Алтын алқалы абзал жан

(0 Votes)

Жұдырықтай жүрегіне жылылық пен ұлылық ұялаған әйел - өмірдің мәні, тіршіліктің сәні. Олардың қоғамдағы, жалпы адамзаттың өміріндегі алатын орны ерекше.

Олай дейтініміз, әйел- отбасының ұйытқысы, ең бастысы “Ана” деген киелі ұғымның иегері, сұлулықтың символы. Осындай перизат аналардың бірі - Елбасы Жарлығымен алтын алқа иегері атанған Жайнагүл Күмісбаева. Оның ғұмыры - баршаға насихаттауға лайық ғұмыр. Өйткені, оның өмір жолы сырғалы сіңілілері үшін таптырмас өнеге деп айтуға болады. Жиырма жылға жуық уақытын өлкеміздегі медицина саласының дамуына арнап келе жатқан көп балалы ана Доссор селолық ауруханасының жалпы тәжірибелі дәрігері болып қызмет атқарады. Жайнагүл Қайыржанқызы 1974 жылы Доссор кентінде дүниеге келді.

1992 жылы кенттегі Билинский атындағы орта мектепті тәмамдап, Ақтөбе медициналық академиясына оқуға түседі. Алты жыл медицина саласының қыр-сырына қанығып, «терапевт» мамандығын алып шығады. 1999 жылы Доссор селолық ауруханасына терапевт болып жұмысқа орналасып,2016 жылы көп жылғы еселі еңбегінің арқасында жалпы тәжірибелі дәрігер қызметіне ауысады. 1998 жылы жұбайы Сидаков Бейімбетпен мәңгілік бірге болуға серттесіп, отау құрады. «Ерлі – зайыпты тату болса, шырағы жанар» деп, отбасы құндылығын асқақтатқан ата-бабаларымыз ұрпақтың тектілігіне ерекше мән берген. Орамал тағылған соң Жайнагүл осы ұстаныммен ибалы келін, үлгілі анаға айналды. Қазір тоғыз балалы, алтын құрсақты Жайнагүлдің төсінде «Алтын алқа» жарқырап тұр. Жанаргүл, Дана, Дамира, Жаңылсын, Рината, Бейбарыс, Кәусәр, Жұлдыз, Амира есімді балаларының арқасында батыр ана атанды. 2007 жылы "күміс алқа" алса, ізін суытпай, 2013 жылы "алтын алқаға" ие болды. Балаларының үлкені Жанаргүл Алматы қаласындағы халық шаруашылығы университетінің 2 курс студенті болса, Дана биыл 11 сыныпты аяқтайды.

Анасының жолын қуып, Дана болашақтың есігін медицина саласы бойынша ашқалы отыр. Кейінгі бес баласы мектеп жасында, Жұлдызы балабақша кезегін күтулі екен. Ал, үйдің кенжесі тоғыз айлық Амира тәтті қылықтарымен отбасын мерекеге бөлеп отыр. Келешек ана тәрбиелеу де үлкен іс. "Қызға қырық үйден тыйым" деген мақалға жүгініп, алтын алқалы ана қыздарын өзгеге үлгі боларлықтай етіп тәрбиелеуде. Бүгінде ол тағдырдың тарау жолдарында кездескен қандай да болмасын, ауыртпалық, қиындықпен табанды түрде күресе біліп, кедергілерді жеңіп келеді. Жанұяның тірлігін арқалап, қызметінде жақсы нәтиже көрсете білген Жайнагүлдің еңбегі мақтау, марапатқа тұрарлық. Әріптестеріне «ақ халаттарыңды кір шалмасын» деген ұстаздық, аналық ақ тілектегі құрметті дәрігер, абзал ананың отбасы шаттығына бөленген ғұмыры бізге үлгі.

М.ІЗТҰРҒАНОВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521