Шуақты көктемнің шырайлы мерекесі Әз наурыз табалдырықтан аттап, төрге озды. Ұлтымыздың ұлық мейрамын Мақат жастары да думандатты. Аудандық жастар ресурстық орталығында «Қош келдің әз-Наурыз» атты мерекелік шара өтті.
Орталықты қазақы нақышта көркемдеген жастар көне бұйымдар мен қолөнер туындыларынан көрме ұйымдастырды. Мерекелік шараға ауылдың ақсақалдары мен ақ жаулықты аналары шақырылып, қазақтың ұлттық құндылықтары өз жалғасын тапты. Үлкендер бесікке салу және тұсау кесу секілді салт-дәстүрлерді орындаса, өнер ұжымдарының өнерпаздары өнер көрсетті. Сондай-ақ, көпшілікке наурыз көже, бауырсақ секілді ұлттық тағамдар ұсынылды.
Шара барасында жастар арасында арқан тарту, асық ату, қол күресі секілді ұлттық ойындардан жарыс та ұйымдастырылып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге алғыс хаттар мен сыйлықтар табысталды.
М.Ізтұрғанова