Ерлігі мен еңбегі ерен Түгелбаевтар

Ерлігі мен еңбегі ерен Түгелбаевтар
(0 Votes)

Ерлікпен егіз ұғым саналып кеткен Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына биыл міне, 80 жыл толғалы тұр. Тұтас бір тарих, тұтас бір дәуірдің шындығы, қайғысы мен қуанышы, жеңісі мен жеңілісі, сан мыңдаған тағдырлар осы 80 жылдықтың қойнауында қалды. Осыдан 80 жыл бұрын қанды қырғын соғыс тоқтағанымен, жүрегі тілім-тілім болған аналардың қайғысы таусылмады. Қаншама боздақ майдан даласында опат болып, туған жерінің топырағы да бұйырмай қалды. Жара¬лылар мен із-түзсіз жоғалып кеткендердің есебі бір бөлек. Бұл соғыс ешкімді аямады.

Ел басына күн туған шақта алдыңғы шепке шығып, өз еркімен майданға аттанғандардың қатарында махамбеттік үш ағайынды жауынгер Аманбай, Аманғали және Сегізбай Түгелбаевтар да бар еді. Түгелбай әкеміз бен Бітпина анамыздан тараған үш ұлдың үшеуі де қолына қару алып, ұрыс даласына аттанған. Жайықтың самар бетіндегі қазіргі Ортақшыл ауылының маңын қоныстанған бұл отбасында осылайша жалғыз қызы Зылиха ғана ата-анасына алданыш болып қалады.

Ұлдардың ең үлкені Аманбай Түгелбаев 1911 жылы бұрынғы Бақсай ауданына қарасты Жаңа тұрмыс ауылдық кеңесінде дүниеге келген. Жастайынан еңбекке араласқан үйдің тұңғышы сол кездегі Фурманов колхозында ұзақ жылдар еңбек етіп, 1942 жылы соғыс оты елді шарпыған уақытта майдан шебіне қосылады. Бірден 134 запастағы атқыштар полкінде атқыш бола жүріп, оң аяғынан ауыр жарақат алады. Сол жарақатымен 1944 жылы госпитальдан шығып, 1945 жылдың қазан айына дейін 59 запастағы атқыштар полкінің қатарында болады. Отыз бір жасында өз еркімен соғысқа аттанып, оң аяғын майданның отты даласында майып қылған ерлігі үшін оған «Отече¬ственная война ІІ степени» ордені, «За победу над Германией в Великой Отечественной войне 1941-1945гг.» және бірнеше мерекелік медальдары табысталған. Елге аман-есен оралған соң да Аманбай Түгелбаев колхозшы, кейін Заурал совхозында бақташы болып, еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан. Өмірлік жары, адай руының қызы Забира Өтегенқызымен отау құрып, өмірге Аманқос, Жоламан, Төленбай, Сәндіқожа есімді ұлдары мен Жаңылсын есімді қызды әкеліп, ұрпақ қызығын көрген. Жары Забира 1983 жылы өмірден озса, қартымыз 1996 жылы қайтыс болады. Бүгінде Аманбайдан тараған сол ұрпақтары Ортақшылда қоныстанып, атакәсіпті жалғастырып отыр. Ауданға белгілі кәсіпкер «Шабай» ШҚ-ның басшы¬сы Төленбай Аманбаев әкеден қалған қара шаңырақтың иесі атанып, ұрпақтары елге қызмет етуде.

Атап өткеніміздей, бір үйден бір емес, үш ағайынды соғысқа алын¬са, соның ортаншысы 1914 жылы Бақсай ауданына қарасты Ортақшыл селосында туған Аманғали Түгелбаев еді. Заманның қиындығына сай, небәрі 4 жылдық мектептің білімін алған ол 1930-1936 жылдары атақты Фурманов колхозында балықшы, кейін 1939-1941 жылдары колхоз басқармасының орынбасары қызметін атқарған. 1941 жылы Ұлы Отан соғысына аттанған ол Харьков, Белград, Сталинград бағытында кескілескен ұрыстарға қатысып, екі мәрте ауыр жарақат алған. 1943 жылы жарақатының себебінен елге ора¬лып, колхоз басқармасының орын¬басары қызметін жалғастырады. Соғыстан кейінгі жылдарда елдің қайта қалпына келуі қаншалықты қиын болса, майдангерлер де сол қиындықты қатар көріп, қайта білім алып, еңбекке етене араласты. 1961 жылы мал шаруашылығы фермала¬ры басқарушыларын дайындайтын үш айлық курста, 1954 жылы колхоз басқармаларын дайындайтын Орал орта ауылшаруашылық мектебінде білімін жетілдірген Аманғали Түгелбаев 1957 жылы Заурал со¬вхозы №2 фермасының Тайсойған учаскесінің ферма, Заурал совхозының №3 ірі қара фермасының меңгерушісі болып, қызмет атқарған. 1967 жылы қадірлі зейнет жасына жеткенге дейін осы совхозда бел жазбай еңбек етіп, жанар-жағармай қоймасының меңгерушісі болады. Қоғамдық жұмыстардың да бел ортасында жүріп, ел алдындағы абыройлы қызметі үшін облыстық, аудандық басшылардың «Құрмет грамоталарымен» марапатталып, бірнеше мәрте аудандық Кеңестің депутаты болып сайланған. Осын¬дай мағыналы ғұмырында жары Айсұлу Ойылдановамен 1 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсіріп, майдангердің артында өшпес ізі, ізін жалғап келе жатқан ұрпағы бар. Соғыстан кейінгі саналы ғұмырында елдің әлеуметтік маңызды саласында еңбек етіп, мал басын көбейтуге үлес қосқан Аманғали Түгелбаев 1993 жылы сек¬сенге қараған шағында ұл-қызынан тараған немере-жиендерінің алдында дүние салды. Бүгінде әкенің ізгі жо¬лын жалғап жалғыз ұлы, мемлекеттік қызметтің зейнеткері, аудандық мүгедектер қоғамының төрағасы Жолай Түгелбаев қарияның қара шаңырағын ұстап отыр.

