Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында халықты алаңдатып отырған бірқатар өзекті мәселеге арнайы тоқталған болатын. Оның ішінде интернет-алаяқтық, жол апаттары, әскердегі тәртіп, есірткі саудасына қарсы күрес, медициналық сақтандыру жүйесінің кемшілігі, педагогикалық және медициналық кадрлардың тапшылығы, шағын және орта бизнес саласын шектен тыс мемлекеттік бақылау, ауыл шаруашылығын дамыту сияқты кең ауқымды тақырыптарға тереңінен тоқталып, астын сызып өтті.
Соның ішінде елімізді ғана емес, әлемді алаңдатып отырған есірткі саудасына тосқауыл қою маңызды ұйғарымдардың бірі. Себебі, елдің ертеңі болар жастардың санасын улап, тәуелділікке апарар дерттің зияны шаш етектен. Статистикалық деректерге сүйенетін болсақ, 18,5 мың қазақстандық нашақорлық бойынша тіркеуде тұр. Ал мұның тіркелмегені қаншама? Нашақорлықтың арты түрлі ауыр қылмыс пен тәуелділікке алып келері анық. Қалтасын қампитуды ойлаған алып сатарлар есірткіні кез келген адамға оңай саудалаудың зардабы адам сенгісіз деректердің орын алуына себеп болып отыр. Сондықтан заң мен тәртіп басты назарда болып, қоғамның дамуы үшін есірткі саудасына тосқауыл қоюуымыз керек.
Егемен елдің болашағы жарқын болуы үшін қауіпті кеселге қарсы тұрып, салауатты өмір салтын ұстанайық!
Қ.Төлеуов,
Мақат кенті әкімінің қызметкері