Кез келгеніміз үшін бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен анадан артық жан жоқ шығар, сірә?! Жер жүзіне тараған халық та, әлемді мойындатқан алып та анадан туған. Қадір ақынша айтқанда:«Отанымыздың өзі солардан басталып, жауларымызға жеткен жерде бітеді». Ал Төлеген ақынша айтқанда: «олар - теңдесі жоқ құдірет».
Мейірімді жүрек иелеріне лайықты құрмет көрсету мақсатында өткен аптада аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың көп балалы аналарды «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапаттау туралы 2021 жылдың 5 наурызындағы №531 жарлығы негізінде ауданымыздағы батыр аналарды марапаттау шарасы өтті.
Шарада Мақат ауданы әкімінің орынбасары Азамат Шаңғалаев Айнұр Дюсалиева, Эльмира Есимова және Гүлнұр Қайырғалиеваға «Алтын алқа», Жаңагүл Ильясова, Мейрамгүл Исламғалиева және Гүлбаршын Неталыға «Күміс алқа» тақты.
Күміс алқаның иегері атанғандардың бірі - мақаттық Жаңагүл Қазыбекқызы. Ол «Балбөбек» балабақшасында саз жетекшісі қызметінде және Мақат балалар өнер мектебінде фортепианодан дәріс береді. Перзенттерінің алды 9-сыныпта оқыса, кенжесі жастан енді ғана асқан. Жолдасы да көп балалы жанұяда 6 қыздың арасындағы жалғыз ұл болып өсіпті. Ене жолын жалғастырған келін қазіргі таңда 6 ұл сүйіп отыр. «Қызмет пен үй тірлігі ұштастырудан қиындық көріп жүргенім жоқ. Балалар бір-бірін бағып өсіп жатыр. Ұрпақты өзіміз үшін дүниеге әкелеміз ғой, бірақ үкіметтің жарылқап жатқанына да риза боп қаламыз. Өзімнің сіңлім де бұйыртса, «Күміс алқа» күтіп жүр, қазақтың әр қызына біздің жолымызды берсін деп тілеймін», - деді ағынан ақтарылған ана.
А.Есжан