Оркестр, дирижер, баян аспабы десе есімізге бірден аудан өнерін биікке көтерген Аманқос Түсіпқалиев ойға оралады. Мақат балалар өнер мектебінде Атырау алқабында аты аңызға айналған, бүкілодақтық халықаралық фетивальдардың лауреаты, еңбек ардагері Аманқос Түсіпқалиевтің 80 жылдығына арналған «Өнегелі өмір» атты лекция концерті өтті.
Кеш барысы алдымен ардақты ұстаздың өмірі мен өнер жолына арналған видеороликпен басталды.
Аманқос Түсіпқалиев 1942 жылы 18 наурызда Индер ауданы, Қаңбақты ауылында дүниеге келген. Ол әжесінің қолдауымен бес жасынан бастап, ауыл домбырашыларынан күй үйрене бастаған. 1961 жылы Атырау музыка училищесіне баян аспабы бойынша И.В.Хованскийдің класында білім алған ол еңбек жолын Рысбай Ғабдиев басқарған Доссор балалар музыка мектебінде ұстаз, оқу ісінің меңгерушісі болып бастаған.
Сонымен қатар 1984 жылы Аманқос ұстаз Мақат балалар музыка мектебін ашқан. Сол жылдары баян аспабында шәкірт тәрбиелеп, аудандық ұлт-аспаптар оркестрінде концертмейстер қызметін атқарып, кейін 1997 жылдары көркемдік жетекші дирижер болған. Жалпы аудандық ұлт-аспаптар оркестрінің репертуарының көбеюіне өлшеусіз үлес қосқан ұстаз жүздің үстінде халық, шетел және орыс композиторларының шығармаларын өңдеп оркестрге түсірген.
Сыр сұхбат форматында өткізілген шараға өнер иесінің жолдасы Жаңыл мен ізін жалғастырушы ұрпақтары Раушан және Райхан Аманқосқызы сонымен қатар сол кезде қызметтес болған Терекбай Қалиұлы, ұстаздың шәкірті, қазіргі таңда осы салада еңбек етіп жүрген Бақытбек Сартбаев, өнер мектебінің басшысы Дәулеткерей Нәсіпқалиұлы және ұжымдағы аға оқытушылар арнайы қатысты.
Шара барысында қатысушылар өнер иесі туралы естелік әңгіме айтып, бірге өткен жас күндерін еске алды. Сондай-ақ Аманқос Түсіпқалиевтің шәкірт тәрбиелеуде қандай ұстаз болғандығы жөнінде қызықты сұхбат өрбітті.
Одан бөлек, өнер мектебінің өнерпаздары ұстаздың нотаға және оркестірге түсірген туындыларын орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Онда әуезді ән де, күмбірлеген күй де, мың бұралған би де болды. Лекция концерт соңында арнайы шақырылған қонақтарға естелік сыйлықтар табыс етілді.
Ә.ҚАСЫМ