Адамзат тарихындағы ең зұлмат қантөгіс – Екінші дүниежүзілік соғыста «Отан үшін, жер үшін!» деп қасық қаны қалғанша, ақтық демі таусылғанша шайқасқан отандастарымыздың ерлігі – бір-бір дастан. Ал елі барда ерен ерлер есімі ешқашан ұмытылмауға тиіс. Осы мақсатта Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік архив ұжымы жүйелі жұмыс атқарып келеді.
Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында «Ұлы Отан соғысы Солтүстік Қазақстан облысының құжаттары мен материалдарында. Жеңістің 65 жылдығына» жинағын шығардық. Сондай-ақ Кеңес Одағының Батыры атағын алған жерлестеріміздің өмірбаяндары туралы деректерді жинастырдық. Осы еңбегіміздің нәтижесі – 2015 жылы жарық көрген «Солтүстікқазақстандық Кеңес Одағының батырлары» кітабы. Ал Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында соғысқа қатысқан солтүстікқазақстандықтардың электрондық базасын жасадық. Онда 118 мыңнан аса майдангердің аты-жөні бар. Кез келген адам Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік архивтің ресми сайтына кіріп, «Есімдері ел есінде» базасынан өз туыстары туралы ақпарат таба алады. Бұл тізім облыстық Қорғаныс департаментінің, аудандық әскери комиссариаттарының ресми құжаттары негізінде әзірленді.
2021 жылы жарық көрген «Женщины Казахстана на войне 1941–1945гг.» кітабының алғысөзінде елімізден соғысқа 7477 қыз қатысқаны туралы мәлімет бар. Олардың көпшілігі дәрігер, байланысшы болса, арасында қолына қару ұстап, ерлермен бірге жаумен бетпе-бет шайқасқандары да аз емес. Солардың арасында жерлесіміз Алтын Мұхаметжанова да бар. Бір өкініштісі, оның есімін Қызылжар өңірі тұрғындарының бәрі бірдей біле бермейді. Өйткені майдангер апамыз туралы кейінгі жылдары жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жазылған мақала жоқтың қасы. Сондықтан Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында қан майданда болған қазақ қызын еске алуды жөн көрдік.
Облыстық мемлекеттік архивте сақталған жеке ісіне зер салсақ, Алтын Мұхаметжанқызы 1924 жылы 15 қарашада Совет ауданының (қазіргі Аққайың) Шолақ-Досан ауылында дүниеге келген. 8 сыныптық білімі болған. Мектепті тәмамдағаннан кейін 1942 жылы өзі туып-өскен ауданның Молотов ауылдық кеңесінде хатшы болып еңбек жолын бастаған. Тылда еңбек ете жүріп, соғысқа баруға бірнеше рет сұранып, ақыры дегеніне жетеді. Өрімдей қыздың оқ пен оттың ортасына сұрануының өзіндік себебі бар. Соғыс басталысымен-ақ қан майданға аттанған үш немере ағасының екеуі туралы «қара қағаз» келсе, үшіншісі із-түссіз жоғалды деген хабар алынады. «Жеңіс күнін жақындатамын, жау қолынан қаза тапқан жақындарымның кегін аламын» деп тістенген қаршадай қыз 1942 жылғы 13 мамырда әскер қатарына шақыртылады. Сол кезде оның жасы небәрі 18-де ғана екен.
Әскер қатарына алынған Алтын Мұхаметжанқызы алдымен Кемерево қаласындағы 6-кіші әуе мамандары мектебіне оқуға жіберіледі. Сонда әуе қаруы шебері мамандығын игергеннен кейін майданға аттанады. Әуелі Иваново қаласындағы 238-атқыштар полкінің оттегішісі болған. 1943–1945 жылдар аралығында – Прибалтика майданында 17-атқышар полкінің әуе қаруы мергені. 1945 жылы – Харбин және Хайлар қаласындағы ұрыста 17-атқыштар әуе полкінің әуе қаруы шебері. Тәні де, жаны да нәзік қыз ұшаққа орнатылған пулемет таспаларын оқпен толтырумен айналысқан. Әрбір таспаның салмағы – 16 кило. Қателік жіберуге болмайды. Егер қателессе, жауды құртуға аттанған ұшқыштың өміріне қауіп төнеді.
Қызыләскер Көкен Әубәкiров Бiрiншi Прибалтика майданының «Жауға қарсы аттан!» (1945 жылғы 1 мамыр) газетiнде жарияланған «Солдат қыз» деген мақаласында: «Сұр шинелдi, бүйрек бет солдат Алтын Мұхаметжанова 1924 жылы Солтүстiк Қазақстанда туған. Ол орта мектепте оқып жүргенде соғыс басталған. Комсомол мүшесі Алтын Отанды қорғауға өзі сұранды. Бұл тiлегiн қабыл көрiп, комсомол ұйымы оны оқуға жiбердi. Сол оқуды бiтiрiп, 1942 жылы Алтын соғыс ұшақтарын қамтамасыз етушi — оттегіші болып шықты. Истребительдер мен бомбардировщиктердi өмiрi көрмеген қырдың қызы соларға мініп, аспанда ұшып, жауынгерлiк мiндетiн атқара бастады. Өз мiндетiн ойдағыдай орындады. Қазiр де сержант Алтын Мұхаметжанова Германия жерiнде жауынгерлiк ұшақтарды жорыққа дайындап, немiс жендеттерiн жоюға жәрдемдесiп жүр. Ол «Жауынгерлiк еңбегi үшiн» медалімен наградталған», деп жазды. Бұл деректі тарих ғылымдарының докторы Тілеу Көлбаев «Отты жылдар шежіресі» мақаласында келтірген.
Осылайша жерлесіміз талай майдан даласын артта қалдырып, жеңісті Шығыс Пруссияда қарсы алған. Осы уақыт ішінде Алтын Мұхаметжанова қызмет көрсеткен ұшақ жаудың 67 ұшағын жойған. Экипаж командирі – Кеңес Одағының батыры атағына, басқа мүшелері мен ұшақты күтіп-баптаған мамандар үкіметтік наградаларға ұсынылған. Осындай ерлігімен ерекшеленген қазақ қызы ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордені, «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін», «1941–1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Жапонияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған.
Алтын Мұхаметжанқызы елге 1945 жылдың қараша айында кіші сержант шенімен оралады. Тұрмысқа шығып, жұбайының тегін алып, Уәлиева (құжатында – Валиева) болды. Көп ұзамай еңбекке араласып, соғыстан құлдыраған халық шаруашылығын көтеруге атсалысты. Совет аудандық комсомол комитетінің нұсқаушысы, техникалық хатшысы, аудандық партия комитетінің есеп берушісі, аудандық жинақ кассасының меңгерушісі, әйелдер арасындағы жұмыс жөніндегі бөлімнің нұсқаушысы қызметтерін абыроймен атқарды. Оны жерлестері талапшыл әрі айтқанынан қайтпайтын принципшіл адам ретінде еске алады. 2007 жылы өмірден өткен соғыс ардагері Петропавл қаласында жерленген.
Сәуле МӘЛІКОВА,
Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік архивтің директоры, тарих ғылымдарының кандидаты