Дүниені дүр сілкіндірген Ұлы Отан соғысы кімге де болсын қасіретін тартқызбай қоймады. Зұлмат жылдар ішінде талай бала жетім қалып, талай ана жесір атанды. Осынау ерлік пен елдік тарихының алтын парағы саналатын Ұлы Жеңіске биыл 80 жыл толды. Бұл тек санаулы күннің емес, сан ғасырлық жадымыздың мәңгілік жеңісі. Қан майданға ауданымыздан да бірнеше мыңдаған боздақ аттанды. Олар сұм соғыста жаумен арпалысып, азаттық жолында жанын құрбан етті. Міне, осындай Отан үшін кеудесін отқа тосқан ерлердің қатарында Тәжік Кеуелов те болған еді.
Тәжік Кеуелұлы 1922 жылы 20 қарашада Жылой ауданы, Тұрғызба елді мекенінде дүниеге келген. Ұрпақтарының айтуынша, ол Отаны мен елін зұлым жаудан қорғау үшін 19 жасында, яғни 1941 жылдың қазан айында әскер қатарына қабылданып, Орынбор облысының Бузулук қаласындағы кіші командирлерді дайындайтын бірінші полк мектебіне оқуға аттанады.
Оқуды аяқтаған соң, 1942 жылдың мамыр айында жаяу әскер полкінің солтүстік-батыс майданының Ленинград қаласы жағындағы Старый-Русь қаласында фашистерге қарсы шабуылға атсалысады. Ол полкте жүрген кезінің тамыз айында ауыр жараланып, әскери госпитальға түседі. Одан 1942 жылдың қараша айында емделіп шығады да, қайтадан қосымша полкке жіберіліп, соғыс майданына жаңадан келген жауынгерлерге соғыс өнерін үйретеді.
Содан 1943 жылдың басында қызмет ететін полктен Карелофин майданына ауысады. Оның орталығы Петрозаводскіні жаудан азат етуге өз үлесін қосады. Сөйтіп, немістерді Ладога көліне дейін шегіндіріп, тылға аттандырады.
1943 жылдың күзінде II Украин майданына кері аттанады. Ол қызмет еткен полк фашистерден Батыс Украинаны азат етіп, Венгрия жеріне бағыт алады.
Ал 1944 жылы Карпат тауында шиеленіскен қатты ұрыс болып фашистерді венгр-совет шекарасындағы Тисс қаласынан қуып шығады.
Әрі қарай жеңімпаз полк Венгрия астанасы Будапештті 1945 жылдың сәуірінде жаудан азат етеді. Жеңіс күнін осы Венгр жерінде қарсы алады. Соғысты жаяу әскер старшинасы шенінде аяқтады.
Бірақ соғыс өрті өшкенмен, елге бірден қайтармайды. Бейбіт еңбекте теміржолшы болғандығы ескеріліп, немістердің Карпат тауларын кесіп өткен теміржолды бүлдіріп кеткендіктен, соны қалпына келтіру үшін темір жол құрылысына алып қалады.
Ол жұмысты абыроймен 1948 жылы аяқтап, елге аман-есен, алайда екінші топтағы соғыс мүгедегі болып оралады.
Елге оралған соң да жарақатына қарамастан, еңбекке араласады. Қызығы мен қиындығы бірге жүретін ауданның теміржол саласында 30 жылға жуық еңбек етіп, 1977 жылы 55 жасында зейнеткерлікке шығады. Осылайша, соғыс ардагерінің тынымсыз еңбегі мен қажырлы қайратының арқасында еліміздің әлеуеті артып, жарқын болашағы қалана бастайды.
Аспан мен жер күңіреніп, отқа оранған сұрапыл жылдарда қайтпас қайсарлық пен өжеттіктің өшпес өнегесін көрсеткені үшін, соғыста атқарған ерен еңбегіне «Ұлы Отан Соғысы», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Еңбек ардагері» медалімен және Маршал Жуков атындағы, КСРО Қарулы Күштерінің соғыстағы Жеңістің мерекелік медальдарымен марапатталады.
Сондай-ақ «Қазақстан теміржолына 100 жыл» төсбелгісі мен «Қазақстан Республикасының Құрметті Теміржолшысы» атанады.
Ұлы Отан соғысы еліміздің тарихындағы қасіретті жазбалар ғана емес, халқымыздың қажыр-қайратының, туған жердің намысы үшін майданға аттанып, Отан үшін жанын құрбан етуге даяр болған қаһарман бабаларымыздың батырлығының дәлелі.
Иә, жанкешті соғыста ер етігімен су кешіп, қасық қаны қалғанша күрескен, майдангердің ерлігі – бүгінгі ұрпақтың мәңгі есінде. Жауынгердің жүріп өткен өмір жолы – өскелең ұрпаққа ғибрат аларлықтай үлгі-өнеге.
Г.Жұбанышқалиева