Марафонды «Мақат тынысының» ұжымы жалғастырды (+ВИДЕО)

(0 Votes)

Өткен аптаның қасиетті жұмасында «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасы ауданымызда бастау алғанын жеткізген болатынбыз.

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына  арналған марафонды аудандық ішкі саясат бөлімі бастаған бір топ мекеме біздің ұжымға жолдаған болатын. Жақсылыққа жаршы болып жүрген жергілікті жердің төл басылымы ізгі істерден қашан да тартынып қалмаған. Жолдаманы қабыл алған "Мақат тынысының" ұжымы  араға апта салып, әлеуметтік аз қамтылған және көп балалы жанұяларды бетке алды.

"Қонақ келсе - құт" деп білетін қазақы қасиеттен жаңылмаған тұрғындарымыздың қай-қайсысы да құшақтарын айқара ашып, аз-мұз сыйлығымызды кең құшағымен қабыл алды. Әркім қолында барын беретіні секілді біз азық-түлік пен қатар "Мақат тынысы" газетінің 6 айлық жазылымының түбіртегін табыс еттік.   

"Құтты қонақ келсе, қой егіз табады",-демекші, біз ат басын бұрған келесі жерлесіміздің шаңырағы тағы бір кішкентай нәрестемен толығып, перзентханадан шығып жатыр екен. Осылайша ойламаған жерден бөбекті қарсы алуға жиылған көрші-көлем мен ағайын туманың арасынан табыла кеттік. Қазақтың қара домбырасынан әсем әндер шырқалып, көпшілік халық әндерін қосыла шырқады. Газетіміздің бас редакторы Гүлзада Есмырзақызы сәбиге ізгі тілектерін жолдап, ата-анасына толағай табыстар тіледі. "Бастысы, біздің сіздерге деген көңіліміз. Қай кезде де сіздермен бір екенімізді білдірейік деген ниетпен келіп жатырмыз",- деді ол.

Жақсылықта жарысып, бір баланың болса да жүзіне шынайы күлкі сыйлағанға не жетсін!

Президенттің бастамасымен жанданған жоба әрі қарай халыққа қызмет көрсету орталығына жолданды.

А.САДЫКОВ

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT