Елімізде төтенше жағдай жарияланып, ауданымызда карантин режимі енгізілген күннен бастап медицина қызметкерлерінің жұмысы қиындай түскені белгілі.
Дегенмен осындай алмағайып уақытта өңірдегі жомарт жандар ақ халатты азбал жандармен бірге екендігін көрсетіп, қол ұштарын созуда.
Солардың бірі - Доссор кенті әкімі аппаратының мемлекеттік қызметшілері. Олар індетке қарсы күресіп, үй көрместен қызмет етіп жүрген Доссор селолық ауруханасының ақ халатты абзал жандары мен тазалық қызметкерлерін күніге ыстық тамақпен (түскі ас) қамтамасыз етуде.
Мемлекеттік қызметшілер 13-ші шілде күні бастаған бұл істі апта бойы ұйымдастырып келеді. Алғашқы күні кент әкімі Болат Амангелдіұлы өзі бастап ыстық тағамдарды ауруханаға апарып, пандемия кезінде өз өмірлерін қатерге тігіп, бүгінгі қоғамның батырларына айналған медицина қызметкерлеріне алғыс білдірген болатын.
Тамақ апару барысында олар барлық сақтық шаралары қатаң сақтауда. Мемлекеттік қызметшілердің бұндай қайырымдылығын естіген бала-бақша ұжымдары 20-шы шілдеден бастап бұл істі әрі қарай қолдауға ниет білдіріп отыр.
⠀
Жалпы айтқанда, доссорлық мемлекеттік қызметшілер төтенше жағдай енгізілген наурыз айынан бастап өздерінің жинақталған кәсіподақ жарнасына жағдайы төмен отбасыларды азық-түлікпен қамтамасыз етіп келеді.
Сондай-ақ, дезинфекция жұмыстарына да ерікті түрде атсалысып, тұрғындар қауіпсіздігі үшін бұл жұмысты да жатсынбады.
Олардың тарапынан көрсетіліп жүрген бұл қолдаулардың жарияланбағаны мемлекеттік қызметшілердің қарапайымдылық қасиетінің көрінісі деп түсінуге болады.
Дегенмен қазіргі уақытта әлеуметтік желілерде тұрғындардың “әкімдіктегілер кабинеттерінде креслода отырғаннан басқа түк бітірмейді” деген пікірлерінен кейін, мемлекеттік қызметкерлермен байланысып, олардың жасап жатырған жақсылықтарын бөлісуді жөн көрдік.
Иә, мемлекеттік қызметшілер “оң қолың бергенді сол қолың көрмесін” деген қағиданы берік ұстанған. Дегенмен қара халықтың қамын ойлаған бұл қызметкерлердің еңбегін біліп жүру әсте абзалырақ болар.
М.Ізтұрғанова
Суреттер автордікі