«ЕЛ ҒЫЛЫМЫНЫҢ БОЛАШАҒЫНА СЕНЕМІН»

«ЕЛ ҒЫЛЫМЫНЫҢ БОЛАШАҒЫНА СЕНЕМІН»
(0 Votes)

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті азақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында: «Үкімет жоғары білім саласын халықаралық білім беру кеңістігімен ықпалдастырып жатыр. Қазірдің өзінде елімізде шетелдің белгілі 23 жоғары оқу орны жұмыс жүргізе бастады. Оларға мейлінше қолдау көрсету керек. Атап айтқанда, маман даярлауға берілетін мемлекеттік тапсырысты біртіндеп көбейткен жөн. Бұл тәсілді білім бағдарламасы заман талабына сай келетін өз оқу орындарымызға да қолдануға болады. Үздік университеттердің нақты сектормен байланысын нығайту керек. Инновациялық саясатты еліміздің ғылыми-технологиялық басымдықтарымен үйлестіру қажет. Мұндай қадам әр саладағы инновацияға серпін береді. Сондай-ақ жоғары оқу орындарындағы қолданбалы ғылымның әлеуетін арттырады», - деді. Осы ретте қазақстандағы ғылымның жайы мен болашағы төңірегінде жерлесіміз, х.досмұхамедов атындағы атырау мемлекеттік университетінің биология және балық шаруашылығы кафедрасының қауымдастырылған профессоры Аталихова Гүлфайруз Бисенқызымен өңір ғылымының ертеңі туралы арнайы сұхбаттасқан едік.

– Гүлфайруз Бисенқызы, ғылым жолына қалай келдіңіз?

– Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде 1996 жылдан бастап оқытушы болып жасаймын. 1998-2001 жылдары микробиология мамандығы бойынша ҚР ҰҒА Микробиология және вирусология ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасында оқып, 2001 жылы «Румекс К-1 өсімдігін микробиологиялық консервілеу» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғап, биология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесі берілді. Қазіргі таңда Биология және балық шаруашылығы кафедрасында қауымдастырылған профессормын.

– Иран Ислам Республикасының Решт қаласындағы Гилян университетінде Ауыл шаруашылық ғылымдар факультетінде ғылыми тағылымдамадан өткен екенсіз. Осы ретте шет елдегі ғылымның дамуы мен еліміздегі ғылымның айырмашылығы бар ма?

- Бар. Гилян университетінде Ауыл шаруашылық ғылымдар факультетінде «Топырақтану және су шаруашылығы негіздері, зерттеудің аналитикалық әдістері» тақырыбында шетелдік ғылыми тағылымдамадан өттім. Шетелде ғылым өндіріске енгізілген, бізде енді басталып жатыр. Ауылшаруашылық ғылымдар факультетінде күріш, пісте, бидай өсіріп ұн жасайды. Зәйтүн ағашы өсірілетін плантацияларын аралатты. Тамшылатып суару әдісі арқылы көптеген жерді көгалдандырған. Құс саңғырығынан тыңайтқыштар алып, канализация суларын өңдеп, сол суды қолданып, бақшаны, егістік жерді суарады. Жауын құртын, опилка қолданып, тыңайтқыш алады.

– Биология және балық шаруашылығы кафедрасына жыл сайын қабылданушы абитуриенттер қатары көбейіп келеді ме, жастардың ғылымға қызығушылығы қандай?

– Биология мамандықтарында оқуға қабылданушылар саны жыл сайын артуда, ғылымға қызығушылығы да жоғары. Кафедрада бакалаврда биология мұғалімі, биология, балық шаруашылығы және магистра - турада биология микробиология негіздерімен, білім берудегі биология білім бағдарламалары бойынша талапкерлер оқуға қабылданады. Білім алушылар арасында ғылыми-зерттеу жұмыстарымен республикалық, халықаралық конкурстарда, ғылыми жоба, студенттік пәндік олимпиадада жүлделі 2, 3 орын алып жатқан студенттер бар.

– Ғылым мен қоғам байланысы жөнінде не айтасыз? Жалпы ғылымды қолдау қаншалықты жақсарды?

– Қазіргі таңда ғылымға қатты көңіл бөлінуде, ғылыми жоба - лар қаржыландырылып, зертханалары ашылды. ЖОО-дағы ғылыми зерттеулер, ғылыми жобалар қаржыландырылуда, «Болашақ», «Жас ғалым» бағдарламалары жүзеге асып, ғылыми жоба құрамындағы жастарға баспана берілді. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті профессор-оқытушыларының білім беру, ғылыми және әлеуметтікағартушылық қызметін жетілдіру, белсенділігін арттыру, ынталандыру, атқарған жұмыстың орындалу динамикасын көру мақсатында KPI (негізгі тиімділік көрсеткіштері) жобасын жыл сайын жүзеге асырып келеді, сол бойынша сыйақылар төленуде. Университетішілік жобаларға да қаржы бөлінді. Бұның барлығы ғылымның өсіп-өркендеуіне көрсетілген қолдау деп санаймын.

– Ғалым ретінде қандай жаңашылдық енгіздіңіз?

– Ғылыми жұмыстарым бойынша шырынды азық сүрлем дайындауда қолданылатын белсенді сүт қышқылы бактерияларын бөліп алып, соны түрге дейін анықтап, жаңадан сүрлем салу процесіне қолдандық. Нәтиже жаман емес. Ғылыми еңбек монографиям жарыққа шықты, сабақ процесінде қолданылып жүрген оқуәдістемелік құралдарым, электронды оқу құралдарым, авторлық куәліктерім бар.

– Сұхбатыңызға рахмет! Еңбегіңізге табыс тілеймін!

Сұхбатты жүргізген Жадыра НАРИМАНҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT