7 мамыр - ҚР Қарулы Күштерінің құрылған күні. Бұл күнді қазақстандықтар Отан қорғаушы күні ретінде атап өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
1992 жылғы 7 мамырда Мемлекеттік қорғаныс комитеті Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі болып қайта құрылды. Дәл осы күні Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері құрылды. Бұл күн елімізде мемлекеттік мереке және демалыс күні саналады.
1991 жылы 25 қазанда Қазақстан Президентінің Жарлығымен Қазақ ССР Мемлекеттік қорғаныс комитеті құрылды. Кейін ол Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі болып қайта құрылды. 1992 жылдың 7 мамырында ҚР Президенті болған Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы Жарлығы шықты. Бұл Жарлық бойынша, республика аумағындағы КСРО Қарулы Күштерінің құрамындағы мекемелер, бөлімдер, құрамалар Қазақстан Республикасының құзыретіне берілді. Жоғарғы Бас Қолбасшы ретінде Қарулы күштерді басқаруды Президент өз мойнына алды. Президенттен басқа қорғаныс ісімен тікелей шұғылданатын алғашқы Қорғаныс министрі қызметіне генерал-полковник Сағадат Нұрмағамбетов тағайындалды.
Айта кетейік, Отан қорғаушылар күні мерекесіне орай ҚР Президентінің Жарлығымен Жоғары әскери және арнаулы атақтар, сыныптық шендер және біліктілік сыныбы тапсырылды.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы әскерилер мен құқық қорғау органының қызметкерлеріне ордендер мен медальдар тапсырды.
Сурет: ашық дереккөз