Жуырда ауданда қонақта болған ардагер, қоғам қайраткері Мәдина Ғабдісәлімқызы өзінің соғыс уақытындағы балалық шағын еске алып, майдан даласынан келген хаттар туралы айтқан еді. Сонда үшбұрышты бүктелген хат жауынгердің өзінен болса, төртбұрыштысы қара қағаз екенін бірден танитынбыз деді. Соғыс жыл¬дары қазақ даласына қаралы үнмен жеткен осындай қара қағаздардың есебі жоқ. Ал үш бірдей азаматын қанды қырғынға өзі шығарып салған Бітпина анамызға мұндай қаралы қағаз қай ұлынан келері белгісіз еді. Әйтсе де, әлдебір үміт, аналық жүректен шыққан дұға мен тілек, Алланың шексіз құдіреті оның апталдай үш ұлының да майданнан аман-есен оралуын көруге жазды. Солардың ең кенжесі, небәрі жи¬ырма жасында қолына қару алып, ағаларының артынан аттанған Сегізбай Түгелбаев еді. Түгелбай әкеміз бен Бітпина анамыздың шаңырағында Есбол ауылдық кеңесінің 13-ші ауылында 1925 жылы кенже ұлдары Сегізбай дүниеге келеді. Қарапайым ел қатарлы өмір сүріп жатқан бұл отбасының да тыныштығын осы сұм соғыс бұзған еді. Алдыңғы екі ұлын қатарынан қан майданға жіберген ата-анасының алданышы да 1943 жылы ағаларының артынан кетеді. Сегізбай Түгелбаев небәрі 9 сыныпта жүргенде соғыстың салдарынан мектебі жа¬былып, Фурманов колхозының мал фермасына есепші болып, жұмысқа орналасады. Сонда тоғызыншы сыныпты енді бітірген бозбала есеп- қисапқа жүйріктігімен қызметін тиянақты атқарады. Жасы жиырмаға толысымен оған да шақырту келіп, ауылдас, қарулас достары Омар Сабыров, Құралбай Есенғалиев, Дүйсенғали Төленов, Әбу Таңатаров сынды есімі ел ішінде белгілі аза¬маттармен бірге аттанады. Содан 1 жыл 6 ай оқу батальонында болып, 1944 жылдан бастап майдан шебіне қосылады. Украина, Польша жерін кесіп өтіп, 1945 жылы 25 ақпанда Одер өзенінің маңында болған үлкен ұрыста жараланады. Жарақатына қарамастан, миномет көздеуді жалғастырып, қаруластарымен Украина майданында иық тірестіре қатар жүреді. №325 дивизияның, 929-полкінің құрамында болып, бірнеше мәрте Польша қаласын азат ету операцияларына қатысады. Кейіннен ауыр жараланып, 6 ай госпитальдан соң 2 топтағы мүгедек болып елге оралады. 1946 жылдан 1987 жылға дейін Махамбет ауданы тұтынушылар қоғамында күректей 41 жыл еңбек етіп, соның 30 жылын¬да бас есепші қызметін атқарған. Соғыстан кейінгі тоқырау жылда¬рында ел ішіндегі қиындықтарды бірге еңсеріп, білім мен тәжірибесін халықтың игілігі үшін жұмсаған Сегізбай Түгелбаев Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерліктері үшін І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен және медальдармен марапатталған. Сауда саласына қосқан үлесі үшін де 1977 жылы «Советтік тұтынушылар кооперациясының үздігі» төсбелгісіне ие болған. Елге оралған соң есеннің қызы Нәбіш Қорқытовамен бас қосқан қарттың отбасында 5 ұл, 1 қыз дүниеге келген. Жары Нәбіш 1970 жылы дүние салса, Түгелбаевтар әулетінің соғыс көрген соңғы ұрпағы 2007 жылы 82 жа¬сында бақилық болды. Бүгінде бұл отбасының ұл-қыздарынан тараған ұрпақтары Махамбет, Ақтоғай ауыл¬дарында қоныстанып, үлкен әулетке айналып отыр.

Бір әке мен бір анадан тараған үш ұлдың үшеуі де Алланың қалауымен, аналарының ақ батасымен соғыстан аман оралып, ел үшін еңбек еткен. Соғыстың майданынан аман қалып, еңбектің майданында шыңдалған олардың әрқайсысы да әр салада өз қолтаңбаларын, өлке тарихында өшпес есімдерін қалдырды. «Адам ұрпағымен мың жасайды» демекші, бүгінде Түгелбаевтар әулетінің түтінін түзу ұшырып, шежіресін ұрпақтарына жеткізіп отырған ұлдары әкелерінің ерлігімен мақтанады, үлгі тұтады.

А.САТАЕВА

 

 

 

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT