Реабилитациялық серпіліс: Атырауда ондаған ипотерапевт маман даярланды

(0 Votes)

"Атырау. Маленькая страна" қоғамдық бірлестігінде ерекше қажеттіліктері бар балаларды оңалту және қалпына келтіру мүмкіндіктері кеңейіп келеді.

2020 жылдан бері бұл бағыттағы қайырымдылық пен оңалту бастамаларын дамытуда «Теңізшевройл» компаниясы негізгі серіктеске айналды. Компанияның тұрақты қолдауының арқасында "Атырау. Маленькая страна" қоғамдық бірлестігі кәсіби мамандардан құралған мықты команда жасақтап қана қоймай, болашаққа ауқымды жоспарлар құру мүмкіндігіне ие болды.

Қоғамдық бірлестік жетекшісі Ерлан Күмісқалиевтің айтуынша, аталған ынтымақтастық аясында компания мамандардың еңбекақысын қаржыландырып, нәтижесінде жоғары тиімділікке ие команда жасақталған. Бүгінде жобаның тікелей және жанама бенефициарларының жалпы саны шамамен 1200 адамды құрайды.

– Ең үлкен жетістіктердің бірі – ипотерапия бағытының дамуы. Бұл – оңалтудың жылқылар көмегімен жүргізілетін әдісі. Компанияның қолдауымен арнайы дайындықтан өткен үш терапевт-жылқы және орталықты күтіп-баптауға қажет «Беларусь» тракторы сатып алынды, – деді Ерлан Күмісқалиев.

Сонымен қатар, компанияның қолдауымен академиялық база құрылып, оған медицина профессоры Хатуна Саганелидзе мен педагогика ғылымдарының докторы Қабекенов Ғабид Уапұлы сынды мамандар тартылды. Бұл оқыту процесінің ғылыми негізделуін және жоғары сапалы маман даярлығын қамтамасыз етті.

Нәтижесінде Құрманғазы, Жылыой және Мақат аудандарындағы ипоорталықтарда жұмыс істейтін 27 білікті ипотерапевт даярланды.

– Бұдан бөлек, компанияның көмегімен бірегей балама терапия кабинеттері ашылды: орнитотерапия (әнші құстармен), фелинотерапия (мысықтармен), канистерапия (иттермен), аквариумдық психотерапия және шөптік ароматерапия. Бұл әдістердің барлығы ғылыми дәлелденіп, балаларды оңалту бағдарламасының ажырамас бөлігіне айналды, – деді Ерлан Күмісқалиев.

"Теңізшевройл" компаниясының "Атырау. Маленькая страна" қоғамдық бірлестігін қолдауы бұл ерекше, гуманистік және тиімді оңалту әдістерінің дамуына айрықша үлес қосты. Осы жұмыстың арқасында жүздеген бала мен олардың отбасы сапалы өмір сүруге жаңа мүмкіндік алды.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT