Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының іске асырылу барысы туралы талқыланды. Бұған қоса ІТ-қызметтер мен өнімдер экспортын дамыту мәселесі де қаралды.
Жиында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев полигондарды жою және жасыл желектер санын көбейту жоспарының орындалу барысы жөнінде, Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев отандық өнеркәсіп кәсіпорындарының акцияға қатысуы туралы, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева экологиялық мәдениетті қалыптастыруға қатысты жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Сондай-ақ аталған мәселе бойынша бірқатар өңір әкімі тыңдалды.
Былтыр «Таза Қазақстан» акциясына 6,2 млн адам қатысты. Акция барысында 1,1 млн тонна қалдық жиналып, 1,6 млн ағаш отырғызылды. Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Мемлекет басшысының 2027 жылға дейін 2 млрд ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасына сәйкес, 2025 жылға арналған жоспар бойынша 494 мың гектар алқапқа 336,5 млн көшет отырғызылғанын айтты. Сонымен қатар 2021–2024 жылдары 1,1 млрд-тан астам ағаш егілген.
Өнеркәсіптік кәсіпорындардың қоршаған ортаны қорғау жоспарын іске асыруға қатысу мәселесіне ерекше назар аударды. Президент Жолдауында табиғатты қорғау ісіндегі бизнестің жоғары жауапкершілігінің маңызы ерекше атап өтілді. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметі бойынша, 2025 жылы «ERG» компаниялар тобы шамамен 1,8 млн жасыл желек отырғызуды жоспарлаған. 2024 жылы Solidcore Resources Қостанай облысында аумақты 1,5 мың гектарға дейін ұлғайту перспективасымен 500 гектар алқапқа орман отырғызу бойынша пилоттық жобаға бастамашылық жасады.
Премьер-министр «Таза Қазақстан» акциясы азаматтардың экологиялық мәдениетін орнықтыру, жалпыадамзаттық құндылықтарды қолдау және табиғатты қорғаудың жаңа идеологиясын қалыптастыру мәселесіндегі маңызын атап айтты. Акция экологиялық ахуалды жақсарту бағытында кешенді іс-шаралар көзделген 2029 жылға дейінгі ұзақмерзімді тұжырымдама мәртебесіне ие болғанына арнайы тоқталды.
«Президенттің барлық бастамалары, оның ішінде экология мен қоршаған ортаны жақсарту, заңдылық пен тәртіпті сақтау қағидаты әр адамның ой-санасы мен мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруға және сол арқылы жалпыадамзаттық құндылықтарды қолдауға бағытталып отыр. Олар уақытша науқанға емес, табиғатты аялауға, айналаңа, тарих пен дәстүрге құрметпен қарауға үндейтін қоғамдық жаңа идеология ретінде орнығуға тиіс. Экологиялық мәдениет күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналуы – шарт. Барлық мемлекеттік органдар, бизнес пен бүкіл қоғам болып осы жұмысқа белсенді түрде атсалысуымыз қажет. «Таза Қазақстан» бастамасын іске асыру қызметіміздің барлық саласын қамтуы ләзім», деді О.Бектенов.
Көміртегі бейтараптығына қол жеткізу туралы Париж келісіміндегі міндеттемелерге сәйкес, ауаға тарайтын зиянды қалдықтарды азайту үшін тиімді шаралар қабылдау қажет екенін алға тартты. Осыған байланысты Экология және табиғи ресурстар министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, қоршаған ортаға эмиссияларды бақылаудың автоматтандырылған жүйелерін енгізуді жедел аяқтау тапсырмасы берілді.
Үкімет басшысы қоршаған ортаға, әсіресе кәсіпорындар айналасында ауаға таралған зиянды газдарды азайтатын карбонды полигондар құру арқылы экожүйе қалыптастырудың маңызына назар аударды. Мұндай жобаларды іске асыру үшін Экология және табиғи ресурстар министрлігіне заңнамалық түзетулер әзірлеу жөнінде тапсырма жүктелді.
Әкімдіктерге тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін жаңа полигондар мен зауыттар ашып, рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін жою мен алдын алу жұмыстарын уақтылы жүргізу міндеті қойылды. Сонымен қатар Жергілікті атқарушы органдар өз өңірінде орман тәлімбағын құрып, ағаш көшеттерінің жерсініп кетуін қамтамасыз етуі қажет.
