Ертеде бір әмірші Әл-Фараби бабамыздан «Менің мемлекетімнің ертеңі туралы не айтар едіңіз?»,- деп сұрапты. Сонда Әл-Фараби: «Сен маған алдымен жастарыңды көрсет, сонда мемлекетіңнің болашағын барлау қиынға соқпайды», - деген екен.
Иә, еліміздің кемел келешегі мен жарқын болашағы дәл осы жалынды жастарымыздың қолында екені жасырын емес. Мағжан ақынның:
«Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты
Қырандай күшті қанатты
Мен жастарға сенемін!»,- деуі де бекер емес еді. 12-ші тамыз Халықаралық жастар күні қарсаңында ғұмырының ең белсенді шағын ең абзал істермен көркемдеп жүрген Әнуар Жеңісұлы туралы азды-кем қалам тербеуді жөн көрдік.
1996 жылы 14-ші қыркүйекте дүниеге келген ол Х.Санбаев атындағы ора мектепті тәмамдаған. Үйінің үлкені, ізімен ілескен қос қарындасы бар. Атырау мұнай және газ университетінен автоматтандыру және басқару мамандығын игеріп, кейіннен Ақтөбе қаласындағы Қ.Жұбанов атындағы жоғары оқу орнынан спорт мамандығы бойынша білімін жетілдірді. Қарап отырғанды жаны сүймейтін Әнуар студент кезінен-ақ еңбекке етене араласқан. Ал, демалыс кезінде "Жасыл ел" жастар жасағын толықтырды. Спорттың қыр-сырымен жақсы таныс болғандықтан, аудандық спорт бөлімінде тәжірибеден оңай өте білді. Артынша дәл осы бөлімде әдіскер қызметін атқарды. 2019 жылдан бастап Мақат балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде жас өрендерді футболға жаттықтырып жүр. Айтқымыз келгені Әнуардың біз білмейтін мүлде басқа қыры.
Ол жабырқаған жанды көрсе жұбатуға дайын тұратын жүрегі мейірімге толы азамат. Сенбесеңіз, сөзімізге бұған дейінгі тындырған толағай істері дәлел. "Жалпы қоғамдық шараларға атсалысу мектеп кезінен басталды. Жоғарғы оқу орнында оқи жүріп бірнеше белсенді волонтерларды көзім шалды. Олардың осындай адамның көңілін сүйсінтетін әрекеттерін неге өз ауылымда қайталамасқа деген ой келді. Осылайша қайырымдылық шарасын бір мұқтаж жанның еміне деп ең алғаш рет футболдан бастадық. Міне, содан бері осындай қайырымдылық мақсаттағы турнирдің онын ұйымдастырған екенбіз. Біреудің еміне, біреудің дәрі-дәрмегін алып беруге, біреудің алыс жол сапарын өтеуге жәрдемдестік. Бұдан бөлек мешіт жамағатымен бірлесе отырып әр жұма сайын қайырымдылық акциясы әлі күнге дейін жалғасын тауып келеді. Және де әр ай сайын кемі он отбасыға азық-түлік таратуды әдетке айналдырдық. "Мектепке жол" акциясы, әртүрлі мерекелерде балаларға тәттілер тарату деген секілді шаралардан да қалыс қалмаймыз. Бұл жалғыз менің ғана емес, осы жолда ерекше белсенділік танытып жүрген замандастарымның да өлшеусіз еңбегі деп білемін",- дейді Әнуар.
Жерлестерінің жүзіне әркез қуаныш сыйлап жүрген кейіпкеріміз кешегі аласапыранда да аянып қалмады. Халықтан қаражат жинап, орталық ауруханаға оттегі аппараттарын тарту етті. Әрі мылтықсыз майданға түскен ақ халаттыларымызға ыссылай тағамдар алып барған ерікті жастардың қатарынан табыла білді. Қасиетті рамазан айында ауызашар ұйымдастыру, қаржылай көмек қолын созу секілді көпке елене қоймайтын сауапты істері де сансыз. Мұнайлы мекеніне қалтқысыз қызмет етіп жүрген Әнуардың өлшеусіз еңбегі еленбей қалмады. Ол былтыр арнайы "Халық алғысы" медалімен марапатталды. Әттең билік басындағы әрбір азамат дәл осы Әнуардай болса ғой дейміз кейде. Жаратқанның рақымы мен елінің ақ батасы үшін қандай да бір істен тартынып қалуды білмейтін кейіпкеріміздің ертеңіне зор үмітпен қараймыз. Айтпақшы, Әнуар жақында оңтүстіктің аруымен шаңырақ көтеріп, жұбайлық өмірге қадам басты. Ендеше сендерге жарқын болашақ пен бақытты ғұмыр тілейміз. Еліңнің ақ батасымен көсегелерің көгеріп, көрер көзді сүйсіндіре беріңдер!
А.САДЫҚОВ