Бәйгетөбеде жалпы ата-аналар жиналысы өтті

(0 Votes)

Қай кезде болмасын, бала тәрбиесіндегі мәселелер назардан тыс қалған емес. Себебі, баланың білімді, саналы, жан-жақты болып қалыптасуы – ұлт болашағы үшін қашанда маңызды. Ал оған ықпал ету ең алдымен білім ордалары мен ана-аналарға жүктелген міндет.

Қазіргі таңда күн тәртібінде мектеп оқушыларының құқық бұзушылығы мен еркін саудадағы электронды шылым шегуі сияқты мәселелердің жиілеуі  қоғам арасында өзекті болып отыр. Оны әлеуметтік желілер арқылы көріп те, естіп те жүрміз. Бұл әрекеттерге уақытында шара қолданбаса, оның одан әрі күшейе берері айдан анық.

Осы мақсатта аудандық білім беру ұйымдарында қамқоршылық кеңестің, әкелер, аналар мектебінің мүшелерін және құқық қорғау органы қызметкерлерінің қатысуымен жасөспірімдерді зиянды заттардан қорғау, құқық бұзушылықтың, жас өскін жастардың мінез-құқықтарындағы ауытқушылық ерекшеліктердің алдын алу мақсатында жалпы ата-аналар жиналысы өткізілуде.

Осыған сәйкес, аптаның сәрсенбісі күні Бәйгетөбе мектеп-бөбекжай кешенінде «Бала тәрбиесі баршаға ортақ» тақырыбында жалпы ата-аналар жиналысы болып өтті. Аталған жиынға Бәйтетөбе мектеп-бөбекжай кешенінің директоры Бақытгүл Әділбекқызы, округ әкімі Қоныс Шапайұлы, аурухана дәрігері Анар Әділбекқызы, мұғалімдер және ата-аналар қатысты. Күн тәртібінде оқушылар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және жасөспірімдерді зиянды заттардан қорғау жөнінде мәселелер айтылды.

Алғаш болып сөз алған мектеп директоры Бақытгүл Әділбекқызы еліміздегі кейбір білім ордаларындағы тәртіпсіздікті айта отырып, оның алдын алу шаралары ең алдымен ата-аналар және мұғалімдерге жүктелетінін міндет екендігін айтып өтті. Одан бөлек, Бәйгетөбе мектеп бөбекжай кешені оқушыларының арасында мұндай құқық бұзушылықтың жоқ екендігін жеткізді. Сондай-ақ, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Салтанат Берікқызы жасөспірімдер арасындағы қылмыстық істердің көбею себептері отбасындағы ақау тәрбие, материалдық әл-ауқат, баланың бос уақытының шамадан тыс көп болуы, ата-ана тарапынан бақылаусыз қалуы, мінез-құлықтың ауытқушылығы және рухани құлауынан болатындығын айтты.

«Тәртіп бұзушылықтың салдары көбіне жоғарыда айтып өткен себептерден пайда болады. Ал, оның негізі – сабаққа үлгере алмаушылық. Кейбір оқушылар достарынан сабақта артта қалып қойып, тәртіп бұзуын өзінше батырлық деп санайды. Және мұны өзгелердің көзінше көрсеткісі келеді. Сондай-ақ, тәрбиесі қиын балаларды тудыратын себептерінің бірі – балалардың оқытуда, тәрбиелеуде ата-аналардың жауапкершілік сезімінің жоқтығы – бала мінезінде мейірімсіздікті, яғни қатыгездікті, дөрекілік мен өзімшілдікті туғызады. Одан бөлек, үйдегі сәтсіздік, маскүнемдік, ұрыс-төбелес, ұрлық, ата-аналардың және басқа отбасы мүшелерінің мінез-құлқы, ажырасу мен некенің бұзылуында» - деді директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Салтанат Тәжмағанбетова.

img_4372

Сонымен қатар ол, көп жағдайларда ұл балаға жеткіліксіз көңіл аударылмайтынын және отбасы баланың ішкі дүниесін, ойларын, ортаға қатынасын жете біле бермеуінен тәртіп бұзушылықтың орын алып жататындығын жеткізді. Сонымен қатар, жиынға қатысушыларға жасөспірімдердің зиянды заттарға әуестігі жөнінде арнайы видеоролик көрсетілді.

Одан әрі мектеп психологы Сәуле Оразғалиева аталған жайттарды болдырмай, оның алдын алу үшін құқықтық насихаттатты күшейтіп, тәрбиені одан әрі жетілдіру қажет екендігін және бала тәрбиелеуде кітап оқудың маңыздылығын айтып өтті.

Айта кетейік, қазіргі таңда жасөспірімдер сәнге айналған электронды шылымды дүкендерден емін-еркін сатып алуда. Өкініштісі, елімізде бұл өнімнің осы түрін саудалаушылар да көп. Мамандардың пайымдауынша, электронды темекінің негізгі бөлігі ол – никотинді улы зат. Ал, никотинді тауардың түтініне түрлі жағымды иістер қосқандықтан жасөспірімдер оны ағзаға зияны жоқ деп есептейді. Алайда қарапайым темекінің өзі адам денсаулығына ауыр зиян келтірсе, электронды шылымнан келер зиян шаш етектен.

Халықаралық тілде бұл «вейп» деп аталады. Ол ағылшынның «vape» - буды жұту және шығару сөзінен шыққан. Вейп – аккумулятор және буландырғыштан тұратын электронды сигареттің бір түрі.

Осы тұрғыда аудандық аурухана наркологы Гүлнұр Сарқытова балаларды салауатты өмір салтына тәрбиелеу керектігін және шылым шегудің қаншалықты қауіпті екендігін түсіндірді. Және шылым шегетіндерде жиі созылмалы бронхит, туберкулез және басқа да өкпе аурулары пайда болатындығын ескертіп өтіп, қатысушыларға арнайы жадынамалар таратты.

img_4360

Жиын барысында ата-аналарда оқушыларды мұндай зиянды әрекеттерден аулақ болуы үшін өз ойларын айтып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Атап айтсақ, ата-аналар мен мұғалімдер екі жақтан балалардың зейінін арттыру мақсатында әрбір баламен жұмыс жасап, олардың кітапханаларға барып, көптеген үйірмелер мен спорттық ойындарға қатысуына ықпал жасау керектігін айтты. Және бұл тұрғыда мектеп директоры педагогикалық кеңестерде мұғалімдерге арнайы тапсырма беріліп отыратындығын жеткізді.

Жиын соңын мектеп директоры Бақытгүл Тиышбаева: «Еліміздің болашағы жас ұрпақ екенін ескерсек, олардың денсаулығы мықты, дүниетанымы кең, бойын зиянды әдеттерден аулақ ұстайтын ұрпақ тәрбиелеу – баршаға ортақ міндет» - деп қорытындылады.

Айта кетейік, ауданға қарасты білім беру ұйымдарында аталмыш тақырып аясында жиындар өткізіліп, кеңінен талқылаулар жүргізілуде.

 

Ә.ҚАСЫМ

   Суреттер автордікі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT