"Ала допқа арбалған ағайын",-деп кеше ғана өмірден өткен спорт тілшісі А.Сейітхан айтпақшы, ала жаздай ала допқа арбалған ағайын бізде де бар. Әрісі көршілес Қызылқоғадан, берісі іргелес Доссордан жиылған командалар арасындағы қос бірдей дүбірлі доп додасы өз мәресіне жетті. Бір айта кетерлігі командалардың бірінші және жоғарғы лигаға бөлініп ойнауы аудан тарихында алғаш рет.
Бірінші лигада 16 команда бақ сынаса, жоғарғы лигада 9 команда тартысқа түсті. Екі айға созылған қызықты ойындардың шымылдығын "Қызылту" мен "Айбек" командалары ашып берген болатын. "Қызылту" ә дегеннен жергілікті командалардан өз айласын асырып жігіттерімізді сан соқтырды. Тіпті турнирдың жұмбақ командасына айналып, фавориттеріміздің өзі санасып ойнайтын деңгейге жетті. Алайда алыс жол әсер етті ме, әйтеуір Жасқайраттықтар әріге бара қоймады. "Күз келіп, балапан санар сәт туғанда" олар турнирлік кестенің бел ортасына жайғасты.
Дәл осы турнирлердің өтуіне өз ықпалын тигізгендердің бірі - Әнуар Теңдібай. Айтуынша бұл формат көптеген жаңа командалардың пайда болуына жол ашқан. "Тіпті арнайы бапкер жалдап, лигионер алдыртқан ұжымдар да бар",-дейді ол. Бірінші лигада жеңіліп көрмеген екі команда -"Қазына" мен "Қуаныш" алғашқы орындарға жайғасты. Жарыс жеңімпазы жартылай өнер ұжымының жігіттерінен құралған "Қазына" командасы 13 ойында жеңіске жетіп, тек екі ойында ғана тең түскен. Ал турнир бойы олардың ізін аңдыған "Қуаныш" командасы бес рет тең ойнап 35 ұпаймен екінші орынға жайғасты.
Үшінші орынға орныққан "Самрат" командасы соңғы турда өрт сөндірушілерден жеңіліс тауып, "Болашақ" командасына үміт сыйлады. Қолда тұрған мүмкіндікті олар да мүлт жібермей, қажетті үш ұпайға қол жеткізіп үшінші орынды жұлып әкетті. Сенсацияға баланғандардың бірі "Самратты" сүріндірген дәл осы өрт сөндіруші жігіттер. Құрамындағы бір-екі ойыншының ғана кәсіби шеберлігі шыңдалған демесеңіз, команданың түгелге жуығы аталмыш ұжым жауынгерлері. Елді елең еткізгендердің бірі - екінші ауылдан келген "Еркін" командасы. Жасыл алаң қожайындарына баланған жігіттерді дайындап жүрген жерлес мақтанышымыз Жақсылық Амандосовтың өзі екен. Олардың осыған дейінгі ойындары көңіл көншітпегенмен, бұл жолы тәп-тәуір дайындықпен келгені сезіліп-ақ тұр. "Еркіннен" бір саты төмен жайғасқан Мақат БЖДСМ 2005 жылы туылған өрендері. Жас екенбіз деп жасымаған олар да жеті ойында жеңіске жетті.
Ұйымдастырушылар көрерменді "бармақ басты, көз қысты" деген күдіктен арылту үшін жоғарғы лигаға қаладан арнайы төрешілер алдыртқан. Талайлардың жанарын жаулаған жоғарғы лига тым тартысты өтіп, интрига соңғы турға дейін жалғасты. Мәселен, бүгінде "Нұртілек" командасы болып өзгерген байырғы "Бахтиярлықтардың" турнир жеңімпазы атануға толық мүмкіндігі болды. Доп - дөңгелек деген осы. Соңғы екі турда сәттілік жетіспей жігіттердің қолында тұрған чемпиондық атақ сусыды да кетті. Турнирдегі ең азулы қарсылас саналатын "Қуантықтың" өзін жүрісінен жаңылдырған "Нұртілекке" жауапты мачта ненің кедергі болғанын түсіне алмадық. Соңғы турда оларға қарсы ойнаған Доссорлықтардың құрамы сақадай сай еді. Тіпті бір адамды екі ойыншы алмастыруға болатындай құраммен келгендіктен олар ойынның соңына дейін тың ойнады. Бәлкім бар гәп осында болды ма екен?
