«Ақын болсам, қазақтың шерін жырлар едім, Егер әкім болсам, шерлі қазақ болмас еді»-, деп қаламгер Серік Әбікенұлы жырлағандай елімізде ел басқару жүгін мойнына жүктеп, халықтың әл-аухатын жақсарту жолында тынбай еңбек етіп, сәйкесінше халықтың ризашылығына бөленіп жүрген мінбердегі азаматтар саны аз емес. Міне, бүгін біз дәл осылай ел үшін адал қызмет ететін ауыл әкімдерінің бірі Кенжебек Махмұтұлымен әңгімелеспекпіз.
Кенжебек Махмұтұлы - қазақтың даңқты батыры Бауыржан Момышұлының ерліктері мен батырлығын өзіне үлгі еткен запастағы әскери полколвник, бүгінде ауыл әкімі. Ол 1977 жылы Бәйгетөбе ауылында туып өсіп, осы өңірде орта мектепте білім алды. Мектеп табалдырығын тәмамдаған соң 1998 жылы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғары шекара-командалық училищесін «жасақтардың әскери даярлығын басқару», 2012-2013 жылдары – Ресей Федерациясы Қарулы Күштерінің Жалпы әскери академиясының «әскери бөлімдер мен құрамаларды басқару саласындағы маман» мамандығы бойынша білім алды.
Кейіпкеріміз Кенжебек Махмұтұлы алғаш еңбек жолын 1998 жылы Атырау қаласындағы №5546 әскери бөлімшесінің взвод командирінен бастап, сол мекемеде батальон командирі лауазымына дейін қызмет атқарды. Одан әрі 2005-2007 жылдары Алматы қаласындағы 7552 әскери бөлімде атқыштар батальон командирі, 2007-2012 жылдары Ақтау қаласындағы №6656 әскери бөлімше командирінің орынбасары – штаб бастығы, 2013-2015 жылдары Павлодар қаласындағы №5512 әскери бөлімше командирі, 2015-2016 жылдары Өскемен қаласындағы №6699 әскери бөлімше командирі, 2017-2018 жылдары Орал қаласы «Батыс» Ерік жауынгерлік қызмет басқармасының бөлім басшысы болды. Кейіннен 2018 жылы денсаулық жағдайына байланысты аталған мекемеден зейнеткерлікке шығып, 2020-2023 жылдары Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің әскери кафедрасының аға оқытушысы қызметін атқарды.
Зейнеткерлікке шықса да кейіпкеріміз Кенжебек Махмұтұлы халыққа адал қызмет ету ісінен алшақтаған емес. Ол 2023 жылы ауыл әкімдерін сайлауға өз кандидатурасын ұсынып, халық сайлауымен Бәйгетөбе ауылдық округінің әкімі лауазымына тағайындалды. Осы ретте кейіпкеріміз Кенжебек Махмұтұлы ауылға қызмет ету басты мақсаты болғанын жеткізді.
«1991 жылы жеке төлқұжатымды алғанда қазақтың даңқты батыры Бауыржан Момышұлына ұқсағым келіп тегімді Махмұтұлы деп өзгерттім. Содан мектеп бітірер шақта әскери оқуға шақырту бойынша мектебімізде түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Қызығушылығым артып, осы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Әскери училищесіне оқуға түсу үшін емтихан тапсырдым. Нәтижесінде Атырау облысы бойынша тек 2 адам болып, оқуға түстік. Оның бірі қызылқоғалық болса, бірі мен едім.
Содан кейін бірқатар әскери бөлімдерде 32 жыл қызмет атқардым. Бірақ түпкі мақсатым еліме, өз туған ауылыма қызмет ету болды.
Соған сәйкес, зейнеткерлікке шыққан соң 2023 жылы ауылға келіп, өзімді округ әкіміне ұсындым. Халықтың маған артқан сенімінің арқасында округ әкімі болып сайландым. Содан бері Бәйгетөбе ауылдық округінде бірқатар жұмыстар атқарылуда. Атап айтар болсақ, биылғы жылдың өзінде округке дене шынықтыру-сауықтыру кешені, саябақ, Бәйгетөбе және Мұнай айдаушылар ауылы мен 402 бекетке 27 км көше жарығын, одан өзге округке 1 км 800 м ауылішілік жол салу жұмыстары жүргізілуде.
Округте халық саны – 1922 адам. Округ құрамына 9 елді мекен, атап айтар болсақ Бәйгетөбе ауылы, Мұнай айдаушылар ауылы, №472, №414 және №441, №377, №402 бекеті мен Ескене және Таскескен елді мекендері кіреді. Бүгінгі таңда Ескене және Таскескен елді мекендерін көшіру облыс әкімінің қадағалауында тұр. Жасыратыны жоқ, әскери өмірден кейін халықпен жұмыс жасау өте қиын болды. Әскери өмірде Бауыржан Момышұлы айтпақшы темірдей тәртіп болса, халықпен жұмыс жасауда қатаңдықпен қоса жылылық керек. Саған үміт артқан әр тұрғынның сенімін ақтауың қажет. Міне, осы менің басты мақсатым»,- дейді округ әкімі Кенжебек Махмұтұлы.
