М.Баймұханов атындағы орта мектебінде «Сыңғырла, соңғы қоңырау» тақырыбымен соңғы қоңырау рәсімі өтті.
Салтанатты шараға Мақат кенті әкімі Ербол Қонысбайұлы, аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинет әдіскері Жанат Әбілхасымқызы қатысты. Сондай-ақ, жиынның шымылдығы еліміздің Әнұранымен ашылып, мектеп директоры Әсемгүл Масатқызының құттықтау тілегімен жалғасты. Ол өз сөзінде мектеп бітіруші түлектерге сәттілік тілеп, аяқталғалы отырған оқу жылының мектеп үшін табысты да жемісті жыл болғанын, мектеп оқушылары биылғы оқу жылында 54,2 % білім сапасын көрсеткенін айтып өтті.
Одан бөлек, білім ордасының білім, спорт, өнер додаларындағы республикалық, облыстық, аудандық сайыстардың жүлдегер оқушылары мен жетекшілері алаң төрінде сап түзеп, мектеп абыройын асқақтатып жүрген таланттарға арнайы алғыс айтылды.
Әрі қарай, кент әкімі Ербол Ермағамбетов республикалық, облыстық байқаулардан жүлделі орындар иемденіп, озық идеялар мен үздіксіз ізденістердің нәтижесінде өзге оқушыларға үлгі болып, білім сапасына қосқан еңбектері үшін бітіруші түлек Іңкәр Тынымғали мен Ринат Таубайды арнайы аудан әкімінің алғыс хатымен марапаттады.
Айта кетейік, биылғы оқу жылын 38 түлек бітірді. Олардың 4-еуі «Алтын белгіге» және 4-еуі «Үздік аттестатқа» үміткерлер. Сондай-ақ, өз кезегінде түлектер «Аманат туы» мен «Білім» статуэткасын 10-шы сынып оқушыларына табыстап, алдағы оқу жылында мектеп абыройын асқақтатып, білімді, тәрбиелі шәкірт атануларына тілек білдірді.
Соңғы қоңырау соғу салтанаты 11 сынып оқушылары Қанат Елусінбаев пен Назерге Амантайқызына жолданып, соғылған қоңырау үні жүректерге қимастық сезім сыйлады. Сонымен бірге, бітіруші түлектер вальс билеп, ұстаздар мен ата-аналар қауымы ізгі тілектерін жолдады.
Шара соңында «Қош бол, мектебім» әні орындалып, түрлі-түсті шарлар мен ақ көгершіндер көкке ұшырылды.
Иә, жалынды жастар үшін алынбайтын асу, бағынбайтын белес жоқ. Ендеше, алтын ұя мектеп табалдырығынан үлкен өмірге ұшқалы отырған мектеп бітіруші түлектерге тек сәттілік тілейміз!
Ә.ҚАСЫМ
Суреттер автордікі