Жыл он екі ай көктем, жаз, күз, қыс болып төрт маусымға бөлінеді. Әр маусымда үш ай яғни тоқсан күн болады. Көшпелі халық осы жыл мезгілдеріне қарай қонысын көктеу, жайлау, күзеу, қыстау деп атаған.
Көктемде күн ұзарып ауа-райының жылуынан қар еріп, тон жібиді. Жауын шашын мол жауады. Көктемде жалпы тіршілік иелерінің жандануы, тірілуі басталады. Жәндіктермен хайуанаттар қысқы ұйқысынан оянып, тіршілігін бастайды. Мал төлдеп, жыл құстары оралады. Жер бетіне көк шығады. Жеміс ағаштары бүршік атып, гүлдейді. Жер жырту, ағаш отырғызу, егін егу т.б ауыл шаруашылығы жұмыстары жүргізіледі. Міне, осындай тамаша көктемнің алғашқы айының бел ортасы елімізде «Жайлау күні» деп белгіленді.
Осы орайда аталмыш күн турасында үлкендердің пікірін білген едік. «Көктем келсе, құт келеді» деп есептейтін Мақат кентінің тұрғыны Бибіажар Өтеуова табиғат өміріміздің қайнар көзі дейді. Ол қоршаған ортаны аялау арқылы өмір сүру сапасын жақсарта аламыз деген пікірде.
«Табиғатпен біте қайнасып өмір сүру көшпелі қазақ дүние танымының бір бөлігін құраған. Сондықтан да Наурыз мерекесі қарсаңында атап өтілетін «Жайлау» күнінің маңызы зор деп есептеймін. Көктемде төрт түлігіміздің ауызы көкке тиеді. Төлдеп, көбейеді. Сондықтан да көктем мезгілінің берері мол. Біз де көктем келісімен үйдегі азын-аулақ малымызды дайындаймыз. Көктеуде төлдеген малымыздың төлі отығып, аяқтанғаннан кейін жайлауға дайындап, көршілес Қызылқоға жеріне қарай жібереміз.
Бұл күні сондай-ақ ауданымыздың әрбір тұрғыны отбасы мүшелерімен бірге көшет отырғызып, гүлзарларды жөндеп, егін егуге ауласынан жер дайындап балаларына үлгі көрсетсе, қандай тамаша болар еді?!
Айналамызды тазалау, тал егіп, көшет отырғызу - бұл жас ұрпақ үшін тәрбие мен тәлімге толы ұлағатты іс. Ал қоршаған орта үшін тазалық қашан да бірінші орында тұрады. «Бір тал кессең, он тал ек», «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген қанатты сөздерге қарап-ақ көшет отырғызудың, айналамызды көгалдандырудың қаншалықты маңызды екендігін түсіну қиын емес»,- дейді Бибіажар әжей.
Иә, шынымен де осындай игі істер өскелең ұрпақтың зияткерлік санасын дамытуға септігін тигізері сөзсіз. Сондай-ақ, өзіміздің де табиғатқа деген патриоттық сезіміміз, экологиялық мәдениетіміз көтерілуге тиіс. Өйткені табиғатты қорғау, мейірімге бөлеу - барлығымыздың міндетіміз.
М.ІЗТҰРҒАНОВА