Әуезді әңгіме барысында округ әкімі Кенжебек Махмұтұлы жастар арасындағы өзекті мәселелерге де тоқталып өтті. «Бүгінгінің жастары көп ақша табуға ұмтылады. Бұл, әрине жақсы, дегенмен оңай жерде ақша болмайды. Өкінішке қарай, бұны кейбір жастар түсінбейді. Жеңіл ақша табамын деп құмар ойын ойнайды. Тіпті бәске бар жиғанын тігуден де жалтармайды. Түбінде лудомания дертіне шалдығады. Бұл – ғасырлық дерт. Онымен күресу үлкен жұмысты қажет етеді. Мен үнемі ауыл жастарын әкімдікте қызмет етуге шақырып жүрмін. Бірақ жұмысқа орналасуға ұмтылған ер-азаматтар саны аз. Біреуінде жоғары білім болмаса, енді бірі жалақыны азсынады. Қазір мемлекеттік қызметке орналасу тіптен оңай, тестілеуден өту де жеңілдетілді. Осы ретте жастарды ауылды бірге дамыту үшін қызмет етуге шақырамын.
Жалпы тәрбие отбасыдан басталады. Отбасында, әсіресе дастархан басында осындай жаман әдеттерден аулақ болу туралы жиі әңгімелер айтылса деймін. Сонымен қатар ауыл тазалығын сақтауды сұраймын. Өйткені, ауыл тазалығы – баршамызға ортақ міндет»,- дейді полковник Кенжебек Махмұтұлы.
Иә, біздің кейіпкер бүгінде облыс бойынша әскери полковник шеніндегі жалғыз әкім. Осы ретте оның ұзақ жылдар бойы атқарған мінсіз қызметі де ескерусіз қалмады. Ол 2015 жылы Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай Павлодар облыстық мәслихатының шешімімен Павлодар қаласының Құрметті азаматы атанды. Ол халықтың өзіне артылған жүгін арқалаумен қатар, отбасылық өмірде де үлкен жетістікке жетті. Ол бүгінде 4 баладан тараған немерелерінің сүйікті атасы. «Өмірлік жарым ретінде таңдап алған жұбайым Замзагүл Айтқалиевамен бірге келе жатқаныма биыл 25 жыл болды. 4 балам бар. Үлкенім – отбасылы. Ол да мемлекеттік қызметкер.
Бүгінде Астана қаласы Есіл ауданы әкімі аппаратының бас маманы болып қызмет атқарады. Одан кейінгі ұлым – Атырау қаласындағы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің студенті. Ал кіші ұлым мен қызым – мектеп оқушысы. Қарап отырсам, бүгінгі күнге дейін балаларым 7-8 мектеп ауыстырыпты. Оның барлығы менің ауыспалы қызмет бабыма байланысты болды»-, дейді кейіпкеріміз Кенжебек Махмұтұлы.
Өнегелі әңгіме барысында округ әкімінің жұмыс үстелінде қатарласа тұрған кітаптарға көзім түсті. Осы ретте округ әкімінен кітапты қаншалықты жиі оқитынын сұрадым. «Жасыратыны жоқ, кітапты бұрын жиі оқыдым. Әлі де уақыт ауысса оқып тұрамын. Өйткені кітапты жақсы көремін. Қазір әлеуметтік желіде де онлайн кітаптар бар. Олда оқырман назарына жаңа тыныс береді. Кітапты қолыңа алып оқығандағы сезім басқаша. Кітаптан бөлек, газет-журналдарды оқимын. Спортпен айналысамын. Әсіресе теннис спорт түрін жақсы көремін. Бүгінде алдағы мемлдекеттік қызметшілер арасындағы жарысқа дайындалып жатырмын. Былтыр осы жарыстан 4 орынды алған болатынмын. Уақыт болса спортпен де, кітап оқумен де айналысамын»,-дейді округ әкімі Кенжебек Махмұтұлы.
Осылайша ауыл-елдің амандығынан бастап әскери қызметтің қызығы мен қиыншылығын әңгімелеп отырып бізге берілген уақыттың өз межесіне жеткенін білмей қалдық. Сөз соңында округ әкімі Кенжебек Махмұтұлы барша отандастарды Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мерекесімен құттықтап, еліміз аман, жұртымыз тыныш болуын тіледі. Біз де өз кезегімізде полковник әкімге абыройлы қызмет тіледік.
Б.Қасымова