ҚАЗАҚСТАН – НЕБІР ЗОБАЛАҢДЫ, НЕБІР ҚИЫНДЫҚТЫ БАСТАН КЕШІРГЕН МЕМЛЕКЕТ. БІРАҚ, ӘРДАЙЫМ ҒАСЫРЛАР КӨШІНДЕ БІРГЕ ЖАСАСЫП, ГҮЛДЕНІП, ТАҒДЫРДЫҢ ТЕПЕРІШІМЕН ТАЙТАЛАСА АРПАЛЫСЫП КЕЛЕДІ. СОНЫҢ НӘТИЖЕСІНДЕ, ҚАЗАҚ ЕЛІ ЕГЕМЕНДІГІНЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗДІ. АЛ, СОЛ БАБАЛАР АРМАНДАП ӨТКЕН АЗАТТЫҚҚА ЖЕТУДІҢ АСТАРЫНДА ХАЛҚЫМЫЗДЫҢ БЕРЕКЕ-БІРЛІГІ, БІРТҰТАСТЫҚҚА ҰМТЫЛУЫ МЕН ТАТУЛЫҒЫ ЖАТҚАНЫН АҢҒАРУҒА БОЛАДЫ. БҮГІНДЕ ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАНДА ТАТУЛЫҒЫ ЖАРАСҚАН 130-ДАН АСТАМ ҰЛТ ӨКІЛДЕРІ ТҰРАДЫ. ОЛАРДЫҢ БАРЛЫҒЫНЫҢ ЖҮРЕГІНДЕ БІР ОТАН, БІР АРМАН, БІР СЕНІМ БАР. КӨК БАЙРАҒЫМЫЗДЫҢ АСТЫНДА АЛАҢСЫЗ БЕЙБІТ ӨМІР СҮРІП ЖАТҚАН ЕЛІМІЗГЕ ӘЛЕМ ЖҰРТШЫЛЫҒЫ ҚЫЗҒАНА ДА, ҚЫЗЫҒА ДА ҚАРАЙДЫ.
Тәуелсіз Қазақстанымның тарихы – отаншылдықтың, ерліктің, елдіктің не екенін дәлелдейтін тамыры терең бай тарих. Оның қатпарлы кең қойнауына шегініс жасасақ, «мың өліп, мың тірілген» қазағымның өткені мен кеткеніне куә боламыз. ХV ғасырда Қазақ хандығы құрылды, оның алғашқыда жер аумағы Қозыбасы мен Шу аймағы болатын. Хандықтың негізін қалағандар Керей мен Жәнібек сұлтандар еді. Қазақ хандығының алдына қазақ тайпаларының басын біріктіріп, қазақтың этникалық аумағын кеңейту сияқты тарихи міндеттер қойылды. Хандық таққа алдымен аға саналатын Керей келді, кейіннен Жәнібек отырып, қазақ хандығын қуатты елге айналдырады. Бұдан кейін де тек қазаққа ғана тән ұрпақ сабақтастығы салтанат құрып, Жәнібек өлген соң тақ Керей ханның ұлы Бұрындыққа бұйырады. Бұрындықтан соң кезегі тиген Жәнібектің ұлы Қасым хан тұсында қазақ хандығы саяси, әлеуметтік-экономикалық жағынан дамыды. Алыс- жақын елдерге Қасымның аты әйгілі болып, қазақ хандығы қуатты, іргелі елге айналды. «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» тамаша бір мамыражай заман болды, алайда тәуелсіз қазақ елі бейбіт өмір сүре алмады. Біз ұзына бойы тарихымызда ұлы далада небір қиындықтарды басымыздан кешірген, сұрапыл соғыстарды, жойқын жортуылдарды өткерген, сан рет қирап, сан рет бой түзеген тарихтың тағдырлы көшімен жүріп өткен елміз. Тауқыметті соншама көп кешкен, езіліп-егілген, жабығып жапа шеккен, тарығып-зарыққан халық жер бетінде екеу болса, соның біреуі – қазақ. Біздің халқымыз тарихтың қатпар-қатпар қыртыстарына тамырын терең жіберген талайлы тағдыр кешті. Аттың жалында, атанның қомында өткен күндеріміз тәуелсіздік жолындағы күреспен өтті.
