Энергетика инфрақұрылымы жаңғыртылып келеді

(0 Votes)

Президент басшылығымен еліміздің инфрақұрылымын жаңғырту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді. Ұзақ жылдар бойы тиісті көңіл бөлінбеген жылу энергетикасы секторында республика бойынша инфрақұрылымдық желілердің тозу деңгейі кейбір өңірлерде 90%-ға дейін жеткен болатын. 2019 жылы жылу көздерінің орташа тозу деңгейі 71%-ды құраса, қазір оны 61%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік берілді. Бұл шаралар технологиялық апаттар санын 20%-ға қысқартуға, энергетикалық және коммуналдық секторлардың тозуын орта есеппен 40%-ға азайтуға, сондай-ақ генерацияны 7 ГВт-тан астам арттыруға әкелді.

 Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша іске асырылып жатқан Ұлттық жоба аясында 86 мың шақырым инженерлік желіні жаңғырту мен жаңа қуат көздерін іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Бұл бағытта отандық өндірістің әлеуетін толық пайдалану көзделіп, қазақстандық компаниялардың жоспарланған өнім көлемі шамамен 3,5 триллион теңгені құрайды.

Сонымен қатар, 2019 жылдан бері электр энергиясын тұтыну 14%-ға өсті. Бұл халық санының артуы мен индустриялық даму, цифрландыру саясатының нәтижесі. Осыған байланысты елдің энергетикалық қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында ядролық энергетиканы дамыту қолға алынды: бірінші АЭС құрылысының ауданы анықталып, тағы екі станция салу үшін құрылыс орындарын анықтау жұмыстары басталды.

Бұл реформалар еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, инфрақұрылымды жаңғырту, отандық өндірісті дамыту мен инвестицияларды тарту арқылы халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған. Президенттің нақты және нәтижелі басшылығы аясында жүргізіліп жатқан жұмыстар еліміздің болашағын жарқын етуге зор үлес қосуда.

Ал Атырау облысында Президенттің алға қойған тапсырмасы негізінде атқарылып жатқан жұмыстар да аз емес. Инвестициялық жобалар аясында электр желілерін жаңарту, қосалқы станциялар салу, магистральдық жылу жүйелерін алмастыру, гидравликалық режимді жетілдіру және басқа да көптеген жұмыстар атқарылып келеді.

2024 жылдың шілде айында Вице-министр Сұңғат Есімханов Атырауға жұмыс сапарымен келіп, Атырау Энергокешенінің Атырау Жылу Электр орталығында болды. Жылыту маусымына дайындықты бақылап, жылу желілерін аралады.

2024-2025 жылдары күзгі-қысқы кезеңге дайындық және облыс пен қала көлемін сенімді және үзіліссіз электр жарығымен, жылумен қамту мақсатында қазандық қондырғыларын, турбоагрегаттарды күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Атырау Энергокешенінің Атырау Жылу Электр орталығы – энергетика жүрегі. Атырау энергожүйесінің түпқазығы, бастамаларының негізі. Ол өңірді электрэнергиясымен қамтамасыз етіп отырған энергия көзі. Қазіргі таңда Атырау Жылу Электр орталығы 4 кезеңнен тұратын кеңейту жобалары аясында қуаты еселеп артқан. Жаңа турбиналар мен қазан агрегаттары іске қосылды. Қазіргі уақытта ЖЭО электр қуаты – 484 мегават болса, 949 гигакалория/сағатына жылу қуаты бар. Инвестициялық бағдарламаға сәйкес 2024 жылдың аяғында 6-шы трубинаны іске қосылды. Ал, 2026 жылы 25 мегаваттық 11 турбина мен №15 бу қазандығы іске қосылады деп жоспарланып отыр.

Атырау Энергокешенінің «Атырау Жарық» мекемесі – халықты электрмен қамтамасыз етуде жетекші рөлге ие! Қазірде энергетиктер облысты электрлендіру бағытында көптеген жұмыс жүргізуде. Бүгінгі таңда «Атырау Жарық» ЖШС-нің қызмет аясы едәуір қомақты. Олар 9407 шақырым жоғары вольтті электр желілерін, 308 шақырым кабель желілерін, 77 дана қосалқы станса мен 1674 қосалқы трансформатор мен таратушы пунктерді пайдалануда. Кәсіпорын нысандары бүкіл облыс аумағында орналасқан. Қазіргі уақытта инвестициялық бағдарламасы аясында облыста 22 төмендетілген қосалқы станция модернизациядан өткізілді. Сондай-ақ, әуе желілерінің 834 шақырымы қайта құрылып, техникалық жаңғыртудан өткізілді. 105 дана қосалқы подстанция мен таратушы пунктер жаңартылды.

