Дала өртінің алдын алуға арналған жаттығу

(0 Votes)

Өрт – адамзаттың қас жауы. Әсіресе, дала өрті – табиғатқа және мемлекетке орны толмас шығын әкеледі. Осы орайда аудан көлемінде далалық жерде ықтимал өрт пайда болған кезде, ерікті өрт сөндіру жасақтарының және мекеме, ұйымдардың дайындығын тексеру мақсатында 23 маусым күні Бәйгетөбе ауылдық округінің теміржол өткелі тұсында оқу-жаттығу өткізілді.

Аудандық әкім аппараты және аудандық ТЖБ-нің ұйымдастырумен өткен оқу-жаттығуға 33 мекеме, 2-дана АЦ-40 өрт сөндіру автокөлігі, су тасығыш көлігі, Ямобур Газ-66, трактор, жанар-жағар май көлігі, жүк тасығыш және қосалқы жеңіл көліктер техника қатыстырылды. Жазғы өрт қауіпі кезеңінде дала өрттерін, сондай-ақ мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшелері жоқ елді мекендердегі өрттерді ерікті өрт сөндіру жасақтарымен сөндіруді ұйымдастыруды мақсат еткен шараға Мақат кенті әкімінің аппараты, Доссор кенті әкімінің аппараты, Бәйгетөбе ауылдық округі әкімі аппараты, аудандық төтенше жағдайлар бөлімі, аудандық телекоммуникация торабы, "Атырау Су Арнасы", "Доссормұнайгаз" МГӨБ, «Атырау-Жарық» АҚ, Мақат желілік өндірістік басқармасы, №8 Өрт сөндіру бөлімі, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі, аудандық орталық аурухана, аудандық жергілікті полиция бөлімі мекемелерінің инженерлік-техникалары жұмылдырылды.

img_4196

Оқу-жаттығудың тактикалық жоспары бойынша арнайы дайындалған жерге өрт қойылды. Дабыл соғылып, белгілі аймақта өрт оқиғасы тіркелгендігі жөнінде хабар берілді. №8 Өрт сөндіру бөлімі бөлімшесінің кезекші радиотелефонисі өрт туралы хабарды алғаннан кейін Бәйгетөбе ауылдық округінің әкімдігіне, басшы құрамға және ауданның барлық өмірлік маңызы бар қызметтеріне шұғыл хабар берді.

img_4123

Оқиға орнына полиция қызметкерлері қоршауға алып, Мақат, Доссор кенттері Бәйгетөбе ауылдық округ әкімдіктері жанынан ерікті өрт сөндіру жасақтары арнайы өрт сөндіру құралдармен келіп, өртті сөндіруге тырысты.

img_4193

Кейін өрт сөндіру бөлімінің техникасы мен мамандары қызыл жалынды сөндіруге бірден кірісіп кетті. Ерікті өрт сөндіру жасағының бір мүшесі ыстықтан түтіннен тұншығып, жедел-жәрдем қызметкерлері алғашқы медициналық көмек көрсетті.

img_4169

Тілсіз жау бағыт алған алаңды арнайы өрт сөндіру мамандары өртті  дер кезінде ауыздықтады. Көзді ашып-жұмғанша сақадай сай техника апаттың алдын алды. Барлығы шынайы түрде болды. Оқу-жаттығу жиынынан соң қатысушылар мен бақылаушылар аумақтағы штабқа жиналды. Төтенше жағдайлар бөлімі басшысы Аслан Камалов және аудан әкімінің орынбасары Болатбек Сәрсен оқу-жаттығу шарасына қатысқан арнайы қызметкерлердің деңгейін бағалап, қызметкерлердің шеберліктерімен қоса қателіктерінде атап өтіп, апаттардың алдын алу бойынша жұмыстарды одан әрі жалғастыруды тапсырды. 

 

М.ІЗТҰРҒАНОВА

Суреттер автордікі

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521