Ауданымыздың киелі топырағынан түлеп ұшқан жастарымызды таныстыруды жалғастырамыз. «Мақат маңайынан» айдарымыздың келесі кейіпкері Доссор топырағының тумасы, қазіргі таңда аты әлемге мәшһүр «Google» компаниясында қызмет ететін - Данияр Қайырболатов.
1997 жылдың 30 шілдесінде Доссор кентінде дүниеге келген Данияр шаңырақтағы 4 баланың кенжесі. Әкесі Бағытжан Төлеуов ауданға белгілі кәсіпкер. Кішкентайынан зерек болған ұл 7 жасында Абай Құнанбаев атындағы қазақ орта мектебінің табалдырығын аттайды. Аталған оқу орнында 6 жыл білім алғаннан соң, оқуын облыстық Қазақ-түрік лицейінде жалғастырады. Жанына жақын техникалық бағыттағы білімін жетілдіре түсуіне бұл білім ордасының орасан зор пайдасы тиеді.
«Мектепте екпінділердің қатарында болдым. Әсіресе жаратылыстану ғылымдары оң жамбасыма келетін. Түрік лицейінде жүргенімде информатика пәнінен олимпиадаға қатысып, халықаралық деңгейде орындар алғаным бар»,- дейді оқушылық дәуренін еске алған Данияр.
Халықаралық олимпиада жүлдегері болғандықтан мектеп бітірер тұста АҚШ университеттерінің өкілдері тарапынын түскен ұсынысты құп алған ол, 2015 жылы Техас штатындағы ең ірі қала Хьюстонда орналасқан Солтүстік Америка университетіне бағдарламашы мамандығы бойынша оқуға түседі. ІT саласын мектепте терең оқығанның арқасында АҚШ-та білім алу оған аса қиын тимеген. Тек ағылшын тілін қайта жетілдіруіне тура келеді. Университетте оқып жүргеннен еңбекке араласқан оны 2019 жылы оқуын тәмамдағаннан кейін жиырмаға жуық компания жұмысқа шақырады. Дегенмен оның таңдауы «National Oilwell Varco» (NOV) мұнай компаниясына түседі.
«Біз жақта жұмысқа орналасу үшін бәсекелестік жоғары. Бірақ жақсы маман болсаң компаниялардың өздері ұсыныс жасайды. Мені де NOV компаниясының өзі шақырды. Кеңсесі үйіме жақын болғасын келісе кеттім. Ол компанияда IT инженер болып жасаған екі жылдай уақытым мол тәжірибе сыйлады»,- дейді кейіпкеріміз.
Кейін «Google» компаниясына кірудің сәті түскенде кәсіби біліктілігінен бөлек мінез-құлқына дейін жіті тексереді. Алғашқыда барлық этаптан өтіп, ақырғы сұхбаттасуға дейін жетсе де, арнайы комитеттің шешімімен жұмысқа қабылданбай қояды. Келесі жылы басқа да танымал компаниялардан түскен ұсыныстарға қарамастан қайтадан іріктеуден өтуге бел буып, табандылығының арқасында «Google»-ға орналасады. Қазіргі таңда компанияның «YouTube» функциясымен жұмыс істейтін тобында қызмет атқарып жүр.
«Біздің топ «YouTube» әлеуметтік желісіндегі пост және сторис функциясына жауап береді. Қолданушылар тарапынан заңға қайшы немесе тиым салынған контенттерді анықтап, оның желіде таралуына жол бермейміз. «YouTube»-та тек мәтін емес, суреттер мен видеолар да зерделенеді»,- деді ол.
Жиырма бес жасында-ақ үлкен жетістіктерге жеткен жігіт тәжірибесін жетілдіріп, түбі елге қайтқысы келеді. Ол пандемияға дейін жылына 3-4 рет ауылға келіп тұруды міндет санап, атамекенмен байланысын үзбеген.
«Доссорға келген кездерімде оң өзгерістерді байқап жүрмін деп айта алмаймын. Дамыған елдердей болу үшін өзіміз біліміміз бен мәдениетімізді дамыта беру керекпіз. Қазақстанның ауылындағы кез-келген бала ойы озық, көкірегі ояу және мақсаты анық болса шет ел жастарынан асып түсуі өз қолында. Бізден де жақсы инженерлер мен ғалымдар шыға алады»,- дейді алыста жүрсе де туған жері мен қандастарының жағдайына алаң болған Данияр.
Арман қуып АҚШ-қа кеткен ұлды мұхиттың ар жағындағы өмірден қызықтыратыны – демократия мен тұрақтылық. Әңгімелесушіміздің айтуынша, ол жақта қарапайым мұғалім болып та автокөлік ала салу оп-оңай.
«Оқу жүйесінен үйренеріміз көп және жұмысшылардың жағдайы жақсы қарастырылған. Алайда медицинаның қымбаттылығы, салықтың көптігі мен нәсілшілдік біздікілер шүкірлік етердей», - дейді екі елді салыстыра өткен ол.
Иә, біз тілдескен Данияр жат жерліктердің арасында жүрсе де қазақилығын сақтаған ауылдың қарапайым баласы. Оның өз саласында шыққан шыңдары жұрт ауыз толтырып айтқан АҚШ-та да сұранысқа ие маман болу алынбайтын қамал емес екендігінің дәлелі. Әлемнің дамыған елдерінде біліктілігін шыңдаған жастарымыз Отанға оралса ұлт болашағы үшін алаңдамауға негіз бар. Себебі «Жаңа Қазақстанды» құру жолында осындай білімді ұрпақтың қосар үлесі зор.
А.Есжан