Өткен жылы Атырау облысының қасиетті топырағында тағы бір рухани жаңғырудың куәсі болдық. 2024 жылдың 26-27 қыркүйек күндері өткен «Saz Perneli Saraishyq» халықаралық «Dombyra» фестивалі ұлттық өнердің мәртебесін биіктетіп, түркі халықтарының арасындағы мәдени байланысты одан әрі нығайтты деп ойлаймын.
Фестивальге Қазақстан, Өзбекстан, Татарстан, Қарақалпақстан, Қырғызстан елдерінен келген өнерпаздар қатысып, домбыра мен оған ұқсас ұлттық аспаптарда өз өнерлерін көрсетті. Шараның басты мақсаты – қазақтың қасиетті домбырасын ұлықтау, түркі жұртының ортақ музыкалық мұрасын дәріптеу және жас ұрпаққа осы асыл қазынаны жеткізу. Сарайшықтың қасиетті топырағында домбыра үні қалықтап, әрбір тыңдаушының жанын тербеді және басты мақсат орындалды деп пайымдаймын.
Домбыра – түркі халықтарының ортақ қазынасы. «Saz Perneli Saraishyq» фестивалі ұлттық өнерді халықаралық деңгейде насихаттауға қосылған маңызды үлес болмақ. Түркі халықтарының музыкалық мұрасын жаңғырту, жас буынға жеткізу – келешек ұрпақ алдындағы міндетіміз. Күй күмбірі үзілмесін, түркі халықтарының мәдени байланысы нығая берсін!