Аудан төрінде Атырау облысы Жастар саясаты мәселелері басқармасының Жастар жылы аясында «Ақсұңқар» қоғамдық бірлестігімен ұйымдастырылған «Атырау облысы жастарының аудандардағы күндері» аясында "Жетінші спикер" жобасы өтті.
Ауқымы Атырау өңірінен әлдеқашан асқан бұл жоба Талдықорған қаласында өтіп, кейін Павлодар қаласына жол тартпақ екен. Ең бастысы, жобаның өз тәртібі мен шектеулі уақыты бар және тыңдаушылар үш сұраққа дейін қоя алады.
Әр секундын ұтымды пайдалануға тырысып, алғаш сөз алған спикер жастар саясаты басқармасының басшысы Ролан Құспан жұмыссыздықтың алдын алу үшін оқуға түсер алдында талапкерге кәсіби бағдар беру мәселесін көтерді. Болашақ мамандықты таңдаушы атқарар кәсібін хобби ретінде көре алатындай болуы шарт дейді спикер.Өмірлік тәжірибесінің қателіктерімен риясыз бөліскен бухгалтер болсаң, ақша санап, айлығың көп болады дегенге алданып есеп және аудит мамандығына түскенін, баласының пікірімен санаспайтын ата-аналардың қателіктерінің кері әсері айналып келгенде, жұмыссыздыққа тірелетінін алға тартты.
Кезекті сөзді алған жас кәсіпкер Санжанова Фаризаның тәжірибелік жолы тіптен қызық. Бір емес, бірнеше айтулы оқу орындарын бітіріп үлгерген қаршадай қыздың тындырып жатқан істері жетерлік. Бір қызығы бұл істеріне алған үш дипломының да қажеті қатты бола қоймапты. Толағай табыстың сырын Фариза кезіккен сынақты ренжімей қарсы ала білуімен түсіндірді. Тағдыр оның артына одан да қайырлы нәрсені жасырады екен деп сөзін түйіндеп, тығылып жатқан талантыңды таба білу керектігін айтты.Тек алға ғана өрлеуді мақсат етіп жүрген Фаризаның төмендегідей өмірлік ұстанымы кім кімді де бей-жай қалдырмады: «Егер алпысыңа дейін бала сүймесең, онда одан кейін де сүйе алмайсың. Егер елуіңе дейін ақша болмаса, онда елуден кейін де болмайды. Егер қырқыңа дейін денсаулығың оңалмаса, одан кейін де оңалмайды. Егер отызыңа дейін махаббатың болмаса, одан кейін де болмайды. Ал бұндай сүреңсіздіктер неліктен, себебі бұған дейінгі жиырма жылыңда сенің басыңда ми болмаған».
Үлкен істердің бастау алуына түрткі болатын адам өмірінде бір сәт туады, тек сол сәтті көрмей қалып, жіберіп алмау керек деді облысымыздағы шешендік өнер мектебін қалыптастырушы Нұрлан Азаматов. Ол өзінің осы салаға келуіне "Король сөйледі" көркем фильмінің әсер еткенін әдемі жеткізіп, бұл күні тіпті Елбасының алдында сөйлейтін адамдардың сөзіне дейін дайындайтынын зор мәртебемен атап өтті. Ал сол күні басқа фильм қаралғанда не болар еді. Түйіндей келе, табысқа түрткі болатын басыңызға келген қандай да бір керемет ойға керітартпа көзқарастан аулақ болуға үндеді.
Осы жобаны құрған Ануар Жұмабай өз тақырыбына "қоғамның санасы" және сауаттылық деген тың дүниені арқау етті. Дамыған Еуропаның кез келген тұрғыны тіпті тіс жууға қанша литр су кететініне дейін біліп, тиісінше, үнемдеу жұмыстарына орасан зор мән беретінін мысалға ала отырып, біздегі "экологиялық сауаттылықтың" төмен деңгейде екенін тілге тиек етті. Кәмелеттік жасқа тола сала, кредитке кіріп кетуіміздің өзі ұлттың бойындағы қаржылай сауатсыздықтың салдары екенін атап өткен шара ұйымдастырушысы осындай маңызды бас қосуларды аудан көлемінде ұйымдастырамын деушілер болса, еш қарсылығы жоқтығын айтып тарқасты.
А.Садыков,
суреттер автордікі