Әлеуметтік желілерде ауа жетпей, әуре-сарсаңға түсіп жатқан науқастарды көріп, көбіміздің жанымыз шүберекке түйілгені жасырын емес еді.
Басымызға аты жаман аурудың қара бұлты үйірілсе, біз де солардың кебін киіп қалмасақ жарар еді деген үрей жататын ой түкпірімізде.
Газетіміздің алдыңғы санында доссорлықтардың жергілікті ауруханаларына оттегі аппаратын сыйға тартқанын жеткізген едік. Енді міне, мақаттық
тұрғындар да ауызбіршілігін қиын сәтте іспен дәлелдеді. Естеріңізде болса, аудан тұрғындары аты жаман аурумен күреске ақшалай қор жинақтаған болатын. Сол қордың қаражатымен 5 оттегі аппараты алынды.
Бұл іс мұнысымен шектелмей, байырғы Мақат кентінің тұрғыны, бүгінде Атырау қаласында тұратын ағамыз да жинақ жинап, 4 аппаратты ауданға табыстады. 3 аппарат Атырау халқының қолдауынан алынса, "Гүлмира" сауда үйінің басшылары Биманов Генадий мен жары Алтынай апамыз аудандық емханаға 1 аппаратты алып берді. Осылайша жалпы 13 оттегі аппараты аудандық орталық ауруханаға табысталды. "Жұмыла көтерген жүк жеңіл, әлі де бірігіп көптеген жұмыстар атқарылады",- дейді шараның басы-қасындағылар.
А.Садыков