"Қарты бар үйдің қазынасы бар" деп білетін қазақ, қариясының қадіріне жетіп, төрінен орын берген. Ауызы дуалылар "ауылыңда қартың болса, жазылып қойған хатпен тең" деген. Батагөй қариялардың бағасын би-шешендерімізден артық бере де алмаспыз. Ойымызды да, бойымызды да осы алдыңғы буынға қарап түзейміз, олардан үлгі алып, ұқсап бағамыз. Сондықтан, алдымен үлкендерге жол беріп, батасын алуға тырысамыз. Міне, бұның барлығы қазақ дүниетанымындағы қария деген ұғымның қаншалықты құнды екенін көрсетсе керек.
Қазыналы қарттарымыздың мерекесі тұсында келелі әңгіме қозғай білетін, ғұмыры ғибратқа толы Ғалымжан атамызға арнайы ат басын бұрдық.
"Дүниеге келер бiр рет,
Дария-кеуде тау мүсiн.
Құрыштан құйған құдiрет – Қарттарым, аман-саумысың?!",- деп ақын С.Жиенбаев жырға қосқандай дария кеуделі қариямыздың қал-қуатын білісіп, өткерген өмір жолына үңілдік. Мен әжемнің рулас ағасы болып келетін Ғалымжан атаммен Қызылқоғаның Жангелдин деген жерінде де ауылдас болған едім. Сұңғақ бойлы, ақсары өңді, жылы жүзді атамның асқақ бейнесін бала кезімде нар тұлғалы Д.Қонаевтың кескініне ұқсатып байыппен сөйлейтін дауыс ырғағына да таңдана құлақ түретінмін. Амал мерекесі келіп, үй-үйді аралауға шыққанымызда алдымен осы кісілерге барып көрісетінбіз. Дәмеш әжемнің тіл үйірген ыссы бауырсағының дәмі аузымнан бір кетпейді ғой шіркін... Зымыраған уақыт сол баяғы кішкентай Әнуарды ержеткізіп атасының алдына тілші ғып қайта оралтты.
Көзін ашқаннан еңбекке етене араласқан Ғалымжан ата 1940 жылы туылғанымен, құжатында 41-ші жылдың 7-ші қаңтары деп жазылған. Ақсақал Тайсойғанның Балабейіт деген жерінде дүниеге келген. "Содан, әкем 42-ші жылы әскерге аттанғасын, анамның нағашылары орныққан "Қазбектің" басына келіп отырдық қой. Ол кезде бір ауыл советте шағын-шағын 5 колхоздан болған. Біз сол Қамыскөлдің "коренной" колхозшыларымыз",-деп бастады атай әңгімесін.
Сұрапыл соғыс бітіп, ел есін әлі толық жыя қоймаған 47-48-ші жылдары атамыз мектепке бармастан мал азығын дайындауға болысып, шөмелей айдап жүрген. Күші көптеу, қолының қайраты бар бір-екі жас үлкендері шөпті шабуға жұмыстанса, шабылған шөпті өгіз арбамен үйгелі тұрған үлкендерге жеткізіп беру бала Ғалымжанның басты міндеті. Үлкендермен бірге таңмен таласа оятып, өгіздің басына әлі келеді деп тізгінін қолына ұстата салады екен. Сөйтіп жүріп 1949 жылы мектеп табалдырығын аттап, он жылдық білім алып оны 59-шы жылы аяқтайды. Бітіре сала қолына аттестат пен комсомолдың жолдамасын қатар алған бозбаланы Орск қаласына етке тапсыруға айдаған үш мың қойдың артынан жібереді. Атпен айлап жүріп алдына салған қойын аздырып алмай аман-есен жеткізу оңайға түспеген. Төрт ай бойы жапан даланы жорытқан малшылар қиындықтың көкесін үш мың қойды Ор өзенінен өткізер шақта көрген. Қазан айында қойды қақаған суға түсіру оңай ма? Қас қылғандай сол кезде «ящур» деген ауру шығып, астындағы ат пен түйелерін арбасымен қосып қалдырып кетуге мәжбүр болған. Шаршағандарын өздеріне олжа қылған олар осы тірліктерімен колхоздың экономикасын көтеруге себеп болды. Барғанша қуалап күйін кетірмей, жақсылап жайып семіртіп барғасын әр қой 56 келіден тапсырылған. "Алғашқы еңбек жолы осылай басталды. Артынша Тайсойғанда бір отар қой бағып, келер жылы жылқыға шығып кеттім. Ол кезде Гаганованың бастамасымен мал шаруашылығында екі жыл жасау керек. Партияның шақыруы солай. Енді колхозға барып алғаннан кейін екі жылға келдің ау деп сені босататын ба еді, әрі қарай салт басты, сабау қамшылы жылқышы болдым. Жылқы деген малдың төресі ғой жарықтық",-деп еске алады қария сол жылдарды.
1962-65 жылдары Әзірбайжанның Ленкорань деген жерінде әскери борышын өтейді. Келе сала райком сен енді мемлекеттік мекеменің қызметіне кіресің деп қаржы бөліміне инспектор қылып қабылдайды. Бұндай бақтың екінің біріне қона бермейтіні анық. Сірә партия атайдың алғырлығын ескерсе керек. Әрі қарай сайлау арқылы "Қайрат" ерікті спорт қоғамының төрағасы қылып тағайындайды. Бұл орында 1971 жылға дейін қызмет етіп, сол жылы Алматы қаласына төрт жылдық жоғарғы партия мектебініе оқуға кетеді. Бітіріп келгеннен кейін аудандық партия өзінің органына нұсқаушы етіп қабылдап, 1977 жылы Комсомол совхозының партия комитетіне хатшы болып ауысты. Атамыздың еңбек жолында еленіп, биікке сатылауы бұнымен тоқтамады. Араға бес жыл салып ауылдық советтің төрағасы болып, 1987 жылы денсаулық жағдайына байланысты Жангелдин совхозына кадр бөліміне ойысты. Осы қызметпен еңбек жолын аяқтап, совхозды таратып зейнетке қалды.
Көпті көрген көкеміздің көкірегі сайрап тұр. Еңбектеген бала шағынан еңкейген қария кезіне дейінгі қызығы мен шыжығы қатар жүрген өмір белестері көз алдында тізіліп жатыр. Тәуелсіз қазақ елінің қос кезеңін де көзімен көрген атамыздан кешегі мен бүгінгі күннің айырмасын айтуды өтіндік. "Кешегі күннің артықшылығы айтқан нәрсе сол бойда орындалады. Тәртіптің өз күші болды. Ал қазір тіпті басшылардың айтқанының барлығы орындала бермейді. Қарап отырып соған ренжимін. 1985 жылы Комсомол деген совхозда «чума» деген атышулы ауру шықты. Сол дерттен бір адам көз жұмып, бүкіл аудан тізесінен тік тұрды. Сөйтіп совхоз карантинге жабылды. Қазіргі карантин деп жүргеніңді біз сол кезде атқардық. Сонда милиция да жоқ, ауылдың бір тұрғынына сен ана жолға тұр қарағым, сен ана жолға... деп әр қайсысын бөліп қоямын. Жеті күн бойы кадр жетіспесе де карантин шарасын қатаң қадағалап, орындап шықтық. Бұл сол кездегі ауызбіршіліктің күштілігін, халықтың бір-бірін сыйлауын білдіретін еді. Әлгі қайтыс болған тұрғынмен байланыста болған 90 адамды күннің қапырығына қарамай интернатқа оқшаулап жатқыздық. Терезеден баласын көрсе "әй кейін қайт" деп қайтаратын. Міне, осылай аты жаман ауру әріге бармай ауыздықталды",-деп ескі күндердегі есті замандастарын есіне алды. Қария ол кездерде кемшілік атаулы жоқтың қасы болғандығын басшылардың бір орында ұзақ отырмағандығымен түсіндірді. Кеңестік жүйе "ауыз жаласудың" дер кезінде алдын алып отырған. Жұмыссыздық деген атымен болған жоқ дейді.
Атамыздың жолдасы Дәмеш апай да талай жыл медицина саласында қызмет атқарған абзал жан. Жоғарыда айтылған әлгі аты жаман аурудың тұсында білек сыбанып мылтықсыз майданның бел ортасынан табылған жандардың бірі. "Таңғы бесте тұрғаннан күніне кемі 150 адамның қызуын өлшейтін едік",-деп еске алысты ауыр шақтарды.
Атамыз бен әжеміз бір ұл бір қыздан үш немере мен жеті жиен сүйіп отыр. "Қазіргідей қарбалас кезеңінің кесірінен замандастарымызбен бұрынғыдай жиі бас қоса алмай сағынысып жүрміз",- дейді Ғалымжан ата. Атамыз ғибратты әңгімелерімен әлі талай бөлісуге уәде берді. Ал біз осы жерден қарияларымыздың деніне саулық тілеп, қош айтыстық.
А.САДЫКОВ
сурет автордан