Жоғарғы лигадағы ең қызықты ойындардың біріне "Ермек" пен "Нұртілек" арасындағы ойын баланды. "Ермек" ойынның оныншы минутына дейін екі доп айырмасымен 0:2 ұтылып жатқан. Сол-ақ екен ойынға Еркебұлан Бейбітұлының өзі араласып, допқа жанасқан сәтінен жарқ етіп көзге түсті. Таблода тең есеп тіркеліп, тіпті олар 4:2 есебімен керемет камбэк жасады. Біраз шыңдарды бағындырған "Нұртілек" те оңай шағылар жаңғақ емес еді. Делебені қоздырған ойын соңындағы есеп көрсеткіші 4:4 ке жеті. Ойынның бітуіне он секунд қалғанда "Ермек" соңғы шабуылын жасап допты алаң жиегінен қосуға мүмкіндік алды. Пас және гол. Ал голдық пас авторы атанған өзіміздің Еркош еді.
Міне, Мақаттың кіші аяқ добы дәл осындай жоғарғы дәрежедегі тартысты ойындармен қызықты. Кезекті керемет матч Қуандық пен Доссорлықтардың арасында өрбіді. Ойынның соңғы минуттарына дейін сақталып тұрған тең есепті Жақсылықтың жақсы пасы бұзды. Шешуші голдың авторы Каримов Сағытжан. Қызылқоғадан ат арытып келген Көздіқара командасы да жоқ жердін айды аспанға бір-ақ шығарды. "Азамат" командасының ізімен құрылған Мақаттықтармен арадағы ойында жергілікті команда сөзсіз фаворит саналған еді. 4:3 ұтылып жатқан қонақтар алдымен қақпашының қателігін ұтымды пайдаланып, артынша шедевр голмен ойынның нүктесін қойды.
Көп адамның көзіне түсіп қалған Ақжомарт есімді ойыншының келешегінен күттірер үміті зор. "Иман жастарымен" болған ойында олардың тең нәтижесін көп адам табиғи қолайсыздыққа байланысты жолдары болды деп топшылаған еді. Бір жағынан бұл ойындар Қызылқоғадан келген командаларға біраз тәжірибе жинақтауға мол мүмкіндік берді.
Жарыстың бас жүлдесін қанжығасына байлаған Доссорлықтардың екі ойыншысы ерекше көзге түсті. Бірі тәжірибелі команда капитаны - Төреғали Нұрсұлтан болса, бірі Шеркешбаев Азамат есімді атыраулық локомотивтен келген легионер. Сонымен екі айға созылған қос лиганың қортынды кестесі төмендегідей.
Әнуармен әңгіме өрбітіп, мақала жазылар алдында Марат ағайымыз арнайы редакцияға табан тіреді. Ауданымыздағы ардагер спорт жанашыры аптаның әр сенбісінде ойын тамашалау үшін сонау Құрманғазы ауданынан арнайы келетіндігін айтты. Себебі атамыз жаз мезгілінде сол ауданда болған екен. Әр команданың ойын өрнегін жіті бақылап, артық-кем тұстарын дөп баса білетін қария "Жастардың спортқа деген құлшынысы керемет. Иә, көптеген мықты аяқдопшыларымыздың жасы келіп қалғаны рас. Десе де олардың ізін басатын кейінгі буынның болашағы зор деп ойлаймын",-дейді.
Ағайдың өзі де жақын күндері ардагерлер арасынан асық атудан облыс чемионы атанып келген екен. Енді республикалық додада тек сәттілік тілейміз. Еңбектеген баласынан еңкейген қариясына дейін сүйіп қарайтын спорт түрі осылайша кент ішін екі ай дүбірлетті. Айта кетейік, турнир карантин жағдайы қатаң сақтала отырып өткізілді. Айтарымызды тағы да марқұм Амангелді ағамыздың сөзімен түйіндедік. "Жеңісті күндерде жолыққанша!"
А.САДЫКОВ