Аймақтың жайын аралаған біледі

(0 Votes)

Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұрлыбек Ожаев «Nur Otan» партиясы  Сайлауалды бағдарламасының іске асыру жөніндегі жол картасының орындалу барысын бақылау мақсатында мұнайлы Мақат өлкесіне жұмыс сапармен келді. Қабылданған заңнамалық жаңашылдықтарды таныстырып, ауданға қатысты өзекті мәселелердің шешілуін бақылауға алды.

Әр азаматтың аманаты – басты назарда

Алдымен халық қалаулысы «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Қабылдауға келген Мақат кентінің тұрғыны, жалғызбасты ардагер Жұмабай Сейтенов зейнетақы аздығы еміне қажетті дәрі-дәрмекке жетпейтінін айтып, көмек сұрады.

img_4868

Ж.Сейтеновке асқазан ауруы және теміртапшылық анемиясы диагнозы қойылған. Өзінің денсаулық жағдайымен таныстырған тұрғын дәрі-дәрмекке қаржылай көмек сұрап келгенін жеткізді. Денсаулығына байланысты үнемі қолданатын емдік дәрілерін уақтылы алу, тиісті ем шараларын және дәрі-дәрмектерін алу үшін Парламент Мәжілісінің депутаты Н.Ожаев материалдық көмек беретін комиссияға арыз жазып, тұрғынның мәселесін толыққанды шешуге аудандық орталық аурухана басшылығына тапсырма берді. Сондай-ақ, аудандық мәслихат депутаттарын да жалғызбасты ардагерге көмек қолын созуға шақырды.

Қабылдауға тұрақты жұмыс сұрай келген Батыржан Байбоз биыл Х.Досмұхамбетов атындағы Атырау мемлекеттік университетінен химия пәні мұғалімі мамандығын алып шыққан. Жас маманға әрқашанда қолдау бар екенін жеткізген Нұрлыбек Жұмахметұлы еңбекке араласудағы алғашқы қадамына сәттілік тіледі.

Қабылдау барысында Б.Байбоз Л.Шахатов атындағы орта мектебіне химия пәні мұғалімі болып жұмысқа орналастырылды.

Жастармен жарқын жүздесу

Одан әрі іссапар аудандық жастар ресурстық орталығында жалғасты. Бір топ белсенді жастармен кездескен халық қалаулысы Н.Ожаев аудан жастарының тыныс-тіршілігімен танысты. Жастар бойында азаматтық және патриоттық көзқарасын қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған кездесуге аудан әкімі Шәкір Кейкин, Атырау облыстық мәслихат депутаты Серік Қадыров, Атырау қалалық мәслихат депутаты Әміржан Нұрланұлы, аудандық мәслихат депутаттары Қуаныш Исмагулов және Әсел Қаржауова қатысты. Отырыс барысында қазіргі таңдағы жастар мәселесіне қатысты өзекті тақырыптар қозғалып, халық қалаулылары мен жастар арасында сұрақ-жауап арқылы сұхбат жүргізілді.

Халық қалаулылары жастармен тең дәрежеде әңгіме өрбітті. Кешегі мен бүгінгі жастардың психологиясын, белсенділігін  салыстыра отырып, жас буынға мемлекет үлкен үміт артып отырғанын жеткізді.

img_4932

Жастар атынан сөз алған Б.Қанатбаев атындағы орта мектебінің директоры Азамат Дәулетқалиев елдің сенімін арқалаған Нұрлыбек Жұмахметұлының жаңа қызметіне абырой мен сәттілік тілей отырып, мемлекет тарапынан жас буынға жасалған қамқорлық пен жеңілдіктерді тиімді пайдаланып, елге қызмет ету - ортақ парыз екенін жеткізді.

img_4889

Кездесу барысында аудан жастары әнұранының тұсауы кесілді. Әнұранның әні мен сөзін жазған авторы айтыскер ақын, журналист Анварбек Садықов домбыраның күмбірімен әнді орындап, жастар қосыла шырқады.

img_4955

Кездесу соңында Нұрлыбек Ожаев аудан әкімі Шәкір Кейкінұлына Әнес Сарайдың «Махамбет» және Амангелді Шамғоновтың «Ұлы дала батыры – Тайманның ұлы Исатай» кітабын табыс етсе, Исатай Тайманұлының 230 жылдығына арналып шығарылған  «Қолбасшы» кітабын аудандық жастар ресурстық орталығына естелік тарту етті.

Су-өзекті мәселенің бірі

Сондай-ақ, Нұрлыбек Жұмахметұлы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің аграрлық мәселелері комитетінің мүшесі ретінде, аудан ауыл шаруашылығының дамуындағы кейбір түйткілді мәселелерге де назар аударды.

Сапар барысы ауданға қарасты 402-ші бекетте қорытындыланды. 200 түйе, 700 жылқы бағып отырған «Азамат» шаруа қожалығына Нұрлыбек Ожаев арнайы барып, шаруагерлермен кездесті.

Түркіменбай Мұқанов мал шаруашылығымен 2002 жылдан бастап айналыса бастаған. Бүгінде мемлекеттің қолдауынсыз өз қаражатымен ісін дөңгелентіп отыр.

img_4996

Қазіргі таңда аудан тұрғындарын табиғи өнім - шұбатпен қамтамасыз етуде. Кәсіпкер қайырымдылық шарасынан да қалыс қалмай келеді. 2019-2020 оқу жылы Мақат ауданындағы Х.Санбаев атындағы орта мектебіндегі 25 манту сынамасы ісінген, туберкулезге бейім оқушыларды бір жыл тегін, күніне 5 литр шұбатпен қамтамасыз етті. Оқушылардың шұбат тұтынуы нәтижесінде келесі жылы 23 баладан «оң» нәтиже шығып, аурулары түбегейлі жойылған. Одан кейін оқушылар онлайн оқыту жүйесіне көшіп, бұл үрдіс тоқтап қалды. Алдағы уақытта оқушылар дәстүрлі оқу форматына қайта оралса игі ісін жалғастыру кәсіпкердің ойында бар.

Парламент Мәжілісі депутатына кәсіпкер Түркіменбай Мұқанов ауылшаруашылығы саласындағы ең өзекті су мәселесін қозғады. Ауданға жақын 30 шақырым жерден Қиғаш өзенінен келетін техникалық судан су құбырын жүргізуге көмек сұрады. Ауданда шабындық жер жоқ болғанымен, жайылымдық жер бар. Дегенмен су болса, оны әрі қарай дамытуға мүмкіндік мол дейді шаруагер. Кәсіпкер жайылымдық, өріс төңірегіндегі кейбір ұсыныстарды жеткізді. Жайылым кезіндегі малды суару жағдайлары барысы бойынша ұсыныс-пікірлерін білдірді.

Мәжіліс депутаты Н.Ожаев шаруагер көтерген бұл түйткілдің уақтылы шешілуі үшін күш салатынын айтты.  Депутат барлық қойылған сұрақтар мен ұсыныстарды және проблемаларды қорытындылап,, нақты іс-шаралар қабылдау үшін Үкіметке жіберуге, сондай-ақ оларды алдағы заң шығару жұмыстарында ескеруге ниетті.

Н.Ожаев көршілес аудандарды да аралап, тұрғындармен жүздесуді жоспарлап отыр. Бұл жұмысқа айқын бағыт, оң бағдар берері даусыз.

М.ІЗТҰРҒАНОВА

Суреттер автордікі

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT