Ақтау қаласында белбеу күресінен 2006-2008 жылы туған жасөспірімдер арасында ел біріншілігі өткен болатын. Ұлдар мен қыздар арасында ұйымдастырылған Қазақстан Республикасы чемпионатына еліміздің барлық аймағынан 400-ден астам спортшы қатысты. Олардың арасында жергілікті балуандарымыз да болды.
Белбеу күресі – белі байланған екі жауынгердің өзара жекпе-жегін көрсететін ежелгі күрес түрі. Спортшылар жекпе-жек кезінде бір-бірін белбеуден ұстап, белдеседі және әрқайсысы өз қарсыласын жығуға және жеңуге тырысады.
Иә, күресу өнері қазақтың әр баласының бойында бар қасиет. Сондай қасиетке ие, болашағынан зор үміт күтетін өреннің бірі – Әділет Ержанұлы. Мақат балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің дзюдо үйірмесінде жаттығатын ол аталмыш чемпионаттың қола жүлдегері атанды.
Әр спортшының артында жаттықтырушының еселі еңбегі бар екені анық. Әділеттің ұстазы Ерлан Шынтасов баланы балғын шағынан шебер күресуге машықтап, түрлі айла-тәсілдері мен ережелерін үйретіп келеді.
М.ІЗТҰРҒАНОВА