Ежелден қонақжай, даладай дархан қазағым өздігінен ешкімге соқтықпаған, соғыс ашпаған, қашанда бейбітшілікті ту етіп ұстаған бейбіт халық болған. Сондықтан да «Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп найзаға үкі таққан елміз. Ешбір дұшпан басынбаған елміз, достығымызды сақтай білген елміз, дәм-тұзды ақтай білген елміз» деген Қазыбек бидің әйгілі сөзі тектен-тек айтылмаса керек-ті. Алайда, кең байтақ жерінде мамыражай тіршілік кешкен бейбіт елге көз алартушылар көп болды. Иә, қазақ халқының басынан небір қилы заман өтті. Тарихта аты шулы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген қаралы атқа ие болған 1723 жылғы жоңғар шапқыншылығы қазақ жерін ойсыратып кетті. Қазақтың «Қаратаудың басынан көш келеді» деп зарлағаны, Қазтуған жыраудың «Қайран да менің Еділім» деп қабырғасы сөгілгені, үш жүздің басын қоса алмай Абылайдың пұшайман болуы; Бұқар жыраудың жер тіреп күңіренуі осы кезеңдер еді. Осындай қиын-қыстау күндерден аман шығу мақсатында патшалық Ресейдің қоластына өтті. Сол кездегі ұлы держава саналған елдің құрамына ену қазақ халқы үшін жоңғар шапқыншылығының езгісінен құтылудың жолы болды. Алайда, аю көршіміз қорған болып көрінгенімен жымысқы саясатын жүргізіп, қазақтардың мойнына отаршылдық қамытын кигізді. ХVІІІ-ХІХ ғасырларда халқымыз еркіндік пен тәуелсіздігінен айырылды. Көмектеседі деп сенген Ресейіміз қазақ халқын аздыра бастады. Ұлан-ғайыр даламыз империя меншігіне айналып, халқымыздың басынан қара тұман серпілмеді. Орысқа бодан болған үш ғасырдың ішінде зұлмат құрығына түсіп, ар-ожданымыз табанға тапталды. Өзгенің тарихын өзімізге теліп, бұрынғымызды ұмыттыруға озбырлықпен күш салынды. Ұлт ретінде жер бетінен жойылып кетуге шақ қалған алмағайып заманға кезіктірді. Өзінің боданына көрсеткен осындай бассыздықтарға көнбеген қазақ халқы ара-тұра бас көтеріп тұрды.ХІХ ғасырда империя меншігіне айналған жерімізді азат етеміз деп Сырым Датұлы, Исатай Тайманұлы, Махамбет Өтемісұлы, Кенесары Қасымұлы сынды батырларымыз ұлт- азаттық көтеріліске шықты.
ХХ ғасыр да қазақ халқы үшін ұлы дүрбелеңдермен басталды. Патшалық Ресей бірінші дүниежүзілік соғыстың қара жұмысына қазақтарды тартуға байланысты 1916 жылғы маусым айында жарлығын шығарды. Оған қарсы көтеріліс жер- жерде бұрқ ете түсті. Қаншама қарсылы шыққан кінәсіз адамдар қанға бөкті. Өз жерімізде өзіміз қырғынға ұшырап жатқанымыз Амангелді Иманов сияқты батырлардың қайтадан атқа қонуына түрткі болды. Қазақ сахарасын түгелдей шарпыған дүрбелең қызыл төңкеріске ұласты. Үстем таптың езгісінен азаттық алып бергенімен оның да қазақ қоғамына әкелген қайғы-қасіреті орасан еді. Қазақтың небір бетке ұстарлары мен зиялылары жапа шекті. «Алаш туы астында, күн сөнгенше сөнбеуге» серттескен Алаштың арыстарын түрмеге тығып, ит қорлығын көрсетіп итжеккенге айдады. Біразының желкесіне тапанша тақап, тар қапаста жанын алды. Солақай саясаттың салдарынан 1930-1933 жылдарда адам айтса нанғысыз қолдан жасалған ашаршылықтар орын алды. Кеңес үкіметінің жүргізген аграрлық реформалары қазақ халқының тағдырына кері әсерін тигізді. Байларды кәнпескелеу, күштеп ұжымдастыру нәтижесінде көптеген мал басы қырылды. Қазақ тігерге тұяқсыз қалып, бас сауғалап босып кетті. Нәубет жылдарында халықтың саны бірден екі миллионға кеміп кетті. 1941-1945 жылдардағы неміс басқыншыларымен соғыс та өзіндік қайғы- қасіретін әкелді. Отан қорғауға аттанған 1 миллион 200 мың қазақстандықтың тең жартысы майдан даласында қалды. Кеңестер Одағы қаншама бір тудың астындағы біртұтас байтақ елміз дегенімен бірліктің көбесі сөгілді. Оған 1986 жылғы қазақ жастарының желтоқсандағы көтерілісі себепкер болды. Желтоқсандағы жастардың бейбіт шеруі жаншылып-басылғанымен азаттықтың ауылы алыс емес екенін аңғартып кетті. Заман да, адам да өзгеріп демократиялық үдерістер жедел орын алып, ақыр аяғы Кеңестер Одағының ыдырауына, ата-бабамыз армандап өткен азаттыққа алып келді.
Міне, еліміздің егемендік алып, тәуелсіздіктің бесігінде тербелгелі – 33 жыл. Осы уақыт ішінде Қазақстан етек-жеңін жиып, шекарасын шегендеп, өз алдына дербес зайырлы ел болды. Тәуелсіздігімізді жарияланғаннан бергі мезгілде көптеген елеулі табыстарға қол жеткізілді. Қазақтың қыран ұшса қанаты талатын, құлан жортса тұяғы тозатын ұлан ғайыр шексіз даласы бүгінде қуанышты дүбірге толы. Өйткені, бабалар ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен талай басқыншы жаудан қорғап қалған алып кеңістікте бұрынғысынан мүлдем өзгерек жаңа Қазақстан қанат жайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзімен айтсақ, «Жаңа Қазақстан дегеніміз – егемен еліміздің болашақтағы бейнесі. Өз елінің ертеңіне сенбеген халық мықты мемлекет құра алмайды. Бұған тарихтан талай мысал келтіруге болады. Біз келешегіміз кемел боларына және жарқын болашақты өз қолымызбен жасай алатынымызға сенеміз. Әрбір азаматтың конституциялық құқығы мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз етеміз. Мемлекет пен қоғамның өзара сеніміне және құрметіне негізделген жаңа саяси мәдениетті қалыптастырамыз. Маңызды шешімдер жұртшылықтың қатысуымен ашық қабылданады. Өйткені, мемлекет әр азаматтың үніне құлақ асады. Адал еңбек, озық білім және үздік тәжірибе әрдайым жоғары бағаланады. Мен жаңа Қазақстанның осындай ел болғанын қалаймын». Жаңа Қазақстан еліміздегі саяси реформадағы бірлік, теңдік, әділдік сияқты тың басымдықтар негізінде қоғам мен ұлттың жаңаруынан пайда болды. Қайта түлеген Қазақстан өз дамуының жаңа басымдықтарын айқындар тұста егемендік декларациясы қабылданған 25 қазанды ұлттық мереке қатарына қайта қосты. Өйткені, тап осы күні ұлы өзгерістердің бастауында тұрған елімізде ата-бабалар аңсаған тәуелсіздік үшін тұңғыш қадам жасалған еді. Ендеше, егемен еліміздің басты мерекесі – Республика күні құтты болсын!
Айбек НӘЖІМОВ