Бас дәрігерімен сұқбат: «Омикрон» штаммы қаншалықты қауіпті?

(0 Votes)

  Коронавирустың жаңа қарқыны белең алып, статистика күннен күнге нашарлап бара жатқан тұста Мақат аудандық ауруханасының бас дәрігері Балжібек Абленовамен әңгімелесуді жөн көрдік.

- Балжібек Абулхаирқызы, ауданымыздағы эпидахуалды қалай бағалайсыз?

- Қазіргі таңда аудандағы эпидахуал тұрақты. Бірақ 2 апта көлемінде күн сайын 10 шақты адам тіркеліп отыр. Қазақстанға «омикрон» штаммы кірген бір айға жуық уақыттан бері науқастарда ЖРВИ белгілері ауыр өтіп жатыр. Бірден температура көтеріліп ары қарай коронавирус инфекциясы анықталуда.

 - «Омикрон» штаммының бұған дейінгі басқа штаммдардан айырмашылығы неде?

- «Омикрон» тез дамиды, әрі тез таралады. Ол бірден бірнеше адамды ауыртуы мүмкін. Бастапқыда қызу көтерілу, тамақ ауруы, жөтел, әлсіздік деген сияқты белгілері болады, бірақ ПТР сынама алынғанда коронавирус инфекциясы болып шығып жатыр.

- Сіз айтқан симптомдармен адамдар жыл сайын ауырын жүрген жоқ па еді?

- Тұмау деген ешқашан өкпе қабынуына асқынбайды. Ал қазір 1-2 күн тұмау белгісі болады да, рентгенге түсіргенде өкпе қабынуы анықталуда. Адамдар жұмысынан қалғысы келмегендіктен үй жағдайында емделіп жүре береді. Солайша сақтық шараларын қолданбай, айналасына кесірлерін тигізуде. Біз тек қызулап келгендерден ПТР сынама алып анықтай аламыз. Ал келмей жүргендері қаншама?!

- Ревакцинациядан өту қаншалықты маңызды?

-  6 айдан кейін организмдегі жалпы иммунитет төмендейді. Сыртқы ортадан келетін вирусқа қарсы күрес болмайды. Иммунитет төмендегесін мідетті түрде ревакцинациядан өту қажет. Аудан бойынша үшінші доза ретінде салынып жатырған Vero Cell вакцинасы тегін. 13 қаңтардағы қаулы бойынша бұрын тек жүкті әйелдер мен жасөспірімдерге ғана егілген Pfizer вакцинасы медицина қызметкерлері мен 60 жастан асқандарға да салынуда.

- Ауданда бүгінгі күні қанша адамнан коронавирус анықталды?

- Бүгінгі күні барлығы 121 адамнан ковид оң нәтижемен тіркеліп тұр. 115-і амбулаторлық бақылауда. Ал стационарда 6 науқас емделіп жатса, олардың 3-еуі жүкті әйел. Былтырғы жаздан бері өлім жағдайы орын алған жоқ.

- Сөз соңында айтарыңыз?

-Әр адам сақтық шараларын орындап, дезинфекция жасап, бептерде киіп, адам көп шоғырланатын жерлерге бармаса, әсіресе зейнеткерлер, жүкті әйелдер және балалар үйде болса ауру өршімейді деген үміт бар.

- Сұхбатыңызға рахмет!

                                                                                                                               А. Есжан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT