НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Осы жылдың 1 сәуірінен бастап елімізді міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру толыққанды жұмыс істейді. Ал оған дейін қазақстандықтар медициналық көмекті қалай алатындығын МӘМС-ті енгізу жөніндегі жобалық кеңсе түсіндіріп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Агенттік тілшісімен әңгімелесу барысында МӘМС-ті енгізу жөніндегі жобалық кеңсе жетекшісі Зәуреш Балкенова бұл жүйенің елімізде 2020 жылдың 1 қаңтарынан іске қосылғандығын айтады. Дәл сол датадан бастап Қазақстандағы барлық медициналық көмек екі топтамамен көрсетілуде.
«Бірінші топтама – тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі. Онымен шұғыл медициналық араласу қажет ететін жедел көмектен бастап, санитарлық авиациялық көмек, бірқатар созылмалы аурулардың өзгерісін бақылау, жедел көрсеткіштер бойынша стационардың орнын алмастыратын көмек көрсетіледі. Мұнан бөлек, барлық қазақстандық сақтандыру жүйесіндегі мәртебелеріне қарамастан, емханаларға жүгініп, стационарда шұғыл ем мен әлеуметтік аурулар кезінде қажетті медициналық көмектің барлық түрін ала алады. Екіншісі – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру. Яғни, әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында медициналық көмек алуға мүмкіндік бар. Сақтандыру топтамасына қымбат ота мен медициналық қызметтер, салалық мамандардың қабылдауы, өмір сапасын жақсартуға бағытталған қызметтер кіреді. МӘМС магнитті-резонансты томография, компьютерлік томография, полимеразды тізбекті реакция-сараптамасы сынды күрделі қызметтерді жабады. Мұнан бөлек, тегін емделетін аурулар түріне кірмейтін ауруларды стационардың орнын алмастыратын көмек, жоспарлы стационарлық көмек көрсетіледі», - деді Зәуреш Балкенова.
Оның атап өтуінше, кепілдендірілген топта сақтандыру жүйесіндегі мәртебесіне қарамастан барлық азаматтарға, елімізде тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға көрсетіледі. Ал МӘМС жарна төлейтіндерге немесе жарнасы аударылатын адамдарға ғана қолжетімді.
«МӘМС жүйесіне қатысу елдің барлық азаматы үшін міндетті саналады. Медициналық сақтандыру қорына ай сайын жарна төлеу арқылы медициналық қызметтің екі топтамасын мемлекеттік, сондай-ақ жекеменшік клиникалардан алуға болады. 1 сәуірге дейін барлық қазақстандықтар шартты түрде сақтандырылған деп есептелінеді. Ал МӘМС іске қосылғаннан кейін 3 ай өткен соң сақтандырылмаған азаматтар үшін жоспарлы медициналық көмек қолжетімсіз болады», - деді жобалық кеңсе жетекшісі.