Адам жанын ізгілікке баулып, жүрекке жылулық нұрын себетін аяулы тұлғаларымыздың жақын күндері төл мерекелері. «Ұстаз болу – өз уақытыңды аямау, өзгенің уақытын аялау» деп француз ойшылы Жан Жак Руссо айтпақшы, ұстаздардың еңбегінің ерен екенін көкірек көзі ояу кез-келген жанның ұғынары анық. Ал, қастерлі мамандықтың қадірлі иесі болу үшін жоғары білім игеруден бөлек, өнегелі өмір тәжірибесін өткеру керек. Осы орайда мұғалімдікті атадан балаға мирас етіп, ұлағатты ұстаздар династиясын қалыптастырып келе жатқан Нұрла атамыз бастаған Мухамбетжановтар әулетіне жолымыз түсті.
ҚР Білім беру ісінің үздігі атанған атамыздың өткерген өмірі расымен де тәлім мен тәрбиеге тұнып тұр. Кейіпкеріміздің балалық шағынан бастап тізбектелетін тәтті күндері біздің көзі қарақты оқырмандарымыздың жадында жақсы сақталса керек. Себебі газетіміздің алғаш жарқ етіп жарыққа шыға бастаған жылдары дәл осы әулет жөнінде алдыңғы буындағы ағаларымыз қалам тербеп үлгерген екен. Газетіміздің сарғая бастаған қиындысын алдымызға әкелгенде, құдды ер жетіп қалған перзентіміздің бала күнгі суретіне үңілгендей бір елжіреп алдық. Ол кезде Нұрла атайдың әулеті аудандық "Үлгілі отбасы-2002" байқауынан топ жарып, мерейі тасып жатқан шағы еді. Ағай да әлі зейнетке шыға қоймаған, немерелерінің мектеп табалдырығында жүрген тұсы. Зымыраған уақыт араға жылдар салып ардагер ұстазды төл басылымына зейнетке шығып мерейі тасыған үстіне тасып жатқан шағында "мұғалімдер династиасы" ретінде қайта қауыштырды.
"Талай тентекті тезге салып едім ғой",-деп бастады Нұрла ағайымыз әңгімесін әдемі жымиып. "Ол кезде ата-аналар «баланың сүйегі — менікі, еті — сенікі» дейтін. 1939 жылы Гурьевте дүниеге келіп, 49-да мектепке бардым. Араға он жыл салып 1959 жылы Атырау пединститутына түсіп, 64-те бастауыш сыныптар және қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын алып шықтым"-дейді ақсақал.
Ұстаздық еңбек жолын Бекбикеде бастауыш мектептің меңгерушісі қызметінен бастаған. Алайда, көп ұзамай мектептің жабылуы себепті қызмет орнын Қошқар кентінің 10 жылдық мектебіне ауыстырады. Аталмыш мектепте 1974 жылға дейін ұстаздық етіп, 1975-85 жылдар аралығында он жыл бойы жоғары басшылардың қолқа салуымен Қошқар кентінің поселкелік кеңес төрағасы қызметінде болды. Ақыры, кеңселік қызметтен босап, мамандығы бойынша 1985 жылдың күзінен 1986 жылдың оқу жылына дейінгі аралықта бұрынғы М.Горький атындағы мектепте ұстаздық жолын жалғастырады. Содан 1986 жылы жаңадан ашылған М.Баймұханов мектебіне ауысып, осы білім ордасынан зейнетке қалды.
«Адамның адамшылығы - жақсы ұстаздан» -деп ұлы Абай айтқандай, мұғалім тәрбиесі мен өнегесі оқушының болашақ азығы. Ағайдың шәкірттері - бүгінде сан-салада қызмет атқарып жүрген білікті мамандар. Оларды өз баласынан кем көрмей, алған асулары мен шыққан белестеріне мәз болысып, жақсылығына сүйініп отырған жайы бар. Шың басын бағындырған шәкірттер легін тізбектеп кетер болсақ ол өз алдына бір әңгіме. Ал, әке жолына һәм атаның асқақ тұлғасына еліктеп оның ізгі жолын жалғастырушы ұрпақтары бір төбе.
"Біз атамызды көке деп атаймыз. М.Баймұханов атындағы орта мектепте жұмыс жасағанымызға биыл 20 жылдан асып бара жатыр. Ұлағатты ұстаздың келіні болғандықтан көкеміздің атына кір келтірмеуге тырысамыз. Барынша үздік болуға тырысып, жақсы жетістіктерге жетіп жатсақ, осы кісінің арқасы. Құдайға шүкір, бүгінде менің де біраз шәкірттерім биік белестерді бағындырып үлгерді",-дейді 35 жылдық тәжірибесі бар атаның үлкен келіні Роза Айтекешова апайымыз. Жалпы, қарияның құдай қосқан жары Зибаш әжеміз өмірге он бала - төрт ұл, алты қыз әкелген алтын құрсақты ана. Ал, Роза апай - үлкен ұлы Ғапужанның жолдасы. Қыздары Мадина ағылшын пәнінің білгірі болсам деген ниетпен бүгінде Алматы қаласында білімін жетілдіріп жатқан студент. Ол да оқуын ойдағыдай аяқтаған соң, білгенін мұғалім болып мектеп қабырғасында бөліспек ниетте. "Кішкентай кезімнен мұғалім болып ойнайтынмын. Бұған атамның да ықпалы зор. Балаларға ағылшын тілін үйрете отырып, өзімді одан әрі дамытқым келеді",-дейді ол. Бүгінгі таңда Абылайхан атындағы педагогикалық колледждің үшінші курсында білім алып жатқан Мадина бір жылдан соң білім алуын тәмамдайды.
Бір кездері М.Баймұханов атындағы орта мектеп қабырғасында дене шынықтыру пәнінен сабақ берген екінші ұлы Нұржанның жұбайы Гүлзира да - орыс тілі пәнінің мұғалімі. Ағаларының жолын қуды ма, шаңырақтың үшінші ұлы Нұртай да бастауыш сыныптың мұғалімі Аменова Жанар есімді жанды жолықтырып, өмірлік жар етті. Ұлдары Нұрдәулет ағылшын тілі пәнінің ұстазы, былтыр ғана бітірген жас маман. Ақсақалды алақанында аялап, бағып-қағып отырған кенже баласы Ертайдың мамандығы мұғалімдік болмағанымен жұбайы Айнұр Тағанова білдей математика пәнінің ұстазы.
Келіндерінің барлығы да мұғалім болған әулеттің жиендері де ұлағатты жолдан ұзай қоймапты. Ауданымызға танымал хас шебер, дарынды суретші, үздік деп танылған белсенді жастарымыздың бірі, өнер мектебінде қызмет атқаратын Абылай Доспаев тап осы шаңырақтың туған жиені екен. Нағашы атасы он саусағынан өнері тамған жиенінің талантын талай жыл бұрын байқаған. Бұған дейін де басылым беттерінде төбе көрсетіп жүрген жас дарынның жолдасы Нұрәлі Әлия өнер мектебінде баян аспабын ойнаудан дәріс береді. Пән атаулының сан саласын қамтыған әулеттің ішінде мың бұралған бишілерге жол сілтеп жүрген жандар да жоқ емес екен. Халықаралық, республикалық, қала берді облыстық додаларда шашасына шаң жұқтыртпай топ жарып жүрген кішкентай бишілеріміздің жетекшісі Изтелеуова Айгүл де осы әулеттің жиені болып шықты.
Әкесінің жолын қуып мұғалімдікті таңдаған перзенттерінің бірі Құлманова Рабиға есімді қызы бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек жолын бастаған. Бүгінде "ТШО"-ның балабақшасында тәрбиеші десті. Сұрастыра келе жиендердің арасынан лаборант қызметін атқаратын жан да табыла кетті. Құлниязова Самал Х.Санбаев атындағы орта мектепте еңбек етеді.
"Мұғалімді күтіп-баптау да оңай емес. Өмірде күттірген адам емеспін. Алдынан ас-ауқатын дап-дайын етіп қоямын. Қазір көкелерің жұмысынан шаршап келеді деп балаларды бір ізбен жүргізіп, шулатпайтын едім. Ол кезде ер адамды алға ұстаймыз. Балаларына бір шапалақ берген жоқ, бөтен сөз айтқан жоқ",- деп еске алады Зибаш әжеміз атамыздың еңбекке араласқан жылдарын. Анамыздың айтуынша, балаларын ұйымшыл, бауырмал жандар ғып өсіргесін бір-біріне қарайласып болысып жүреді екен. Айтпақшы, немерелерінің алды Нұрлаева Фариза сегінші сыныпқа дейін мектепте үздік оқып, әрі қарай Алматы қаласына жол тартады. Тоғызыншы сыныбын Жәутіков атындағы жоғары физика-математика мектебінен жалғастырған Фариза, ол жерде де үздік бітіріп, әйгілі британдық КБТУ-ге оқуға түскен. Қиын деген пәннің өзін жоғарылатып оқытатын Жәутіков мектебінен білімін жалғастырып әрі оны алтын белгімен бітірген оқушы аудан көлемінен табыла қоймайды ау деп тұспалдадық.
10 баладан 28 немере, 13 шөбере сүйіп отырған мәуелі бәйтеректей ақсақалымыз бен ақжаулықты, алтын құрсақты анамыздың аудан халқына аты сыйлы. Бұл әулет бір кездері «Мерейліотбасы» байқауының аудандық жеңімпазы атанып, облыстан да арнайы алғыс хат иеленген. Айтуынша, атамыз сәл көзінің кінәратына қиналады екен. Алайда аузынан шүкіршілігін бір тастамайды. Мұғалімді – мектептің жүрегі деп білетін дана халқымыз өз ардақтыларына әркез құрметпен қараған. «Ұстаз» деген қазақ баласы үшін қашанда қасиетті, қадірлі болып қала бермек. Келе жатқан мерекелеріңіз тағы да құтты болсын, ұлағаты мол "ұстаздар династиясы".
А.САДЫКОВ
Cурет автордан