Электр энергиясының тапшылығы болмайды

Электр энергиясы – бүгінгі өмірдегі басты қажет­тілік
(0 Votes)

Таяу жылдарда энергия тапшылығының өсуі орын алып, жаһандық проблемаға айналатыны жиі айтылып келеді. Әлемдік қауымдастық сияқты Қазақстан да бұл қиындыққа кезігетіні сөзсіз. Бұл туралы 2024 жылғы 2 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

Маңызды құжатта «Қазір әлемде энергия тапшылығы күшейіп барады. Елімізге сенімді және экологиялық таза қуат көздері аса қажет. Сондықтан біз атом энергетикасын дамытуға баса мән беруіміз керек деп ойлаймын. Себебі экономикамыз күн өткен сайын мол энергияны қажет етуде. Мұндай сұранысты атом энергетикасы қамтамасыз ете алады. Қазір дамыған және дамушы 30 мемлекетте 200-ге жуық атом электр стансасы жұмыс істеп тұр. Біз еліміздің өзіне тән ерекшелігін және ұзақ мерзімге арналған ұлттық мүдделерімізді ескере отырып, тек алға қарай жүруіміз қажет. Бір сөзбен айтсақ, болашақты ойлауымыз керек. Сондықтан мен атом электр стансасын салуға қатысты барынша байыпты шешім қабылдау қажеттігін ұдайы айтып келемін. Стратегиялық жоспарларды қоғамда кеңінен талқылау керек деп санаймын. Ел өміріндегі әрбір маңызды қадам жұртшылықпен бірлесіп жасалуға тиіс. Атом электр стансасы туралы референдумға қатысты да дәл солай болуы керек. Былтыр мен бұл мәселе бойынша өз пікірімді айттым, яғни, референдум тақырыбының қоғам талқысына түскеніне бір жыл болды. Бұл азаматтарымыздың жан-жақты ойланып, салмақты шешім қабылдауына жеткілікті мерзім деп ойлаймын» деген ел Президенті маңызды мәселеде Үкіметтің ұсынысын қолдайтынын мәлімдеп, атом электр стансасын салуға қатысты жалпыұлттық референдумды алдағы 6 қазанда өткізуді белгіледі.

АЭС құрылысын салу бойынша еліміздің көптеген өңірлерінде жария талқылаулар ұйымдастырылды. Онда атом саласының сарапшылары, тиесілі мамандар болашақ стансаның технологиялық қауіпсіздігі, оны салудағы әлеуметтік-экономикалық аспектілері, алынатын энергия көздерінің тигізер пайдасы төңіргеніде жан-жақты ақпараттар берді. Бұл маңызды пікірталасқа түрлі ақпарат құралдары өкілдері, әлеуметтік желіні пайдаланушылар, қоғам белсенділері, зиялылар қауымы белсене араласты. Талқылау барысында атом электр стансасы төңірегінде сан түрлі пікір айтылды. Чернобыль мен Фукусимадағы апат, Семей аймағындағы ядролық сынақтардың келтірген зиянын тізбелеп шыққандар Жапония мен АҚШ сияқты ғылым-білімі жан-жақты дамыған елдердің өзі толық қауіпсіздікті бере алмай отырғандығын алға тартып қарсылықтарын білдірді. Екінші жақ электр энергиясына деген жалпы қажеттіліктерді қанағаттандырудағы АЭС-тің берер мүмкіндіктері, қазіргі ғылым технологиялық прогрестің нәтижесінде апаттың орын алу қауіпі аздығын айтады.

Жалпы Қазақстанда атом электр стансасын салу қажеттігі туралы сөз 1997 жылдан бастап айтылып жүрді. Сонымен бірге, Ақтаудағы ескі МАЭК орнына жаңа стансасын салу мәселесі сан рет көтерілді. 2006 жылы Ресей ВБЕР-300 реакторын орнатуды ұсынды. 2014 жылы жапондық «Toshiba» компаниясы AR-1,000 реакторын және француздық «Areva» компаниясы EPR реакторын салуды ұсынды. Алайда бұл жобалар өз қолдауын таппай, жүргізілген келіссөздер оң нәтижесін бермеді. 2020 жылы АЭС құрылысы тағы да күн тәртібіне шықты. Бұл жолы да Ресей тарапынан Балқаш көлі маңындағы Үлкен ауылында қуаты 1,200 МВт-қа дейінгі реактор құру туралы ұсыныс түсті. Бұл да сол ұсыныс күйінде қалды. Бірақ, Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев 2021 жылғы халыққа Жолдауында 2030 жылға қарай елде электр қуатының тапшылығы туындайтынын ескертіп, оны шешудің бірден-бір жолы бейбіт атом екенін атады. Содан бері ел арасында АЭС салу мәселесі қайтадан өріс алды. Атом энергетикасы үшін ең алдымен уран отыны қажет. Ал, Қазақстанда бұл жағынан тапшылық жоқ, уран өндіру бойынша әлемде бірінші орында тұрмыз. Демек, біреуден уран сатып алу қажет болмайды, бәрі өзімізде өндіріледі. Атом индустриясын өркендету еліміздің бүкіл экономикасы үшін жаңа мүмкіндік ашады. АЭС салу елдің ғылыми-техникалық және жоғары білікті кадрлардың өсуіне мүмкіндік береді. Құрылыс кезінде 8000 адамға дейін жаңа жұмыс орындары пайда болады.

Қалай дегенде, электр энергиясы – бүгінгі өмірдегі басты қажет­тілік. Бүкіл әлем осы энергия­ның нәтижесінде жұмыс істейді. Адамзат сұранысына қажетті энергияның басым бөлігін қазір мұнай мен көмір­ден алып жатырмыз. Бұл табиғи шикізат көздерінің қоры алдағы алпыс-жетпіс жылда сарқылады деген болжам бар. Станса толық қуатына енгенде парниктік газдар шығынын жылына 8-10 млн. тоннаға дейін төмендетеді. АЭС салудың осындай артықшылықтарын ескере отырып, елімізде уақыт оздырмай құрылысын бастап кету қажеттігі туындады.

Айта кетейік, Қазақстанда АЭС салуға қатысты ұсыныстар Францияның «EDF», Қытайдың «CNNC», Ресейдің «Росатом» және Оңтүстік Кореяның «KHNP» компанияларынан түсті. Жалпыұлттық референдумда отандастарымыз құрылысты қолдап дауыс берсе аталған компаниялардың бірімен шарт жасалуы мүмкін. Салынатын атом стансасы құрылысына кететін шығын да есептеліп қойылды. Ол шамамен 10-12 млрд. доллар құрайды деп күтілуде. Қауіпсіздік талаптары да қатаң қадағалауда болады. Жоспарланып отырған АЭС-тің ІІІ+ буыны барлық ықтимал сыртқы əсерлерден қорғалатындығы көпшіліктің күпті көңілін біраз сейілткендей. Қазақстан стра­тегиялық зерттеулер институтының жүр­гізген сауалнамасына қарағанда қазірдің өзінде респонденттердің 60 пайызға жуығы референдумға қатысуға ниетті екендігін көрсетті.

Айбек НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT