Мақат балалар өнер мектебі құрылғаннан бері онда тәрбиеленген шәкірттер алыс-жақын шетелдерде, республика деңгейінде өткен байқауларға қатысып топ жарып, жүлдегерлер қатарынан көрініп келеді.
Талай дарынды өнерпаздарға қанат қақтырған өнер ордасынан биыл 42 жас түлек түлеп ұшты.
Мақат балалар өнер мектебінде ашық аспан астында «Қош бол, өнер мекені» атты куәлік тапсыру салтанатты жиыны өтті.
Биылғы оқу жылын өнер мектебі 323 оқушымен аяқтаса, оның 163-і озаттар қатарынан көрінді. Алты мамандық бойынша оқуын аяқтаған 42 түлектің 29-ы қарашаңырақты үздік аяқтап шықты. Шәкірттер домбыра-тенор, қобыз-прима, күйсандық, дауыс қою, хореография және бейнелеу өнері мамандығы бойынша аяқтады. Арасында екі мамандықты қатар аяқтаған оқушылар да бар.
Түлектер – облыстық, республикалық, халықаралық деңгейдегі көптеген байқаулардың жүлделі орындарын бағындырып жүрген оқушылар.
«Бес жыл ішінде мәдениеттілікті бойға сіңірумен қатар өнерге бір табан жақындадыңдар. Өмір жолында өнер көгінде биік асуларды бағындыра беруіңізге тілектеспін», – деп тілегін жеткізді мектеп басшысы Дәулеткерей Маулекенов.
Ұстаздары шәкірттеріне өздері серік еткен аспаппен, өнер әлемін бағындыратынына сенім білдірді. Ал, мектеп түлектері тәлім-тәрбие берген ұлағатты ұстаздарға алғыстарын жеткізді.
М.Ізтұрғанова