Мемлекет басшысы биылғы жылды жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. Осыған орай «Келешек мектептері» жобасы аясында бой көтерген білім беру ұйымдарында кәсіптік бағдар берудің жаңа әдісі қолданылады.
Жұмысшы мамандықтар жылы аясында мамандар «Мансап компасы» атты платформа әзірледі. Бұл цифрлық жүйеден еңбек нарығына ең қажетті мамандықтар тізімін көруге болады. Соның ішінде жұмысшы мамандықтарға басымдық беріліп отыр. Бірінші кезеңде – мектеп түлектері мен студенттер. Олар үшін платформа сұранысқа ие мамандықтар, жоғары оқу орындарына түсушілерге қойылатын талаптар және гранттар алу мүмкіндіктері туралы ақпарат көзі бола алады. Сондай-ақ таңдалған мамандықтың болашағын бағалау, тағылымдамадан өту және болашақ жұмысты іздеу үшін мәлімет береді. Платформа қазір пилоттық режимде жұмыс істеп тұр. Ал жаңа оқу жылында толықтай іске қосылады. Мектептерде алғаш рет кәсіби бағдар беруші педагог лауазымы ресми түрде бекітілді. Жаңа жобада баланың берген жауаптарына сәйкес, қандай мамандыққа бейімі бар екені айқындалады. Одан кейін сол мамандық туралы платформадан ақпарат қарайды. Әрбір жас болашақта кім боламын деп ойланары анық. Өзіне ұнаған мамандық қайда, қай жерде бар? Оны меңгеру үшін қай оқу орнына баруы керек? Аяқтағаннан кейін қайда барып жұмыс істеуіне болады? Оқушы осы және басқа да сұрақтарға толыққанды барлық ақпаратты аталған жүйеден кездестіреді. Бұл оқушылар үшін туғызылып отырған тамаша мүмкіндік. Ертең мектеп бітіргеннен кейін бейіміне қарай қандай мамандықты таңдауы керектігін біледі. Себебі мамандық таңдау болашаққа жасалатын ең маңызды қадамдардың бірі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқар Биахметовтің айтуынша, жоғарыда аталған платформада сұранысқа ие 744 мамандық туралы ақпарат шоғырланған. Вице-министрдің мәлімдеуінше жалпы білім беретін мектептердің 7-11 сынып оқушыларын кәсіптік диагностикалау бойынша жаңа функция жұмысшы мамандықтар жылы шеңберінде әзірленді. «Кіріктірілген диагностикалық құрал» оқушының қызығушылықтары мен дағдыларының икемді профилі» 2025 жылдың наурыз айында лингвомәдени бейімделуден және психометриялық сынақтан өтті. 7-11 сынып оқушыларын «Мансап компасы» платформасында кәсіптік бағдар беру жұмыстарымен қамту қыркүйек айынан басталады және кезең-кезеңімен жүргізіледі. Біз 7964 мектептен 100 мың оқушыны қамтуды жоспарлап отырмыз. Қыркүйекте - 40, қазанда - 35 және қараша айында 25 мың. «Жобалардың инновациялық навигаторы» платформасы кадрларға деген қажеттілікті талдайды және болжайды. Бүгінде оның жүйесінде 1415 инвестициялық жоба бақыланады. Алдағы бес жылда жүйенің көмегімен 222 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға ниеттіміз. 2025 жылдың 1 шілдесіне дейін 274 жоба іске қосылды, олар бойынша 27198 жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда. Іс жүзінде 10 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Жыл соңына дейін 47820 жаңа жұмыс орны құрылып, тағы 427 жобаны іске қосу жоспарланып отыр», — деді вице-министр.
Жоба оқушыларға, студенттерге ғана емес қарапайым азаматтарға да ең көп сұранысқа ие кәсіптерді бағдарлауға және жақсы еңбек жағдайы жасалған аймақтарды таңдауға септеседі. Сонымен қатар платформа жоғары оқу орындары, мамандықтар және мемлекеттік гранттар алу мүмкіндіктері туралы толық мәлімет береді. «Мансап компасы» жобасының аудиториясы өз мансабын жоспарлауға және кәсіби дамуға мүдделі адамдардың әртүрлі санатын қамтиды. Түйіндей келе айтсақ, бұл жоба тек мамандық таңдауға көмектесетін құрал ғана емес, сонымен қатар болашаққа сенімді қадам жасауға жол ашатын жақсы кеңесші. Платформаға кіріп қарасаңыз қандай мамандықта жалақының төмен мөлшеріне қалай басталатынына дейін көрсетілген.
Қанат ҒҰМАРОВ
Құрманғазы ауданы