Теміржол саласында еңбек етіп жүргендердің барлығын жұрт бір сөзбен «теміржолшы» деп атайды. Алайда осы атаудың артында сан түрлі кәсіп иесі, тынымсыз еңбек, үлкен жауапкершілік, қайрат пен қайсарлық жатыр. Олардың арасында жол бойында күннің аптабында да, қара суығында да тыным таппай жұмыс істейтін жолшы, темір тұлпарды тізгіндеген машинист, қырағы көзді диспетчер, жолаушы қауіпсіздігін қадағалаушы жолсерік, жауапты шешім қабылдайтын инженер мен станция, вокзал және бөлімшелердің басшылары бар. Бірі – қара күшке сүйенсе, енді бірі – зердеге, байсалды байлам мен жедел шешімге иек артады. Бұл саланың кейбір қызметтері терең техникалық білімді, үздіксіз ізденісті қажет етеді.
Темір жолдың ауыр да қатерлі, бірақ мәртебелі қызметін өз өмір жолымен ұштастырған, кәсіби біліктілігімен дараланған азаматтар аз емес. Олар үшін басты ұстаным – тәртіп пен талап, қауіпсіздік пен жауапкершілік. Қазақта «Еңбек ер атандырады» деген аталы сөз бар. Осындай өнегелі сөзге теңеу болар біздің елдің марғасқа ағалары да аз емес. Солардың бірі жарты ғасырға жуық уақыт бойы теміржол саласында еңбек еткен – Мереке Мұханбетжанов.
Ол бұл саланың ыстығы мен суығына шыдап, ұжымда сыйлы, сөзі өтімді маманға айналған жан.Уақытпен санаспай еңбек ету – оның өмірлік қағидатына айналған. Жас мамандарға бағыт-бағдар беріп, тәжірибесімен бөлісуден жалықпайтын жанның өнегелі жолы – бүгінгі буынға үлгі. Оның әр күні – темірдей тәртіппен, асқан жауапкершілікпен өрілген еңбек шежіресі.
Ол 1961 жылдың 22 маусымында Исатай ауданына қарасты Жанбай ауылында дүниеге келген. 1978 жылы он жылдық мектепті аяқтаған бозбала еңбекке ерте араласып, алғашқы жұмысын Атырау геофизика мекемесінде бастайды. Бұл өмірдің ащысы мен тұщысын тани бастаған, еңбек тәртібіне бой үйреткен кезең еді. Бір жылдық жұмыс тәжірибесінен кейін жүрегінде ұялаған қызығушылық оны темір жол саласына жетелеп әкелді. 1979–1982 жылдары Гурьевтегі теміржол техникумында «Теміржол шаруашылығын пайдалану және құрылыс» мамандығын меңгеріп, кәсіби білім мен білікті тәжірибені ұштастыра білді. 1984 жылы азаматтық борышын өтеп оралған соң, нақты мамандығы бойынша еңбек жолын бастап кетті. 1985 жылдың күзіне дейін табысты еңбек етті. Кейін Нарын бекетіне жұмысқа аттанып, 1988 жылға дейінгі аралықта жол бригадирі (жол бапкері) қызметін атқарды. Осындағы тәжірибесі мен кәсіби шеберлігі оны жоғары қызметке жетеледі. 1988 жылдан бастап 2011 жылға дейін Мереке Шайхоллаұлы Нарын бекетінде Ганюшкино жол дистанциясының жол шебері қызметін атқарды.
Алғашқы қызмет орны – Аққыстау бекетіндегі жол дистанциясы. Қарапайым жол жөндеуші болып кірген жас маман ұжым ішінде жауапкершілігімен, тиянақтылығымен көзге түсіп, жол шебері қызметіне дейін жоғарылатылды. Қызметтік міндетін мүлтіксіз орындап, әріптестері арасында абыройға ие болған Мереке Шайхоллаұлы осы жылдар ішінде мекеме тарапынан бірнеше мәрте марапатталып, Нарын ауылынан қызметтік пәтер берілді. Жұмыс орнын ғана емес, тұтас ауылды жүрегіне жақын тартып, бұл мекен оның екінші үйіне айналды. 2011 жылы құрылымдық өзгерістерге байланысты жол дистанциясы Атырау қаласының қарамағына ауысты. Бұл оның еңбек жолындағы жаңа кезеңнің бастауы болды. Осы уақыттан бастап 2024 жылға дейін №7 учаскелік басшысының орынбасары қызметін атқарды. Міндеті ауырлағанымен, Мереке ағамыздың ісіне деген адалдығы, бай тәжірибесі мен жауапкершілікке деген көзқарасы бұл кезеңді де абыроймен еңсеруге сеп болды.
Қырық жылға жуық уақытын темір жолға арнаған оның еңбегі ел назарынан тыс қалған жоқ. Әр жылғы кәсіби мерекелерде, түрлі салалық деңгейлерде алғыс хаттар мен марапаттарға ие болды. 2012 және 2017 жылдары «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы Президентінің алғыс хаты, 2023 және 2024 жылдары аудандық мәслихат төрағасының алғыс хаттары соның бір парасы ғана. Ал 2020 жылы Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің бұйрығымен берілген «Құрметті теміржолшы» төсбелгісі оның қажырлы еңбегінің айқын бағасы. 2024 жылдың шілдесінде зейнеткерлікке шыққан Мереке Шайхоллаұлы бүгінде бір әулеттің ақылшысы, отбасының ардақты әкесі, немере-жиендерінің сүйікті атасы. Қарапайымдылығымен, еңбекке деген адалдығымен көпке үлгі бола білген азамат қазір де айналасына ақылын айтып, бағыт-бағдар беріп отыр.
Міне, Мереке Мұханбетжановтың өмір жолы бір маманның ғана емес, тұтас бір дәуірдің шежіресі іспетті. Қарапайым жол жөндеушіден учаскелік басшысының орынбасарына дейінгі еңбек жолы табандылықтың, адалдықтың, кәсібіне деген шынайы сүйіспеншіліктің үлгісі. Ол темір жолдың тек рельстері мен бекеттерін емес, ұрпаққа үлгі боларлық өмір жолын да берік етіп салды. Еңбегінің еленуі – елге сіңірген еселі еңбектің, үздіксіз ізденіс пен маңдай тердің өтеуі. Бүгінде ол тек теміржолшы ғана емес, бір әулеттің тірегі, кейінгіге ақыл айтар ардақты ақсақал. Мереке ағамыздың өнегелі өмірі жас мамандарға үлгі, темір жол саласына келген әрбір жан үшін биік межеге айналары сөзсіз.
Еркебұлан ЗИНЕДЕНОВ
Исатай ауданы