ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қаласындағы «Жайық Арена» спорт кешенінде 4 күнге созылған дзюдодан жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионаты мәресіне жетті.
Біріншіліктің шешуші турында аралас-командалық жарыста жеңімпаз-жүлдегерлер анықталды. Аталған бәсекеде Алматы қаласының құрамасын жеңген Атырау облысының жасөспірімдері чемпион болды.
Алматылықтар күмісті қанағат тұтты. Қола жүлдеге Астана қаласы мен Қарағанды облысының командасы ие болды. Қазақстан дзюдо федерациясының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, жекелей жарыс нәтижесі бойынша жалпыкомандалық есепте Шымкент қаласы (3 алтын, 2 күміс, 5 қола) көш бастады. Алматы қаласының (3 алтын 1 күміс, 1 қола) спортшылары екінші орыннан көрінсе, Қарағанды облысының (3 алтын, 3 қола) құрамасы спортшылары үздік үштікті түйіндеді.
Ел біріншілігіне Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен 17 облыстан 2008-2009 жылы туған 836 жасөспірім дзюдошы қатысып, бақ сынады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын дзюдодан Қазақстан чемпионатында жекелей сайыстар аяқталғанын жазған болатынбыз.