеден қалыс қалдырмапты. Өздерінің жасап жатқан жұмыстарын бейнеролик арқылы баяндау жарыстың үшінші кезеңіне тиесілі болды.
Жасөспірімдерге әскери-патриоттық тәрбие беру және алғашқы әскери дайындық жұмыстарын жетілдіру мақсатында өткен сайыстың қорытындысы бойынша бірінші орынды батырдың есімін алған М.Баймұханов атындағы орта мектептің командасы жеңіп алды. Олар енді аудан намысын облыс көлемінде қорғамақ.
Екінші орынға Х.Санбаев атындағы мектептің "Жас сарбаз" сыныбы жайғасса, үздік үштікті Бәйгетөбе мектеп-бөбекжай кешенінің шәкірттері мен доссорлық А.Құнанбаев атындағы орта мектептің оқушылары түйіндеді. Сондай-ақ, жарыс жолында ерекше көзге түсіп, өзінің жасағанын өте жақсы таныстыра білген Русланов Рамазан мен Балтабек Ақниет арнайы алғыс хатпен марапатталды.
Әзірге макет құрастыруға машықтанып жүрген шәкірттеріміздің бойындағы талпынысы жоғары. Енді осы қабілеттерін жеділдіре түссе, ғылым саласының тұтқасын ұстайтын ғалымға айналуы ғажап емес.
А.САДЫКОВ,
суреттер автордікі