Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды Жұмысшы мамандықтарының жылы деп жариялап, өз Жолдауында:
«Біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз. Бұл – “Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс” қағидатына толық сай келеді», – деп атап өтті.
Бұл бастама – ауданымыз үшін де үлкен мүмкіндік. Еңбектің еш жаманы жоқ. Қай салада болмасын, әр маман өз ісіне жауапкершілікпен қарап, міндетін адал атқарса, ауданымыз да дамудың даңғыл жолына түседі.
Жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеру – еңбек адамына деген құрметті арттырып, кәсіби біліктілікті шыңдауға жол ашады. Бұл ретте, әсіресе жастардың нақты кәсіпке бет бұрып, қолмен істейтін, нәтиже беретін жұмыстарға қызығуы – ел ертеңінің кепілі.
Бүгінгі таңда ауданымызда да түрлі салада қажырлы еңбек етіп жүрген азаматтар аз емес. Олар – ауылдың көркеюіне, халықтың әл-ауқатына тікелей үлес қосып жүрген еңбек майталмандары.
Ендеше, адал еңбек – ардың ісі екенін естен шығармайық. Кәсібін сүйген жұмысшы – қоғамның сенімді тірегі!
Серік Жұқиев,
ардагер
Индер ауданы