Бабалар мұрасы – ұрпаққа аманат

(0 Votes)

Өнегелі өмірімен, тынымды ісімен халықтың сеніміне, сүйіспеншілігіне ие болған «Ардагерлер ұйымы» Республикалық Қоғамдық бірлестігі Орталық Кеңесі төрағасының бірінші орынбасары, тарих ғылымдарының докторы, профессор, академик Өмірзақ Озғанбаев Доссор жұртшылығымен кездесті.

Доссор әкімшілік ғимаратының үлкен мәжіліс залында өткен жиынға аудан әкімі Жұмабай Қарағаев, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Серік Мұхамбетов және кент тұрғындары, ардагерлер, жастар қатысты. Әңгіме ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы жайында өрбіді. «Жалпы, бұл мақала «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы ретінде қаралады. «Рухани жаңғыру» жалпы ұлттық бағдарламасының жаңа компоненттері ата-бабаларымыздың көп ғасырлық мұрасының цифрлық өркениет жағдайында түсінікті әрі сұранысқа ие болуын қамтамасыз етеді және оны жаңғыртуға мүмкіндік береді. Бұл – қара орман қазақтың басын біріктіретін, рухани маңызды мәселелерді бір арнаға тоғыстыратын маңызды құжат. «Ұлы даланың жеті қыры» ұлы даланың байлығын айшықтап, болашаққа жол сілтейді»,- деп сөз бастады Ө.Озғанбаев.

Ол өзінің баяндамасында Елбасы еңбегіне шолу жасай келіп, онда көтерілген негізгі мәселелерге тоқталды. Стратегиялық сипатқа толы, мемлекетшілдік сананы орнықтыруға негізделген бұл еңбектің мәні мен маңызын алдымен өзіміз жете түсініп, түйсіну керектігін атап айтты. Мақаланың ерекшелігіне жекелей тоқталған ақсақал оның жүзеге асу жайында ой қозғады. Президент аппаратының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын жүзеге асыруға құрылған эксперттік топтың мүшесі еліміздің барлық аймақтарында осы мақаланың аясында түрлі шаралар жүргізіліп отырғанын қаперледі.

Кездесу барысында Өмірзақ Озғанбаев қазақ елінің бүгінгі жетістігінің, беделінің жастар үшін жауапкершілікке толы екенін түсіндіріп, болашақ жастар үшін жасалып жатырған бастамалар туралы атап айтты. Соңғы елдегі саяси өзгерістер мен кең көлемді шараларға тоқталып, ардагерлер кеңесінің жасап жатқан жұмысы жайлы, жас ұрпаққа беретін тәрбиесі туралы өзіндік пікірін қалдырып, аудандық ардагерлер кеңесінің жұмысына сәттілік тіледі. Сонымен қатар, кент ардагерлеріне «Туған жер» бағдарламасын қолға алып, ауданның тыныс-тіршілігінен сыр шертер тарихи жинақ жасақтауға кеңес берді. Кездесу барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Халенов, кент ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Төлешқалиев Елбасының саясатын қолдап, оны халыққа насихаттауда белсенділік танытып келетіндіктерін тілге тиек етті.

Кездесу соңында Өмірзақ Озғанбаев өзінің «Бата дарып, бақ қонсын», «Тарихи тұлғалар тағылымы» кітаптарын кенттегі №3 Доссор кітапханасы және №4 Доссор балалар кітапханасына тарту етті.

М.ІЗТҰРҒАНОВА.

Сурет автордікі.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521