Экология және табиғи ресурстар, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне стихиялық қоқыс орындарын анықтау үшін еліміздің аумақтарын ғарыштық бақылаумен қамтуды және мерзімді тексеруді ұлғайту ісін тапсырды.
Мәдениет және ақпарат, Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктері қоршаған ортаны сақтау мен халықтың экологиялық мәдениетін арттыру саласындағы тәрбиелік және түсіндіру жұмыстарын күшейтетін болады.
Үкімет отырысында ІТ-қызметтер мен өнімдер экспортын дамыту мәселесі де қаралды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев баяндама жасады. Сонымен қатар, «Netcracker Technology» компаниясы кеңселерінің техникалық директоры Павел Городов, «Higgsfield АІ» компаниясының бас директоры Ерзат Дулат, «Grand Mobile» бас директоры Роман Линейцев сөз сөйледі.
2024 жылдың бірінші жартыжылдығында IT-қызметтер экспортының өсуі 24%-ды немесе 306 млн долларды құрады. Бүгінде Astana Hub қатысушыларының саны 1,5 мың компаниядан асады, оның 400-і шетелдіктердің қатысуымен өткен.
Премьер-министр Alaqan, Codiplay, CITIX, CEREBRA, OGames, Parqour, ApartX сияқты көптеген отандық жобалар АҚШ, Араб Әмірліктері, Нидерланд, Ұлыбритания, Германия және басқа да елдерді қоса алғанда, шетелдік нарықтарда жақсы танылғанын атап өтті. IT-қызметтер экспортын одан әрі арттыру бойынша жұмыстың негізгі бағыттары атап өтілді.
«Мемлекет басшысы 2026 жылға қарай IT-экспортының жалпы көлемін 1 млрд долларға дейін жеткізу міндетін қойды. Аталған міндетті іске асыру үшін тиісті инфрақұрылым құрып, осы саладағы бизнесті қолдау бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл кейінгі 5 жылда отандық IT-қызмет экспортының көлемін 20 есеге арттыруға мүмкіндік берді.
«IT-қызмет пен өнімдер экспортын ұлғайту бойынша алдағы жұмыстарда өңірлердегі акселерация бағдарламаларын дамыту мен серіктес-инвесторлар қатарын кеңейтуге баса назар аудару керек. Осы саланың қозғаушы күші өңірлік IT-хабтар мен венчурлік қорлар болуға тиіс», деді О.Бектенов.
Үкімет басшысы инновациялық кластерге айналған Astana Hub технопаркі көптеген стартап үшін негізгі серіктес атанғанын мысалға келтірді. Технопарк қатысушыларына салық пен визалық жеңілдіктер берілгені, ақпараттық-білім берумен қолдау және бизнесті дамытуға арналған бағдарламалар ұйымдастырылғанын айтты. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, Astana Hub және Қарағанды террикон алқабының үлгісі бойынша өңірлік IT-хабтарды қолдау жөніндегі жол картасын әзірлеу міндетін қойды. Әкімдіктерге қаржыландыру мәселесін жедел шешуді тапсырды.
Цифрлық даму министрлігіне наурыз айының соңына дейін «Qazaqstan Venture Group» басқарушы компаниясын құру мен оны лицензиялау жұмысын аяқтау жүктелді.
Үкімет басшысы отандық стартаптарға қаржылық қолдау көрсету үшін венчурлық қорды құру рәсімдерін жеделдету керек екенін, оның көлемін 2025 жылдың соңына қарай 1 млрд долларға дейін жеткізу қажет екенін атап өтті.
Сонымен қатар ғылыми және ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу рәсімдерінің барлығын цифрландыру міндеттелді. Премьер-министр тиісті платформа қазір жұмыс істеп тұрғанына назар аударды. Мемлекеттік органдарды, квазимемлекеттік сектор мен жер қойнауын пайдаланушыларды қосу қажет. Нәтижесінде, бұл отандық инновациялық әзірлемелерге деген сұранысты арттырып, олардың халықаралық нарықтарға шығуына ықпал етеді.