Майкөмген ауылын жырға қосқан Қабиболла Сыдиықов, әңгімесіне арқау еткен Әбіш Кекілбаев сынды ұлы тұлғалардың өнегелі ісін жаңғыртқан аудандық жас ақындар мүшәйрасы өтті.
Ұлыттық мереке – Республика күнінде Майкөмген ауылының құрылғанына 60 жыл толу мерейтойына орай өткен жыр додасын аудандық Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды. Оған 9 жас ақын қатысып, жүректен шыққан сөзі арқылы ауылды жырға қосты.
Жергілікті жазба ақындық өнерді дамыту, халық арасынан талапты, талантты жастарды іздеп табу және қолдау көрсету, рухани, мәдени құндылықтарды келешек ұрпаққа жеткізу, жас ұрпақтың көркем әдебиетке қызығушылығын арттыруды мақсат еткен мүшәйра 2 кезеңнен тұрды. Алдымен, қатысушылар алдын ала дайындап әкелген Майкөмген ауылына арнап шығарған өлеңдерін оқуы тиіс. Ал екінші кезеңде жеребе суыру арқылы жасырылған тақырыпқа сай 20 минут ішінде бір өлең жазуы қажет.
Жас ақындарға бағасын беретін әділқазы алқасы мүшелері де таныстырылды. Ауылдық округ әкімі Нұржарық Сауытов төрағалық еткен алқа құрамында аудандық білім бөлімінің әдіскері, N17 мектеп директорының орынбасары Інжу Ермекбаева, жергілікті қаламгер Мизамбай Жексенбаевтар болды.
Бір кезде сахнаға сиясы кеппеген, еш жерде жарияланбаған өлеңдерін алып жас ақындар да көтерілді. Олардың қатарында жастайынан өлең өлкесінде ысылған таланттар көп-ақ. Қазір бірі өндірісте қызмет етсе, енді бірі ұстаздық жолды таңдаған. БАҚ-та жұмыс жасап жүрген тілшілер де осы байқауда бой көрсетті. Бірінен соң бірі қара өлеңнен шашу шашқан Жылқыбаев Асылбек, Мирова Анар, Амандықов Нұрлыбек Аманжанұлы, Хазиұлы Аманбек, Асылбекқызы Ақниет, Ахметкәрімов Ерназ, Ізбасарова Диана, Мадиев Даулет, Ізден Ерболаттардың жырлары майкөмгендіктердің жүрегіне жетіп жатты. Әділқазы мүшелері де үміткерлерді бағалау кезінде өлеңдерінің көркемдігіне, мәселені жете қабылдап түсінуі және тақырыпты толық ашуына, көркем мәтіннің орындалу шеберлігіне, өлең-жырларындағы сөз қолданысына, ұйқасына, дауыс мәнері және тіл тазалығына, сахна мәдениеті мен сахналық киім үлгісіне назар аударып отырды.
Бірінші кезеңде қатысушылар Майкөмген ауылы туралы, оның тереңде жатқан тарихы мен одан шыққан белгілі тұлғалар туралы қалам тербеген. Әсіресе су тасқыны кезінде үй-жайын тастап қашқан жылыойлықтарға күн демей, түн демей есігін айқара ашқан майкөмгендіктердің жанашырлығы мен адами құнды қасиеттерін жыр шумақтарына қосқандар көп болды. Алғысын өлең арқылы жеткізген ақындардың өлеңдері «Майкөмген, саған мың алғыс», «Маңғаз дала – Майкөмген», «Майкөмген – екінші төсегім», т.б. аталып жатты.
Мүшәйраның екінші кезеңінде жастар сахна төріне қойылған орындықтарға жайғасып, берілген арнайы тақырып бойынша өлең жазуға кірісті. Бұл ақын үшін – ең нәзік, ең әдемі әрі керемет сәттің бірі болса, олардың сол бойда суырып салып, өлең шығарып отырған осынау көрінісіне көрермендер де сүйсініп отырды. Ана тілі, поэзияның құдіреті, Қазақстанның келешегі, т.б тақырыпта қалам тербеген ақындар әп-сәтте-ақ дайын екендіктерін айтып, кезек бойынша жырларын оқи бастады.
Осылайша жырға сусындаған көрермендер де кештің бітуге таяп қалғанын байқамай қалды. Өнер бәйгесінде топ жарған жүйріктерді марапаттау үшін әділқазы алқасы мүшелері сахна төріне көтеріліп, бүгінгі мүшәйра жайлы жылы лебізін білдірді. Ауыл әкімі Н.Сауытов жанарынан от лаулаған жастарға алғысын жеткізді. Ол туған жерге деген зор махаббатын жырға қосып жүрген ақындар көпшілікке үлгі болатынын айтады. Поэзияның, мәдениеттің дамуына үлесін қосқан тіл жанашырларының алдағы уақытта да биік белестерді бағындыруын тіледі.
Бұдан соң өткір жырымен бәйгенің алды болып оза шапқан Майкөмген ауылы мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Дәулет Мәдиевті жүлделі 1-орынмен марапаттады. 2-орынды «Кең Жылой» газетінің тілшісі Ерназ Ахметкәрімов жеңіп алса, 3-орынды Нұрлыбек Амандықов қанжығасына байлады.
Барлық жеңімпаздар мен қатысушылар сыйлықтармен, алғысхаттармен ұлғыланды.
П.ТӘЖІ