Тәттілері тіл үйірген кондитер

(0 Votes)

Қазіргі таңда әлеуметтік желі адамның дамуына, жеке кәсібін бастауына жол ашуда. Әсіресе жастар арасында жеке бизнесін қолға алып, идеяларын жүзеге асырып жүргендер жетерлік. Ғаламтор арқылы хоббиін кәсіпке айналдырғандардың бірі – Аружан Серікқалиқызы. 

– Аружан, өзіңіз жайлы қысқаша айтып өтсеңіз? Сіздің кондитерлік әлемге деген қызығушылығыңыз қалай басталды?

– Мақаш ауылының тумасымын, Ә.Сәрсенбаев атындағы орта мектепті тәмамдадым. Атыраудағы Каспий өңірінің қазіргі заманғы жоғары колледжін құқықтану мамандығы бойынша оқып бітіріп, қазіргі уақытта облыстық полиция департаментінде қызметтемін. Тәтті пісіруге әуестігім қол бостағы тек хоббиім ғана. Бұл құр әуестік емес, әйел баласы болған соң өмірде керек деген ойдамын. Кондитерлікке шыны керек, карантиннің салдарынан келдім десем де болады. «Бір жаманның бір жақсысы болады» дегендей, мен де қарап отырғанша ата- анама көмегім болсын деп бір пайдалы іспен шұғылдансам деген ой келді. Өзімнің еш жалықпай жасайтын нәрсем тәттілер пісіру болғандықтан бірден инстаграм желісінен онлайн шеберлік сыныптарды іздеп тауып, қатысып өз қабілетімді одан әрі дамыта түстім. Одан бөлек, Youtube платформасынан үнемі кулинариялық шоуларды үзбей қарайтынмын. Міне, солай менің тәтті пісіруге деген махаббатым одан әрі арта түсті. Тырнақалды туындым «Сүтті қыз» торты болды. Ол уақытта хит тәттілердің бірі болатын. Әжеме бірінші боп дәмін татқызып, ақ батасын алып, кішкентай балаша қуанғаным әлі есімде. Бүгінде жиырмаға тарта торт түрін пісіре аламын. Бұдан бөлек кез келген тәттіні, әлеуметтік желіден қарап жасап көруге қорықпаймын. Үнемі жаңасын көріп қалсам, міндетті түрде пісіріп, отбасыма дәмін татқызып көремін.

– Тұтынушылар сізге көбінесе қандай торттарға тапсырыс береді?

– Әркімнің талғамы әртүрлі. Не дегенмен де тұтынушыларым «Сникерс», «Сүтті қыз», «Қызыл бархат» секілді танымал торттарға тапсырыс береді. Сонымен қатар соңғы кезде «бенто торт» деген көпшіліктің көңілінен шығып, сұранысқа ие болуда. Әсіресе, үлкендерден гөрі жасөспірім ұл-қыздардың туған күн кештерінде осы тортты туған күн иесіне сый етіп тартуы трендке айналды десем артық айтпаспын.

– Сіз жасаған торттардың тұтынушыларға ұнамай қалған кезі болды ма? Мұндай ситуациядан қалай шығасыз?

– Ондай жағдай барлық кондитердің басынан өтеді деп ойлаймын. Менің клиенттерімнің арасында да ұнатпай қалғандарының болғаны рас. Алайда, мен «клиент всегда прав» деген қағиданы ұстанамын. Ол не айтса да өз пікірін айтуға құқылы. Мен клиенттерімнің кері байланыс арқылы ғана өз қателіктерімді жөндеп, кем-кетік тұстарымды өзгертемін. Бірақ мұндай жағдайлар өте сирек болады. Әрқашан да көбісі маған алғысын жаудырып, жүрекжарды тілектерін айтып жатады.

– Осы салада кімді үлгі тұтасыз? Инстаграм желісінде өзіңіз секілді кондитерлерді бақылап отырасыз ба?

– Менің өзім үнемі таңғалып, үлгі алатын жан ол – Әсел Жұматай. Қазақстандағы ең алғашқы «Balzere school» мектебінің негізін қалаған алғашқы кондитер. Қазақ тілді фуд- блоктар жүргізіп, инстаграмда танымалдылыққа ие болуы менің арманыма қанат бітірді. Үнемі мотивациям жоғалған сәтте Әсел Жұматай ханымның инста желісін шолып шығамын. Одан бөлек, Бадди Валастро, Дафф Голдман секілді есімі аңызға айналған тұлғалардың парақшасын тұрақты оқимын.

– Идеяларды қайдан аласыз? Сізді не шабыттандырады?

– Соңғы кезде өз ойларымды қадағалап байқағаным, идеялар маған смартфонды аз пайдаланған күндері келеді екен. Тіпті қарапайым ыдыс-аяқ жуып, өз киім сөрелерімді жинаған сәтте де үнемі миымда неше түрлі идеялар туындап, көз алдымда елестете бастаймын. Ал, одан бөлек, «Pinterestтен» торттардың түрлілігін көріп, шабыт аламын. Қазіргі қызметімде бос уақыт көп бола бермейді, сонда да уақыт табуға тырысамын. Тапсырысқа байланысты кемінде күніне төрт немесе бес торт пісіремін. Әрине оның бәрі көп уақыт алады. Дегенмен, мен өз ісімді сүйіп, ләззат алғандықтан қиындығы жоқ. Тапсырыстарымды дайындап біткен соң көңілімді бөліп, достарыммен қыдырып, көңіл көтеремін.

– Болашаққа құрған қандай жоспарыңыз бар?

– Болашаққа деген мақсаттарым, жоспарларым өте көп. Алайда оны жариялағанды құп көрмеймін. Өйткені, жоспармен бөліссең орындалмайды деген сөзге сенемін. Бірақ болашақта Қазақстанда бұрын- соңды болмаған шеберлік сынып, тренинг ұйымдастырғым келеді. Тик-токта ас әзірлеген видеоларды сапалы түрде ұсынып, осы салада ойып тұрып орын алғым келеді. Өзіммен құрдас қыз-келіншектерді осы салаға баулып, олармен бірге үлкен жобалар бастауды жоспарлаймын! – Аружан, әсерлі әңгімеңізге алғысымыз шексіз! Армандарыңыз орындалып, биіктерге самғай беріңіз!

Сұхбаттасқан Мадина ЖЕДЕЛБАЕВА,

С.Демирель атындағы университеттің журналистика факультетінің түлегі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT