Құлсарылық кәсіпкер тәулігіне 250 тонна тұрмыстық химия шығарады

(0 Votes)

Кұлсары қаласында «Жылыой ауданы мен бизнес әріптестері арасындағы ынтымақтастықты дамыту» тақырыбында кәсіпкерлік әріптестік форумы өтті.

Іс-шараға 200-ге жуық адам қатысты, оның ішінде 40-тан астам жергілікті кәсіпкер өз өнімдері мен қызметтерін ұсынды. Форумды ұйымдастырушылар – Атырау облысы кәсіпкерлер палатасы мен Жылыой ауданы әкімдігі. Іс-шараға «Теңізшевройл» (ТШО) компаниясы қолдау көрсетті.

ТШО бас директорының орынбасарының кеңесшісі Омар Әбдіев форум Теңіз жобасының мердігерлері мен Жылыой ауданындағы өнім өндірушілер арасындағы маңызды байланыстырушы алаң болатынын атап өтті:

— Бүгінгі форум Теңіз жобасының мердігерлері мен Жылыойлық кәсіпкерлер арасындағы экономикалық көпірдің бастауы болатынына сенімдімін. Бұл — өзара тиімді әріптестікке жол ашатын маңызды платформа, – деді Омар Әбдіев.

Форум аясында ТШО мердігер компаниялары да қатысып, жеткізушілерге қойылатын талаптар, сатып алу көлемдері және серіктестік бағыттары жөнінде ақпарат берді. Бұл — шағын бизнес үшін ірі тапсырыс берушілермен байланыс орнатып, өнімін нарық сұранысына бейімдеуге және өндірісті кеңейтуге нақты мүмкіндік.

Форумның басты оқиғаларының бірі — «Таңдау» жобасы жеңімпаздарының өнімдер көрмесі болды. Аталған жоба ТШО-ның қолдауымен Жылыой ауданын дамыту аясында Орталық Азияның Еуразия қоры (ОАЕҚ) арқылы жүзеге асырылуда.

«Таңдау» жобасының жеңімпазы Бекарыс Жүкатаевтың айтуынша, оның өндірістік цехы күн сайын 250 тоннадан астам өнім шығарады. Оған сабын, жуу және тазарту құралдары кіреді. Барлығы – отандық құрылғылармен жасалады.

— «Таңдау» жобасының арқасында біз қажетті жабдықты алып, бүгінде 10-нан астам түрлі өнім шығарып жатырмыз. Бұл – кәсіпті енді бастаған кәсіпкер үшін үлкен мүмкіндік, – деді ол.

Форум — жергілікті бастамалардың жүйелі шешімдерге ұласып, өңірдің экономикалық әлеуетін арттыра алатынының жарқын дәлелі.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT