Спортты сүйген Аяжан

(0 Votes)

Ауданымызда волейболды сүйіп ойнайтын жастар да, ересектер де аз емес. Соңғы кезде қыз-келіншектер командаларының қатары нығайып келеді, олардың арасында жарыстар да жүйелі түрде өте бастады. Ал осы спорт түрінің ауданда дамуына Аяжан есімді жас маманың үлесі зор.

Аяжан Өтепқалиева - ауданда спортты сүйген қыздардың бірі және бірегейі. Волейбол десе, Аяжанның есімі қатар жүретіні де жасырын емес. Жастайынан талай байрақты бәсекеден жүлделі оралған оның жеткен жетістігі мен алар асуы да аз емес. Жастар және спорт күні қарсаңында өзінің тындырымды ісімен көпке үлгі болып жүрген жас маман туралы жазуды жөн көрдік.

Аяжан Әнуарбекқызы 1998 жылы Мақат кентінде дүниеге келген. Л.Шахатов атындағы орта мектебінде білім алған ол қатар-құрбыларымен бірге орта білімді жақсы үлгеріммен аяқтады. Мектепті бітірген соң 2015 жылы Алматы қаласындағы Қазақ спорт және туризм академиясында «волейбол» мамандығы бойынша білім алады.

«Кішкентай кезімнен спортқа жақын болып өстім. Көптеген спорттық үйірмелерге қатысып көрдім. Бірақ жаныма жақыны волейбол болды. 9 сынып оқып жүргенде ауданда волейбол үйірмесі ашылған болатын. Сол кезден бастап осы спорт түріне деген қызығушылығым одан сайын артып, жаттығудан қалмайтынмын. Осылайша мектеп бітірер тұста ойланбастан волейбол мамандығын таңдадым»,- дейді спортты сүйген қыз.

Сонымен қатар, Аяжан биыл Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде «заңгер» мамандығы бойынша магистратура бітірді. Алғашқы еңбек жолын туған ауылынан бастауды жөн санаған ол Х.Санбаев атындағы орта мектебіне дене шынықтыру пәні мұғалімі болып жұмысқа орналасады. Үнемі жаңалықтар мен жаңа идеялардың ортасында жүретін жалынды жас маман болып қалыптасуға, ұстаздық қызметтің қыр-сырын үйренуге талпыныс жасап, бүгінде елгезектігімен және тындырымдылығымен көзге түсіп жүр.

«Жас келсе, іске!» деген сөз Аяжанға қаратып айтылғандай. Себебі ол ауданда волейбол спортын дамыту үшін өз үйірмесін ашты.

«Жастардың бос уақытын тиімді пайдалану үшін, салауатты өмір салтын ұстануға шақыру ниетінде осы үйірмені қолға алдым. Қызығып келушілер көп. Қазір тұрақты түрде жиырма бала қатысып жүр. Оларды дайындап жарыстарға шығарып жүрмін»,- дейді ол.

index3

Жалынды жас қоғамдық іс-шараларға да белсенді араласады. Ол «Волонтёр» жылы аясында ауданда құрылған «Асар» еріктілер тобының мүшесі. Әр түрлі үлкен-кішілі қайырымдылық істердің басы-қасында жүріп, елдің алғысын арқалады. Жан-жағына мейірім шуағын төгіп, аңқылдаған аппақ пейілдері мен жақсылық жасауға деген ынта-ықыластары бар жастардың ортасында жүргеніне қуанышты екенін жеткізді ол.

«Бізге шын көңілден бе­рілген алғыс-батадан артық ештеңе де ке­рек емес»,- деді ерікті жас.

«Жастар бұзылған, жастар қа­ты­гез, жастар мейірімнен жұрдай» деген жа­ғымсыз сөздерді жиі естіп жүргендердің талайы, бәлкім, осынау жастардың атқарып жатқан істерін көрсе өз пікірлерін түбегейлі өзгертері анық. Аяжанның арманы асқақ. Болашақта волейбол спорт түрін одан әрі дамытып ауданның атын шығаруды мақсат етеді.  Аяжанның алдағы уақытта жемісті жұмыс жасай беретініне сеніміміз мол.

 

М.ІЗТҰРҒАНОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT