Әйелдер еліміздің қоғамдық-саяси және экономикалық өмірінің барлық салаларына белсене араласуда.
Десек те, әйелдердің құқы қорғалуы, отбасындағы тәрбие, ұлттық салт-дәстүр мен сана қашанда бар өлшемнен жоғары тұратыны белгілі. Өткен аптада аудан әкімдігінде аудан әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия отырысы өтті. Отырыс жұмысына аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Ерғалиев төрағалық етіп, мүшелері қатысып отырды.
Күн тәртібіне сәйкес әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы және әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою үшін халықаралық күрес күніне (25 қараша) «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» науқаны аясында іс-шаралар туралы мәселе қаралды. Мәселеге орай аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы, полиция аға лейтенанты Айнұр Бауыржанова баяндады.
Елімізде жыл сайын тұрмыстық зорлық-зомбылыққа және адам өлтіруге қатысты он мыңдаған оқиғалар тіркеледі. 2009 жылы қабылданған «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын-алу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына 2014 жылдың басында өзгерістер мен толықтырулар енгізілген болатын. Заңда «Қорғау нұсқамасы» ұғымы отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алудың бірі ретінде көрсетілген.
Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық әлемнің барлық жерінде таралған және кез келген қоғамда кездесетін жағдай. Нәзікжандыларға қатысты зорлық-зомбылық жасау мәселесі тек нәсілдігін, әлеуметтік ортасын, шығу тегін ғана қозғап қоймай, сонымен қатар басқа жағдайлардан туындайды. Тұрмыстағы зорлық-зомбылық мәселесін дамыған мемлекеттердің өзі жеңе алған жоқ. Бұл құбылысты тоқтату жолдарын қоғам шешуге тырысады. Бұл жайт туралы тек қарашаның 25-інде ғана емес, күнделікті айтыла беру керек сияқты.
Өйткені бұл мәселеге қатысты аудандағы ахуал аса мәз емес. Яғни, өткен жылмен салыстырғанда, ілгерілеушілік байқалмады. Мысалы, әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексітің 73-бабымен, отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қарсы әрекеттер жасағаны үшін 2018 жылдың осы күніне дейін 80 адамға іс-құжат жинақталып, аудандық сотқа жолданған. Жанұя және тұрмыстық жағдайларда болатын құқық бұзушылықтың алдын алуда, жанұя саласында құқық бұзушылықтар жасаған адамға жыл басынан бері 157, акция кезінде 6 қорғау нұсқамасы берілген. Тұрмыстық зорлық-зомбылық дегеніміз отбасының бір мүшесінің екінші мүшесіне немесе бірге тұратын, бірге тұрған жақын туыстарына, бұрынғы күйеуіне, не бұрынғы әйеліне көрсеткен зорлық-зомбылық түрі. Аталмыш Заңға сәйкес, зорлық-зомбылық физикалық, экономикалық, психологиялық және жыныстық болып бөлінеді. Отбасындағы қысым елдің мәдениетіне, экономикасының дамуына байланысты емес. Бұл құбылыс жекелеген адамдардың ерекшеліктеріне қатысты. Алайда, әр адам мемлекеттің азаматы болғандықтан, оны қандай да бір қауіп-қатерден қорғау да мемлекетке жүктеледі.
Қорғау нұсқамасы берілгеннен кейін 30 күн ішінде қорғау нұсқамасы талаптарын бұзғаны үшін 12 адамға қатысты әкімшілік жауапкершілік көзделді. Егер бір адам екінші адамға қатысты заң бұзушылық немесе қылмыс жасамаса да, бірақ, өзінің іс-әрекеттері арқылы екінші адамның өмірін қиындатса, ізіне түссе, жұмысына барып мазасын алса, ауызша немесе телефон арқылы хабарласып, қорқытып, психологиялық әсер етсе, жәбірленуші құқық қорғау органдарына барып шағымдануына болады. Оның өтінішінен кейін полицейлер құқық бұзушымен профилактикалық әңгіме жүргізеді. Профилактикалық әңгіме жеткізіліксіз болған жағдайда жәбірленушінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жәбірлеушіні полицияға жеткізіп, оған қорғау туралы нұсқама жазылады. Нұсқаманың арқасында оған тұрмыстық зорлық-зомбылық жасауға, жәбірленушінің еркіне қарсы оны іздеуге, қудалауға, ауызша және телефон арқылы әңгіме жүргізуге, басқа да амалдарды қолданып байланыс жасауға, сондай-ақ, денсаулыққа зиян келтіретін дене күшін немесе психикалық залал келтіретін әрекеттерге тыйым салынады.
Қорғау нұсқамасы он алты жасқа толған, ақыл-есі дұрыс адамға қатысты шығарылады. Оның шығарылған уақыты мен орны, кімнің шығарғанын және кімге қатысты шығарылғаны, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жасалған орны, уақыты және мән-жайлары көрсетіледі. Қорғау нұсқамасының қолдану мерзімі ол өзіне қатысты шығарылған адамға берілген кезден бастап отыз тәулікті құрайды. Осы шараларды учаскелік полиция инспекторлары жасайды. Ал, қорғау нұсқамасы бұзылған жағдайда, ҚР ӘҚБтК-нің 355-1 бабымен әкімшілік жауапқа тартылады немесе 10 тәулікке қамауға алынады.
Психологтардың айтуынша, балаларының көзінше анасын ұрып-соғу арқылы әке болашақ қатігез ұрпақ тәрбиелеп жатады. Соны өздері түсінбейді. Егер еркек әйелге үш реттен артық қол көтерсе, әйелдің бойында қорқыныш пайда болады. Өзін қорғай алмаған анасын көрген бала аяушылық сезімнің не екенін сезінбей өседі дейді мамандар.
Олай болса, кейінгі ұрпақ алдында жауапты ата-аналардың ұрыс-жанжалмен өткен әр күні уақыт өте келе өздеріне зиян болып қайта келерін сезінгені дұрыс болар еді. Маманның есепті баяндамасы қаперге алынып, Мақат аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесіне тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болған әйелдерге денсаулық, отбасылық құндылықтар, құқықтық сауаттылық бойынша тегін тренингтер мен консультацияларды ұйымдастыру. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге көмек көрсету бөлімшесінде «Ашық есік» күнін ұйымдастыру жұмыстары тапсырылды. Комиссия жылды қорытындылап, келер жылға жоспар қабылдады.
Г.САЛИКОВА.