14 қаңтар күні Мақат кентіндегі «Үміт» жатақханасының ғимаратында әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі аудандық үш жақты комиссияның кезектен тыс отырысы өтті.
Комиссияға әкімдік атынан жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу, ішкі саясат, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімдерінің басшылары, ал кәсіподақтардың аудандық кеңесінің тарапынан аудандық аурухананың және Мақат локомотив пайдалану депосының кәсіподақ комитеттерінің төрағалары қатысып, аудан әкімінің орынбасары Азамат Шаңғалаев төрағалық етті. Сонымен қатар жиында жұмыс берушілерден Мақат жөндеу депосы мен аудандық білім бөлімінің өкілдері болды.
Күн тәртібінде қаралған жалғыз мәселе кәсіпорындар мен ұйымдардағы еңбек қатынастарыың жағдайы туралы еді. Нақтырақ айтқанда жұмысшылардың «БатысСервисПлюс» ЖШС-іне жалақыны көтеру туралы талап қоюы.
«Өздеріңнің де әйелдерің бар ғой. Әйелдеріңді дүкенге кіргізіп көріңдер жоқ дегенде 5-10 мың теңгемен шығады. 66 мың теңге айлық деген ақша ма?! Екінші мәселе жігіттердің үйінде қуаныш-қайғы секілді жағдайлар орын алғанда материалдық көмек беру қарастырылмаған», - деді жұмысшылар атынан сөйлеген Зейнел Ғабит.
Алайда «БатысСервисПлюс» ЖШС толық сомманы арнайы киімдер мен әр айдағы шығыстарға бөліп есептегенде айлықты тек 10 пайызға көтере алатындықтарын алға тартты.
«Біздер тендерді 31 желтоқсан күні жеңіп алдық. 4-і күні жұмысшылармен танысып кеттік. Қаңтардың 11-інен келісімшартқа отырайық десек, жұмысшылар айлықты азсынғаннан қол қоюға бас тартып отыр. Айта кететіні, сағатпен емес тұрақты айлық болады. Оны 20 пайызға көтереміз деп айтқан біз емес, бізге дейінгілер. Табысымыздың көп еместігіне байланысты дәл осы бөлінген ақшамен айлық көтереміз деп айта алмаймыз. Түнгі уақытқа қосымша төлем болмағанымен, мйрамдарға бар. Даладан іздемей бар адамдармен жұмыс жасай бергіміз келеді. Бірақ сіздер келісімшартқа қол қоймасаңыздар еңбек биржасынан адам іздеуге мәбүр боламыз. Ал мәселе бірыңғайланғанша жұмыста жүре берулеріңізді сұраймыз», - деді олар.
Өрт сөндірушілер өз кезегінде: «Магистарльды газ құбырлары басқармасы 2020 жылдың қазан айында 3 ай шыдаңдар, кейін айлықтарың 20 пайызға өседі деп айтты. Былтырғы жылы біздер 10 күн жұмысқа шықпай дау туындағанда әкімнің алдында ақшаны толық төлейміз деп алып, кейін «Бес мейрам» заңгерлері сөздерінен тайқып шықты. Сол жағдайдан жұмысшыларымыз қорқып қалған. Ал келісімшартты бізге тек ақ қағаз түрінде ұсынды, сондықтан қол қоймадық. Талабымыз айлықтың 100 мыңға дейін көтерілуі», - дей келе жұмысты тоқтатпайтындықтарын жеткізді.
Комиссия мүшелерінің атынан сөз алған Бауыржан Жүсіпов:
«Тендердің ойнатылуын түсінбей отырмын. Егер сіздер өте аз соммамен ұтып алып қаражат бұрын төленіп жүрген айлыққа да жетпей қалса қайтер едіңіздер?! Жұмысшыларға айтарым, келісімшартқа отыра беріңіздер. Кейін арыздарыңызды жазбаша жолдап өзгеріс енгізуге болады. Бұлар сосын тапсырыс берушімен сөйлеседі. Сонда ғана келесі отырыста осы мәселе заңды түрде қаралады. Келісімшарт болмаса сіздер бұлардың қызметкерлері емессіздер, ештеңені талап қылуға құқыларыңыз жоқ. Жұмыс орнының сақтандыруы да жүрмейді», - деп заң тұрғысынан түсініктеме бере кетті.
Екі тарапты тыңдап болғаннан соң әңгімені өрт сөндірушілердің жұмысы қаншалықты қауіпті екендігінен бастаған аудан әкімінің орынбасары Азамат Шаңғалаев:
«Коммиссия төрағасы боп отырғанымды пайдаланып бұл отырысты келесі аптаға қалдыруды ұсынамын. Бұл жерде магистарльды газ құбырлары басқармасының қаржыға жауапты қызметкерлері болмағандықтан ештеңе шешудің мүмкіндігі жоқ. Келесі аптада еңбек инспекциясы,қажет болса облыс әкімінің бірінші орынбасары деңгейінде бұл мәселені көтеру керек. Халық үшін әрқашан есігіміз ашық. Берілген уәденің орындалуын қадағалайтын боламыз. Аудан әкімі осы жағдай туралы еңбек инспекциясына хабарлады. Дұрыс-дұрыс сөйлейді деген 4 ауысымнан 1 жұмысшыдан облыс әкіміне кіргізе аламыз», - деді қорытынды сөз ретінде.
Алайда жұмысшылар талаптары орындалмай қалады деген қауіппен бәрібір келісімшартқа қол қоюдан бас тартты. Мәселенің шешімін табуы келесі отырысқа қалды.
А. Жұмабекұлы