Атырау Энергокешенінің «Атырау жылу жүйелері» ЖШС құрылғанына биыл 51 жыл толып отыр. Осы уақыттан бері талай жаңғыру мен жаңару жолынан өтті. Инвест бағдарлама нәтижелі жүзеге асырды. Жылу магистральдарының тозығы жеткен учаскелері мен жабдықтары жаңартылды. «Атырау жылу жүйелері» АҚ жылу желілерінің тозуын кезең-кезеңімен азайту шаралары қолға алынған. Мәселен, 2023-2025 жылдарға бекітілген инвестициялық бағдарлама шеңберінде 2026-2030 жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама есебінен 13,511 шақырым магистралды жылу желісін ауыстыру жоспарланып отыр. Республикалық бюджеттен жеңілдетілген несиелендіру бағдарламасымен 29,02 шақырым жылу желілерін ауыстыру қарастырылып отыр. «Атырау жылу жүйелері» АҚ 55 орталық жылу пункті бойынша қызмет көрсетеді. Оның ішінде: 38-і кәсіпорынның теңгерімінде болса, алтауы сенімгерлік басқаруда, ал 11 жылу пунктіне шартқа сай техникалық қызмет көрсетіледі. Сондай-ақ, кәсіпорынның теңгерімінде 2 сорғы стансасы және 426,7 км-ден астам жылу желілері бар. Атырау энергокешенінің 60 жылдық мерейтойына орай былтыр екі тілде шығарылған басылым Ғабдол Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасына сыйға тартылды. 50 дана құнды кітап Ғабдол Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасының директоры Сара Ізмұхамбетоваға табысталды.

Сондай-ақ, облыстық әкімшілік тарапынан да көптеген жұмыстар жүзеге асып келеді. Мәселен өңірдің электр желілері жаңартылып жатыр. Бұл жүйелі бастамалар халықтың әл-ауқатын арттыруға және аймақтың инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған. Атап айтар болсақ, әкімдік тарапынан теміржол желісінде орналасқан “ЭЧ-4” мекемесіне қарасты 12 елді мекеннің 213 шақырым электр желісі ауыстырылды. Нәтижесінде 54 мың адам тұрақты энергиямен қамтылып отыр. Сонымен қатар аудандардан, Жылыой, Құрманғазы, Қызылқоға, Мақат, Исатай және Индер аудандарында 111 шақырым электр желісі жаңартылып 137 шақырым көше жарығы жүргізілді. Сонымен бірге тозығы жеткен бағаналар да ауыстырыла бастады. Нақты 2 жыл ішінде 4200 ге жуық бағаналарды жаңартылды. Тұрақты электрмен қамтамасыз ету үшін 32 МВт болатын «Самал» шағынауданында қосалқы станция құрылысы салынып жатыр. Биыл 32 шақырым ескі желілердің заманауи кабельдерге ауыстыру жұмыстарын «Атырау Жарық» ЖШС іске асырды. Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік тетіктерін қолдану арқылы Атырау қаласының 1343 көшелерін жарықтандырылды. Бағдарлама келер жылы Атырау қаласының 260 көшесін және Құлсарының 97 көшесін жарықтандыру жоспарлап отыр.

Сондай-ақ, Қазақстанның Батыс аймағының электр желілерін нығайту мақсатында жаңа электр желілері іске қосылды. «KEGOC» АҚ «Батыс Қазақстан энергетикалық торабы – Атырау – Маңғыстау» бағыты бойынша жалпы ұзындығы 780 шақырымға жуық 220 кВ бес электр беру желісін салды. Жұмыс барысында 4,2 мыңнан астам электр бағаналары орнатылып, «Уральская», «Правобережная», «Индер», «Құлсары», «Теңіз» қосалқы станцияларын кеңейту қамтамасыз етілді, сондай-ақ «Қарабатан» жаңа таратушы қосалқы станциясы іске қосылды.

Атырау Энерго кешені – еліміздің экономикасында өзіндік орны бар, әсіресе, Атырау облысы үшін маңызы зор бірегей құрылым. 61 жыл ішінде электр энергиясы мен жылу берудегі әдіс пен қызмет бағыты түбегейлі өзгеріске ұшыраған. Жаңа құрылғы-жабдықтар, желілер, трансформаторлар, жылу қазандықтары мен турбиналары, білікті мамандар – сөзіміздің дәлелі. Ең бастысы – халыққа сапалы қызмет көрсетілуде. Энергетика саласындағы өзгерістер халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер етеді. Сондықтан, атқарылған жұмыстар жоғары бағаланып, маңызды жобалар жалғасын таба бермек.

Алтынбек ҚАРШЕГЕНОВ,

Атырау Энерго кешенінің басқарма төрағасы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT