Мақатта салтанаты жарасқан салт аттылар шеруі өтті

(0 Votes)

Елімізді төрткүл дүниеге танытатын ұлттық құндылығымыз - рәміздер күніне және ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ауданымызда "Ел рәміздері - ел рухы" атты салт аттылар шеруі өтті.

Шеруді өткізуге аудан тұрғындары мен белсенді жастар, сондай-ақ жеке шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлері ұсыныс етіп, аудан әкімдігі тарапынан қолдау тапты.

Айбынымызды асырған мемлекеттік рәміздерімізді құрметпен ұлықтау - қасиетті парызымыз деп білген аудан тұрғындары шараға белсене атсалысты.

img_0227

Мақат кентінің кіре беріс тұсынан басталған салт аттылар шеруі  «Nur Otan» партиясы ғимаратының алдына дейін жалғасты. Көк туымызды биікке желбіретіп кеудесін ұлтына деген сүйіспеншілік кернеген шерушілерді «Жасыл ел» сарбаздары мен аудан жастары, волонтерлар мен мәдениет үйінің қызметкерлері, сондай-ақ,сайдың тасындай іріктелген спортшылар тікесінен тік тұрып қарсы алды.

img_0204

Олар әуелеген Әнұранымызды қосыла  шырқап, рухты әуенге тербелді. Әсіресе аудандық мәдениет үйінің ауласына сап түзеген өнерпаздардың ықыласы ерекше. Қызылды-жасылды ұлттық киімдермен жалаушаны көкке көтерген балалар көздің жауын алады. Кент іші кенет думанды көңіл-күйге бөленіп, елдіктің, еркіндіктің бояуына қаныққандай болды.

img_3329

Шараның өтуіне бастамашы болғандардың бірі - белсенді жастар. Қолына көк ту алып, шеруде тұлпарын тізгіндегендердің бірі Бекет Қайырбек. "Аталмыш шара тәуелсіздігіміздің қадір- қасиетін терең сезінуге, рәміздерімізді құрметтеуге үндейтін бастама болды деп есептейміз. Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!",-дейді ол. Ту алып жүргендердің қатарында М.Баймұханов атындағы орта мектебінің  8-ші сынып оқушылары Ғарифолла Бекзат пен Сүйіндік Ризабек және аудан тұрғыны Берік Мұқанов бар.

img_3254

Ертеде азамат атқа қонып қолына ту алса, қас дұшпанымен айқасуға аттанатын. Ал, бүгін бейбіт күннің астында  елімнің егемендігі мен азаттығының белгісіндей болған қастерлі рәміздерімізді құрметтеу үшін аттылы шеру жасадық. Алла  азаттығымыздың ақ шырағын күн сөнгеше сөндіре көрмегей!


А.САДЫКОВ
Суреттер автордан

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521