Майлы қиян атанған Мақат өңіріне әуелеген әндері Алтай мен Атыраудың арасында қалықтаған Илья Жақанов ат басын тіреді. Осыған орай аудандық мәдениет үйінде Қазақстан, Қырғызстан Республикаларының Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасының «Парасат», «Дәнекер» және «Отан» ордендерінің иегері атанған өнер иесінің 85 жылдығына арналған "Еділ мен Жайық" атты кездесу кеші өтті.
Күллі қазақ елінің сүйіп орындайтын әуеніне айналған "Еділ мен Жайық" әнін «Тұран» тобы тебірене шырқады. Әсем әннің ырғағымен сахна төріне көтерілген Илья ағамыз бен өмірлік жары Тиыш апайымызды жиылған жұртшылық ыстық ықыласына бөледі. Сыр-сұхбат айдарымен өрбіген әдемі кеште ағамыз өзін жақыннан таныстырды. Тарихтың терең қатпарларына үңіліп, арғы-бергі күндерден сыр шертті. Илья Жақанов 1936 жылы Жамбыл облысының Сарысу ауданында дүниеге келген. Ол С.М.Киров атындағы мемлекеттік университетінің филология факультетін тәмамдады. ҚазССР Министрлер Кеңесінің теледидар мен радио жөніндегі Мемлекеттік комитеті жүйесінде әдеби редактор, Қазақ радиосының музыкалық редакциясында бас редактор болып қызмет атқарды. Қажымас қайрат пен елеулі еңбегінің арқасында еліміздің көрнекті тұлғасына айналды. Бір қызығы ағамыз жас шағында музыкалық консерваторияға түскелі тұрған жерінен айтулы композитор Евгений Брусиловскийдің өзі қарсылық танытады. Ұнатпағанынан емес, халық музыкасына шын жанашырлық танытқанынан. Себебі Илья Жақановтың әндерінен кешегі сал Біржандардың лебі есіп тұртын. Ұлы даланың өзіне тән өшпес мұрасының жалғасындай сезілді. Ал, Брусиловский бұл арнаның басқа салаға бұрылып кетуінен қорықты.
Әңгіме барысында өнер иесінің өмірлік серігіне де сұрақтар қойылды. "Еліміздің еркесіне айналған сазгердің жары болу несімен қиындық келтірсін. Ағаларыңның жанында жүрген тамаша. Әрбір жаңа дүние жарық көрген сайын біздің үйде шағын мереке. Соған мәз болысып, бірге тойлаймыз",-деді Тиыш апай.
Көрнекті композитр сондай-ақ ел арасына кеңінен таралған әуезді әндерінің шығу тарихына да тоқталды. Ағамыздың жасы сексеннің сеңгірнен асса да сол баяғы ұмытылмас шақтар әлі күнге дейін көз алдында екен. Қазақтың мәдениеті мен өнер әлемінде есімдері алтын әріптермен жазылған небір танымал тұлғалармен өткен қызықты сәттерді қаз-қалпында баяндады. Ағамыздың әңгімесіне сүттей ұйып, сілтідей тынған сахнаны әлсін-әлсін сиқырлы сазды әуендері кернеді.
Карантин басталғалы саф өнердің тұнығына сусаған аудан тұрғындары мерейлі меймандарына гүл шоқтарын ұсынып, шатырлаған шапалақтан нөсерлетті. Жұрт сазгер ретінде танитын И.Жақановтың суретшілік қыры да көпшілікке жақсы мәлім. "Бірде теледидардан атақты суретшіміз Ә.Қастеевті оқымаған адам ретінде таныстырып жатты. Әлгі сөз менің жүрегіме түрпідей тиіп, 76 жасымда жоғарғы оқу орнына түсуге түрткі болды",-дейді қылқалам иесі. Игіліктің ерте-кеші жоқтығын осыдан-ақ байқауға болатындай. Ал ағамыздың жалпы бейнелеу өнеріне деген қызығушылығын оятқан әлемнің айтулы шедеврлері емес, кәдімгі мектептің бір бұрышында жатқан бояма суреттер екен. "Әлгі суреттерді үйіме алып кетіп, көшіріп сала бердім. Оған дейін де отыра ғап топырақ пен тасқа сурет сала кететін әуестігім бар еді",-дейді.
Өнер мен өмір айдынында қол ұстасып қатар келе жатқан жұптың биыл отау құрғандарына 60 жыл. Гаухар тойларының тұсында аудан төрінен табылған қос аңыздың жолы жұғысты болсын деген ниетпен жас өнерлі отбасы Амандық пен Айнұр Төлегеновтердің орындауында «Нені ойладың?» әні шырқалды. Алып сазгердің әніне арқау болған мұнайлы мекеннің шырайлы аруларында қандай арман бар десеңізші? «Мақаттың ерке бұлбұлын» орындаған ауданымыздың ерке бұлбұлы Жанат Өтеповаға да халық қошеметін аямады. Сондай-ақ ұлттық құндылығымызды жанұясымен дәріптеп жүрген әкелі-балалы Бисенбай және Қайырбек Әкімгереевтердің орындауында әуелеген "Толағай" әніне тербелмеген жан қалмады.
Кеш соңы ақжарма тілектермен жалғасты. Өзінің жүрекжарды тілегін айту үшін сахна төріне көтерілген ауданымызың абыз ақсақалы, аудандық ардагерлерлер кеңесінің төрағасы Сәбит Сүлейменұлы мерейлі мейманымызды әлемдік деңгейдегі өнер майталманына теңеді. Теңесе теңегендей, мәселен оның «Ағады жайық ағады» әні шекара асып Қытай қазақтарының репертуарына енген екен. Ал, бұл кеште оны Қазақстан Ресубликасының мәдениет саласының үздігі атанған Кенжебике Айтмұханқызы әуелетті. Қара алтынның қара шаңырағына тарту етілген керемет туындылардың бірі «Доссор вальсімен» қортыланған кешті аудан әкімі Шәкір Кейкінұлының өзі түйіндеді. Мұнайлы мекеннің атынан ақ алғысын білдіріп, сый-сияпат көрсетті.
Ұлы өнері ұлтымның саф алтыны,
Тұлғасыз елім үшін атағы ірі.
Арымайды халықтың баталы ұлы.
Мұнайлы астанадан дұғай сәлем,
Алашқа ортақ қазақтың Жақановы!
А.САДЫҚОВ
суреттер аудандық мәдениет үйінен