Мақат ауданында соңғы қоңырау салтанаты ашық алаңда 9 және 11 сынып оқушыларына ғана өткізілді. Талай түлектерін қияға ұшырған Х.Санбаев атындағы орта мектебінде өткен салтанатты шараға арнайы қатысқан аудан әкімі Шәкір Кейкин түлектерге сәт сапар тіледі. Ауданның білім саласы мен осы мектептің жетістігін айта келе ардақты ұстаздарға, жас түлектерге деген ізгі тілегін білдірді.
Оқушылардың оқу жылын аяқтауына орай соңғы қоңырауға арнайы қонақтар да шақырылды. Олардың қатарында аудандық білім беру бөлімінің басшысы А.Долдашев, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрғасының бірінші орынбасары Ә.Қаржауова, аудандық аналар кеңесінің төрайымы К.Әлишева, аудан әкімі аппаратының басшысы Б.Жайкин және ардагер ұстаздар болды.
Салтанат барысында түлектер ұстаздарға ақ тілектерін жеткізіп, оларға деген шексіз құрметін білдіру мақсатында әдемі гүл шоқтарын сыйлады.
Ата-аналар да мектеп ұжымына алғыстарын білдіріп, мектеп бітірушілердің болашақтарына сәт сапар тіледі.
Кейін 1 сынып оқушыларымен бірге мектеп түлектері дәстүрлі түрде соңғы қоңыраудың сыңғырын қағып, қоштасу вальсін биледі.
Шара соңында мектеп түлектері ұшырған ақ көгершіндер мен түрлі-түсті шарлар жиналғандарды ерекше көңіл-күйге бөледі.
Айта кетейік, биыл аталмыш мектепте 1157 оқушы білім алды. Олардың 233-і оқу озаттары қатарында болса, екпінділер саны – 412. Оқушылардың білім сапасы 61,1 пайызды құрап отыр.
Биылғы жылы мектепті 70 түлек бітірсе, оның ішінде 5 «Алтын белгі» және 6 «Үздік аттестат» белгісіне үміткер бар.
Мөлдір Ізтұрғанова
Суреттер автордікі